Алматыдағы өзге дін өкілдері мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Алматылық өзге дін өкілдерінің басшылары Алматы Орталық мешітіне арнайы ат басын бұрып, қаланың бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Алланың үйіне бас сұққан өзге дін өкілдерін мешіт имамдары жылы жүзбен қарсы алып, мешітті таныстырды. Олар да өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Содан қонақтар мешіт ауласындағы киіз үйге шақырылып, мерекелік дастарханнан дәм татты.
Түрлі дін өкілдерінің осылай бір шаңырақ астына жиналып, бас қосуларын еліміздегі әртүрлі дін және ұлт өкілдерінің ынтымақ пен бірлігінің жарқын үлгісі деуге болады.