Алматы: Қыз-келіншектер арасында «Ясин» сүресін жатқа оқудан жарыс өтті (ФОТО)
Құрбан айт мерекесінің құрметіне орай, Алматы қаласы Орталық мешітінде қыз-келіншектер арасында "Ясин" сүресін жатқа оқудан жарыс өтті.
Жарысты ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Есмахан сөз сөйлеп ашып берді. Наиб мүфти өз сөзінде Алланың сөзі – Құран Кәрімнің қадір-қасиеті, оны оқу мен жаттаудың, ең бастысы, Ұлы Кітапта келген бұйрықтарды мүлтіксіз орындаудың артықшылықтарын айтты. Сонымен қатар, жарыста алматылық Құрансүйер қаракөздерімізге сәттілік тіледі.
Құран байқауына 14 қыз-келіншек қатысып, өзара бақ сынады.
Нәтижесінде, жүлделі І орынды Батырбекова Назерке иемденіп, 50 мың теңге сыйақы алды. Ал, ІІ орынды Толыбаева Мөлдір жеңіп, 30 мың теңгені місе тұтса, ІІІ орынға Ермекказы Амина лайық деп танылып, 20 мың теңгені еншіледі. Қалған барлық қатысушыларға сыйлықтар үлестірілді.