500 АДАМҒА АЙТТЫҚ ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ
Алматы қаласының мешіт жамағатына кәсіпкер жаны жомарт жанашыр азаматтар арнайы айттық дастархан жайды.
Қаланың барлық мешіттерінің жамағаты шақырылған айттық дастархан Құрбан айттық көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 500 адамға арналған айттық дастарханда Медеу ауданы «Әл-Хамид» мешітінің бас имамы Асылхан Аманқұлов Құрбан айттың маңыздылығы мен ұлық мереке болып тойлануы жайлы насихат айтты. «Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат», - деп атап өтті Асылхан имам. Әуезов ауданы «Таугүл» мешітінің бас имамы Ернар Мәжен жамағатқа осындай керемет көңіл-күй сыйлаған жанашыр азаматтарға алғысын білдіріп, көпшілікті Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Жамағат бірігіп ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға оқып, бата жасады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі