ҚҰРБАН АЙТ - 2026: ҰЛТТЫҚ СПОРТТАН САЙЫСТАР ӨТТІ
Алматы мешіттерінде Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.
Таңғы 06:00-де айт намазын оқыған жамағат қаланың бірнеше мешіттерінде ұйымдастырылған ұлттық спорттан спартакиадаларға қатысып, өзара бақ сынасты. Атап айтсақ, Алматы Орталық мешітінде айт намазынан кейін қала әкімдігінің қолдауымен Құрбан айт мерекесіне орай ұлттық ойындардан сайыстар өтті. Соның ішінде қой көтеру, арқан тарту, асық ату, қол күресінен балуандар алдына жан салмады. Спорттық шараға Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы атсалысып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар Алатау ауданы «Бекет ата» мешітінде кір тасын көтеру мен қол күрестен жамағат арасында тартысты сайыс өткізсе, Алмалы ауданы «Төле би» мешітінде арқан тартудан белсенді жамағат қарасы көп болды. Сондай-ақ, Түрксіб, Әуезов, Наурызбай, Жетісу, Медеу, Бостандық аудандарындағы бірқатар мешіттерде ұлттық ойындар жаңғырып, құрбан айт мерекесі қызықты думанға жалғасты. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жоспарға сәйкес қаланың бірқатар мешіттерінде ертең, яғни құрбан айттың екінші күнінде де қызықты бағдарламалар жалғасын табады.



























