АЙТТЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ 1569 ОТБАСЫНА ЕТ ТАРАТЫЛДЫ
Алматы қаласы бойынша Құрбан айттың алғашқы күнінде онлайн және оффлайн түрінде 14 сиыр, 1401 қой, 32 ешкі малы құрбандыққа шалынып, жалпы 10 820 кг ет таратылды.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының қатысуымен «Құрбан айтта қуаныш сыйла» айдарымен ҚМДБ »Зекет және қайырымдылық қоры» Алматы өкілдігі бойынша жауапты мамандары қайырымдылық шарасын өткізді. «QURBAN2023:KZ» сайты арқылы онлайн тапсырыс берегендер мен тізім бойынша мұқтаж жалпы саны 1596 отбасына және қаладағы ҚМДБ-ға қарасты 6 медресе мен 14 мекемеге құрбандық еттерін таратты. «QURBAN2023:KZ» сайты арқылы қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары, осы сайт арқылы өтінім берген мұқтаж отбасыларына жеткізілді. Сондай-ақ мешіттерде, жеке үйлерде құрбандық шалып, етін мұқтаж жандарға өткіземін деушілерге құрбандық етін қабылдау пункттері қаланың 54 мешітінде де қойылған.
Арнайы мұздатқыштар орнатылып, рефрижератор тасымалдау көліктерімен қамтамасыз етілген. Қала тұрғындары өз үйіне жақын мешіттерге барып, құрбандық еттерін өткізе алады. Бүгін Құрбан айттың екінші күні, құрбандық шалу ертеңгі күннің ақшам уақытына дейін жалғасады. Алла Тағала шалған құрбандықтарыңызды, ниет-дұғаларыңызды қабыл етсін!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі