ҚҰРБАН АЙТ - 2026: КИІЗ ҮЙДЕ ҰЛТТЫҚ ДӘМ ҰСЫНЫЛЫП, БАЛАЛАРҒА АЙТТЫҚ ТӘТТІЛЕР ТАРАТЫЛДЫ
Алматы қаласында Құрбан айт-2026 жоспары бойынша ұлық мереке күндері мешіттерде киіз үйлер тігіліп, тұрғындарға айттық дәм ұсынылды. Сонымен қатар мерекеге орай балаларға айттық тәтті сыйлықтар үлестірілді.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Құрбан айт мерекесіне ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып, жамағатқа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Айта кетсек, Бас мүфти барша жамағатты ұлттық киімдерімізді киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақышта атап өтуге үндеген болатын. Осы орайда дәстүрге берік алматылықтар ұлық мерекеде белсенділік танытты.
Шаһардың бас имамы жұртшылықты айтпен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында қала мешіттерінде киіз үйлер тігіліп, балаларға айттық тәттілер таратуға атсалысып жатқан мешіт қызметкерлеріне алғысын айтты. Бүлдіршіндер үшін арнайы батут құрылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қаланың бірқатар аудандық мешіттерінде киіз үйлер тігіліп, ақсақалдарға арнайы дастархан жайылды. Мереке алдағы уақытта қайырымдылық шаралармен ұласады. Сондай-ақ мерекелік бағдарламалар айттың үш күнінде де жалғаспақ. Мұсылманның ұлық болған қасиетті Құрбан айт мерекесін балалар қуанышпен қарсы алып, шаттық сыйлаған дін қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.











