САУД АРАБИЯСЫНДАҒЫ РАМАЗАН АЙЫНЫҢ БАСТАЛУ КҮНІНЕ ҚАТЫСТЫ ТҮСІНДІРМЕ
Сауд Арабиясы Жоғарғы сотының мәлімдемесіне сәйкес, жаңа айдың орағының көзбен көрінуі расталды. Осыған байланысты Сауд Арабиясы Корольдігінің Жоғарғы соты Рамазан айының 18 ақпанда басталатынын, ал алғашқы тарауих намазы 17 ақпанда оқылатынын жариялады. Бұл ақпарат еліміз мұсылмандары арасында кең талқылауға себеп болды.
Құрметті жамағат!
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Жаңа) айды көріп ораза ұстаңдар, және (жаңа) айды көріп ауыз ашыңдар. Ал егер ол (бұлттылықтың себебімен) сендерге көрінбесе, онда одан алдынғы айды отыз күнмен аяқтаңдар» , – деген.
Жаңа туған айдың көзбен көрінуі үшін төмендегі төрт негізгі шарттың барлығы қатар орындалуы тиіс:
1) Ай мен күннің бір сызық бойына келуінен кейін олардың арасындағы бұрыштық қашықтық кемінде 8° болуы керек;
2) Күн батқан сәтте Айдың көкжиектен биіктігі кемінде 5° болуы қажет;
3) Егер жаңа туған айды көру жүзеге асса, Күн мен айдың бір сызықта болуы Жер шарының ең шығыс нүктесінде таң намазынан бұрын болуы тиіс;
4) Жаңа қамари айдың басталуы үшін жаңа туған айдың Солтүстік немесе Оңтүстік Америка құрлықтарының негізгі аумағында көрінуі қажет.
Осы шариғи қағидалар мен сенімді астрономиялық есептерге сүйене отырып, алдын баяндағанымыздай 2026 жылы Рамазан айы 19-ақпанда, Ораза айт мерекесі 20-наурызда басталады.
Ханафиттік фиқһ бойынша Рамазан айының басталуы өзге елдегі бақылауға автоматты түрде байланбайды. Әр мемлекет айдың көріну мүмкіндігін, астрономиялық есептерді, растау әдістерін және аймақтық бірыңғай күнтізбе қағидаларын ескере отырып, өздерінің ресми діни органдарының шешіміне сүйенеді.
Бір елде жаңа айдың көрінуі туралы хабар басқа мемлекеттерді міндеттемейді, өйткені классикалық фиқһта көкжиек айырмашылығы ұғымы бар. Сондықтан Сауд Арабиясында ай бұрын расталса да, басқа елдер Рамазанның басталуын өзге күнге белгілеуге құқылы.
Демек, жаңа айдың орағын көру белгілі бір елмен шектелмейді. Негізгі қағида - географиялық дереккөз емес, растаудың дұрыстығы мен сенімділігі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімі ТМҰ Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесінің қорытындылары мен ғылыми зерттеулер нәтижелерін ескере отырып қабылданды. Бұл аймақ ішінде діни амалдардың бірізділігін сақтау және көршілес өңірлерде Рамазанның әртүрлі күндерде басталуын болдырмау мақсатында жасалды. Шариғат тұрғысынан мұндай реттеу тетігі рұқсат етілген.
Сондай-ақ 19 ақпаннан бастап Рамазан айының басталатынын Мысыр, Түркия, Иордания, Малайзия, Жапония, Индонезия, Бруней, Тайланд, Сингапур, Сирия, Оман, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және басқа да көптеген әлем елдері жариялады.