ҚҰРБАН АЙТ - 2023: АЛМАТЫДА 4123 ОТБАСЫНА 16 984 кг ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІ ТАРАТЫЛДЫ
Алматы жұртшылығы үш күн Құрбан айт мерекесін атап өтті. Қала тұрғындарының мұқтаж 4123 отбасына 16 984 кг астам ет үлестірілді.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы айттың алғашқы күні мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі - Қасиетті Құрбан айтпен барша жамағатты құттықтап, айт намазы оқылды. Зульхижжә айының 10-жұлдызы – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн. «Құрбан айт – мәні терең, ғибраты мол мереке. Тек қана мал сою деген көзқараспен қарауға болмайды. Бұл бай азаматтардың көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға бауырмалдық етіп, жәрдемдесуі. Қоғамда мейірімділік және адамгершілік рухын жаю мерекесі», - деп атап өтті бас имам.
Алматы қаласы өкілдігі бойынша онлайн және офлайн түрінде 2079 ұсақ мал (1963 қой, 116 ешкі), 21 ірі қара (сиыр) құрбандыққа шалынды. Оның ішінде 14 мекемеге, 5 қарилар орталығына және 1 медресеге құрбандық еті таратылып, көмек көрсетілді. Жалпы алғанда Алматы өкілдігінде 4123 отбасына 16 984 кг астам ет үлестірілді.
Алматы қаласындағы мешіттерде Құрбан айтқа қатысты мерекелік шаралар яғни, мерекелік дастархан жайылып, балаларға айттық таратылды. Бүлдіршіндер үшін арнайы батут құрылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қаланың бірқатар аудандық мешіттерінде киіз үйлер тігіліп, ақсақалдарға арнайы дастархан жайылды. Құрбан айттың көтеріңкі көңіл-күйін сыйлау мақсатында балаларға айттық тәтті сыйлар үлестіріліп, мереке қайырымдылық шараларымен ұласты. Айттан айтқа есендік пен саулықта жетуді жазғай!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі