ҚҰРБАН АЙТ - 2023: ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАЛДЫ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Құрбан айт күндері қарттар үйіне барып, қарияларды мерекемен құттықтады.
«Шаңырақ әлеуметтік қызмет орталығындағы» қарияларға жылы лебізді ақ тілекпен қоса Бостандық ауданы «Бәйкен» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев пен Түрксіб ауданы «Фирали Ферғанұлы» мешітінің бас имамы Ержан Абдраманов қарияларға Құрбан айттық сыйлық алып барды. Төлеби Дәділұлы қажылық сапарында жүрген ҚМДБ Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қасиетті Меккеден жолдаған ыстық сәлемін жеткізді. Құрбан айттың маңыздылығы мен сауабы мол ұлық мереке жайында сөз қозғап, «Үлкендерді құрмет етпейтін, жастарға мейірім танытпайтын, ғалымдарының қадірін білмейтін менің үмбетімнен емес» деген хадис негізімен қазыналы қарттарға айттық сыйлықтар табыстап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қазыналы ел ақсақал-қариялар мен ақ жаулықты әжелерімізге Алладан денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй тілеп дұға жасады. Өз кезегінде қариялар да мереке күні көңіл бөліп, қуаныш сыйлаған дін қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі