СӘЛӘФИЗМ САНАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Сәләфизм идеясының қалыптасуы Ханбалилік мәзһабының белгілі өкілі әрі қорғаушысы Тақиуддин ибн Таймияның қызметімен тікелей байланысты. Ол өз заманында кертартпа діни көзқарастарды жүйелі теориялық қағидаға айналдырған алғашқы тұлғалардың бірі ретінде танылды. Ибн Таймия сәләфизмді кәләм, философия және сопылық сияқты исламдық ғылымдардың негізгі ағымдарына қарсы тұратын ерекше бағыт ретінде дамытты.
Сәләфизмнің бастапқы кезеңіндегі жақтаушылары бұл көзқарасты жүйелі түрде теориялық негізге айналдырмаса да, әртүрлі келіспеушілік мәселелеріне қарсы сын жазумен айналысты. Ал Ибн Таймия крес жорықтары мен моңғол шапқыншылығы кезінде мұсылмандардың рухын көтеру үшін Құран мен сүннетке берік сүйену қажет екенін ерекше атап өтті. Ол дінді түсіндіру барысында ақылдың қателікке ұрындыруы мүмкін екенін алға тартты.
Ибн Таймияның пайымдауынша, сәләфизм бағытында діннің негізгі қағидаларын түсіндіруде ақылға емес, Құран мен сүннетке (нақылға) жүгіну керек. Ол пайғамбар сүннетін ұстанып, Алла туралы ақылға негізделген пікір айтудан бас тартуды, сондай-ақ сахабалар мен табииндердің жолын ұстануды ұсынды. Сонымен қатар, грек ғалымдарының философиялық көзқарастарынан және кәләм ғылымынан аулақ болу арқылы ақиқатқа жетуге болады деп есептеді. Ибн Таймия мен оның ізбасарлары ислам тарихында "мүтәахирин" (кейінгі сәләфилер) деп аталды.
Ибн Таймияның шәкірттері арасында Ибн Қайм әл-Жәузи (ө. 751/1350), Ибн Рәжәб (ө. 795/1392), Әладдин Әли ибн Сүлеймен әл-Мәрдәуи (ө. 885/1480), Шәрәфуддин Мұса ибн Ахмед әл-Хажжауи (ө. 968/1560), Мансұр ибн Юнус әл-Бәути (ө. 1051/1641) сияқты белгілі ғалымдар бар.
Сәләфизмнің жүйелі қағида ретінде қалыптасқан бұл кезеңі Ханбалилік мәзһабының тарихында маңызды рөл атқарды және Мұхаммед ибн Абдулуахабтың қызметі арқылы жаңа дәуірлік сәләфилік көзқарастың қалыптасуына негіз болды.
"Бекет ата" мешітінің наиб имамы
Нұрсұлтан Маметбай