Алматыда Құрбан айт қалай тойланды? (ФОТО+ВИДЕО)
Бүгін, исі мұсылман үмбетінің қасиетті Құрбан айт мерекесі Алматы Орталық мешітінде кең көлемде аталып өтті.
Ала таңнан Алланың үйін бетке алған қала тұрғындары, айт намазынан алдын, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек қари Шоқайдың уағызын тыңдады.
Бас имам өз сөзінде мешіт жамағаты мен қала тұрғындарын күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтап, Құрбан айт мерекесінің дініміз бен салт-дәстүріміздегі орнына, құрбан шалудың шарттары мен сауабына тоқталды.
Содан айт намазы оқылып, артынан қол жайып дұға жасалды. Қалың жұртшылық бір-бірін Құрбан айт мерекесімен құттықтап, мәре-сәре күйге бөленді.
Кезек мешіт ауласында мешіт қонақтары үшін арнайы әзірленген мерекелік шараға ойысты. Ең алдымен,әскери қайраткер Бақытжан Ертаев құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің тыныштығы тұрақты, егемендігі еңселі, іргесі берік болсын деп дұға етті.
Мешіт ауласында тігілген киіз үйде қадірлі қонақтар мен ақсақалдар дастарханнан дәм татып, өздерінің ақ тілектерін арнап, құтты болсын айтты.
Мешіт жамағаты арасында арқан тартыс, кір тасын көтеру, үстел теннисі сынды спорттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.