ҚҰРБАН АЙТ 2023: ҚАРАСАЙ БАТЫР МЕШІТІНДЕГІ МЕРЕКЕ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген Құрбан айттың үшінші күні Алатау ауданы «Қарасай батыр» мешітінде жұма уағызын жүргізіп, жамағатты және балалар үйінің тәрбиеленушілерін Құрбан айтпен құттықтады.
Жұма намазына жиналған жамағатқа «Мешіт әдебі» тақырыбында уағыз айтқан қаланың бас имамы Төлеби Оспан: «Мұсылман адамның мешіттерді сыйлап, құрметтеуі оның Алла Тағалаға деген құрметін білдіреді. Осыны ескерген әрбір мұсылман мешітті бар ынтасымен жақсы көріп, құрметтеп, ол жерге барғанда мешіт әдебін сақтауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында Алла Тағаланың жер бетіндегі үйлері – мешіттер. Ал Алланың (ақысы) міндеті Өз үйін зиярат етіп келген пендесін құрметтеп жіберу». Имам Табарани жеткізген хадистен мынадай ғибрат алуымыз керек: Мешітке келуші адам Алла Тағаланың қонағы саналады; Мешітті зиярат етуші ол жерді қадірлеп, құрметтегені үшін ақыретте құрметке бөленушілерден болады», - деп атап өтті.
Алатау ауданы «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы Ержан Есім мен мешіттің дін қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мешіт ауласында ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Қалалық №1 Балалар үйінің тәрбиеленушілерін Құрбан айт құрметіне жайылған айттық дастарханға шақырып, мешіт ауласында ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер үшін арнайы батуттар құрып, ойын алаңдары жасақталды. Үлкендерге арнап ұлттық ойындардан сайыстар өткізіп, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне айттық дастархан жайылды.