ЖАТ ДІНИ АҒЫМ ҰСТАНЫМДАРЫ
XXғ. 90-ж. басында Қазақстанда саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алу барысында елімізге өз мүдделерін көздеген жат діни ағым өкілдері астарлап ене бастады. Ол еліміздің рухани деңгейіне кері әсерін берді деп толықтай айта аламыз. Жаңадан Тәуелсіздік алған ел ішінде жат әрі деструктивті діни ағымдар, әсіресе жастар арасында жылдам тарап, олардың теріс ілімдеріне ергендер зайырлы және ұлттық құндылықтарды жоққа шығара бастады.
Жалпы, деструктивті діни ағым дегеніміз – бұл ізбасарларының санасы мен еркіне толық бақылау орнатуға тырасатын деструктивті діни немесе жалған діни ұйым болып есептеледі.
Деструктивті ағымдардың негізгі қауіптілігі - олар адамның сеніміне толық ие болуы, адамдарды қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулауында және көшбасшыларына сөзсіз бағынуында. Мұндай ұйымдар жеке адамның рухани, психикалық және физикалық жай-күйі үшін өте қауіпті. Олар мемлекеттік стандарттар мен нормаларға, сондай-ақ дәстүрлі дінге қарсы шығып, оны мойындаудан бас тартады.
Бұдан басқа, қоғамға қауіпті деструктивті ағымдарда жасырын психологиялық зорлық-зомбылық пайдаланылады. Олар жеке тұлғаға әсер етудің түрлі әдістерін қолдана отырып, өз ізбасарларын отбасынан, қоғамнан, елдің мәдени және қоғамдық өмірінен бөлуге тырысады. Олар тарихи дәстүрлер мен дәстүрлі діндердің заңдылығын жоққа шығарып қана қоймай, өмір салты мен әдет-ғұрыптарды елемей, азаматтардың физикалық және психологиялық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Тәжірибе көрсеткендей, деструктивті идеологияның көптеген ізбасарларының мінездері ұқсас болып келеді. Олар агрессивті, пассивті әрі қарым-қатынаста өзін шектеп, көпшілік ортадан жасырын жүруге тырысады. Сондықтан деструктивті ағымдар қатарына енген адамдардың мінез-құлқы, ойлауы мен өмір салты мүлде өзгеше, өмірлік қағидаттары мен ережелері мүлде басқаша. ДДА өкілдері:
Олар өз жақтастарының өзгелермен яғни қоршаған ортамен араласуына тыйым салып, жақтастарын бұрын араласқан не әсер етуі мүмкін ортасынан оқшаулайды, яғни, ата-анасынан, достарынан, туыстарынан және т.б.;
Сонымен қатар, ДДА өкілдері Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жоққа шығарады (оның ішінде Наурыз мерекесін, бет ашар, сәлем салу және басқа да ұлттық салт-дәстүрлерді мойындамайды, өлілерге Құран бағыштау, жетілік, жылдық асын беру, бейіт басына барып зиярат ету және т.б.);
Зайырлы мемлекеттерге, зайырлы өмір салтына, мәдениет пен өнердің қазіргі заманғы түрлеріне (музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б.) агрессивтілік танытады;
Заңнамада белгіленген кейбір міндеттерді орындаудан бас тартады (әскерде қызмет ету, міндетті орта білім алу және т.б.);
Қазақстан мұсылмандарының көпшілігі ұстанатын Ханафи мазхабын мойындамайды, басқа дін өкілдеріне және ешқандай дінге сенбейтін адамдарды шектеп, айыптап, оларға құрметсіздік танытады;
Деструктивті ағымдар мемлекеттік тәртіптің негіздерін бұзады және осының негізінде елде дүрбелең туғызады;
Көп адамдар психологиялық тұрғыдан әлеуметтік дәрменсіздік пен негативті эмоциялардан арылудың жолын іздеудің нәтижесінде осындай деструктивті діни ағымдарға тап болады. Әдетте ДДА ұстанушылары күрделі өмірлік жағдайларды пайдаланып, өз мақсаттарына жету үшін жаңа келген адамдарға материалдық көмек көрсетеді, оларға шет тілдерін үйретеді, өзіне және оның туыстары мен жақын отбасы мүшелеріне жұмыс табуға немесе үйсіздерге уақытша баспана алуға көмектеседі. Осылай ДДА ұстанушылары сенімге кіріп, жақсы қарым-қатынас құру арқылы адамның құндылықтары мен сенімінің жүйесін жалпы көзқарасын өзгерте бастайды. Сондықтан, деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды оңалту барысында ең алдымен психологиясына, тұлғалық ерекшеліктері мен рухани дүниетанымына көңіл бөлген жөн.
Егер сіз өзіңізді қызықтырған діни ұйымнан осындай белгілерді тапқан болсаңыз, тіпті ресми түрде тыйым салынбаған болса да олардың қатарына кірмеңіз. Себебі, қандай да бір діни ұйымға кірмес бұрын, оның экстремистік немесе деструктивті екенін зерттеу қажет. Бүгінде деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері туралы, қандай діни идеяларды пайдаланатынын және белсенді террористік ұйымдар туралы ақпаратты білу өте маңызды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 22 террористік ұйымдардың қатарына тыйым салынған. Олардың көпшілігі діни, басым көпшілігі ислам атын жамылған лаңкестік ұйымдар. Бүгінде ДДА ұстанушылары адамдардың санасына психологиялық әсер етудің тиімді жолы ретінде ақпараттарды заманауи технологиялар, яғни интернет кеңістігі, әлеуметтік желілер арқылы таратып, заман талабына сәйкестендіріп өз мақсаттарын жүзеге асыруда.
Қазақстанда діни ахуалдың ерекшелігі де, оның үздіксіз жаңарып отыруында. Діннің таралуы әр қоғамда әртүрлі болады. Сондықтан да, бұл мәселені әлі де толассыз зерттеп, ДДА идеологияларымен күресуде тиімді жұмыс әдіс-тәсілдерін ұсыну керек. Еліміздегі кез-келген рухани және діни құндылықтар елдің гүлденуі мен барлық саланың дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етуі тиіс.
Біз осындай саумалаған жат әрекеттерден сақтанып, олармен күресте қабілетті болуымыз үшін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық мәдениетімізді, дәстүрлерімізді сақтауға тиіспіз. Бәсекеге қабілеті, білімді, сауатты, өз еліне жанашыр, ісіне адал, көкірегінде мақтаныш сезімі ұялаған Отанның патриоттарын тәрбиелеп өсіруіміз қажет!
«Әбу Бакр» мешітінің найб имамы
А.Қойшыбаев