ҚҰРБАН АЙТ 2023: ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
Алматы Орталық мешітінде шаһар тұрғындары Құрбан айт намазын оқыды.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі - Қасиетті Құрбан айтпен барша жамағатты құттықтады. Зульхижжә айының 10-жұлдызы – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн. «Құрбан айт – мәні терең, ғибраты мол мереке. Тек қана мал сою деген көзқараспен қарауға болмайды. Бұл бай азаматтардың көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға бауырмалдық етіп, жәрдемдесуі. Қоғамда мейірімділік және адамгершілік рухын жаю мерекесі», - деп атап өтті бас имам.
Орталық мешітке жиналған Алматы жамағаты мешіт ауласына лық толды. Ерекше көтеріңкі көңіл-күймен Құрбан айт намазын оқыды. Бас имам Төлеби Дәділұлы ҚМДБ Төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастап қажылық сапарға аттанған қазақстандықтардың қажылықтары қабыл болып, елге дін аман оралуына дұға тілеп, айтқа жиналған жамағатпен бата жасады.
Қаланың бас имамы Төлеби Оспан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізген брифингінде Алматы қаласы бойынша құрбан айт күндеріне арналған іс-шаралар бағдарламасын жариялаған болатын. Аталмыш бағдарламаға сай Орталық мешіт пен қаланың барлық бірқатар аудандық мешіттерінде киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырылып, ақсақалдарға арнайы дастархан жайылуда. Құрбан айттың көтеріңкі көңіл-күйі балаларға айттық тәтті сыйлар үлестіру және қайырымдылық шараларымен ұласпақ. Құрбан айт құтты болсын!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі