НЕКЕГЕ ЖЕҢІЛ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ
Ислам – ақылы жетіп жасы толған, мал-қаражаты көтеретін ер жігітті де, қыз баланы да шаңырақ көтеріп, отау құруға шақыратын дін. Ақ ниетті адал некемен жанұя құру ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) немесе одан әрідегі Ибраһим бабамыздан ғана емес, адам атаулының ең алғашқысы Адам атамыздан бастау алған қасиетті үрдіс.
Бұл жазбамыз бүгінгі таңда отбасының қадірін білмей, болмашы себептерге бола ажырасуды ойлап жүрген немесе жасы толса да, ақ некемен үйленуге тиісті көңіл бөлмей жүрген бауырларымызға арналады.
Негізінде, тек адамдардың емес, дүниедегі әрбір жаратылыстың жұп болып жаралуының сан алуан хикметтері мен сырлары қасиетті Құранның көптеген аяттарында ап-анық баян етілген: «Көкті, Жерді жаратушы; Ол сендердің өздеріңнен жұп жасады және хайуандарды да жұп-жұп қылды» («Аш-шура» сүресі, 11-аят).
Сондай-ақ «Рум» сүресінің 21-аятында: «Оларға бойларың тұрақтап, көңілдерің байыз табуы үшін сендерге өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік салуы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар», - делінген.
Сондықтан болса керек, сүйікті Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанұялық тіршілікке ерекше көңіл бөлген және адал некелі жандармен ғана бірге өмір сүруге шақырған.
Осыған қатысты хадистерінің бірінде: «Неке – менің сүннетім, Кім менің сүннетіммен жүрмесе, ол менен емес. Үйленіңдер, өйткені мен өзге үмбеттер алдында сендердің көптіктеріңмен мақтанатын боламын. Кімнің мүмкіндігі болып жатса, үйленсін, ал жағдайы жоқтар ораза ұстасын. Себебі, ораза (нәпсі қалауларына қарсы) қалқан болады» деген. (Ибн Мәжа, 1).
Бұл айтылғандар мұсылман атаулыға азаматтық неке немесе бейсауыт, жеңіл жүріс түрлері түбегейлі жат екенін көрсетеді. Кімде -кім Алла алдында адал неке қидыруға мән бермей, үйлену дегенді ер мен әйелдің бір үйде өмір сүруі деп түсінетін болса, ол өте қатты қателеседі. Некеге тұрған еркек пен әйелдің әрбірінің көксегені жұбының қасында отбасылық бақытқа қауышу және артында салиқалы ұрпақ қалдыру болса, ондай мекеннің қасиетті пейіш-жұмақтан несі кем? Міне, осыны жастарға Абай былайша өлеңдеткен:
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, райыс үстіндегі үй.
Үйленудің ең түпкі мән-мағынасына дәл мұсылман дініндегі секілді терең үңілетін ешбір қауым да, сенім де жоқ. Ислам дінінде ер адамның отбасылық шаруасын өз перзенттеріне тәлімгер болатын иманды жар таңдаудан бастауы, ақ некелері қиылған күннен бастап болашақ ұрпағының салмақты, салиқалы болуын тілеп дұға етуі, әйел кісінің де құрсағына бала көтеруден бұрын, жүктілік кезінде, босанар шақта, дүниеге перзент әкелгеннен соң бір қатар міндеттерге көңіл бөлуі - отбасын құру қаншалықты маңызды іс екенін білдіреді. Иә, отбасы дайындықсыз, мақсатсыз немесе тек қана нәпсі құмарлығын тарқату үшін негізсіз, тәртіпсіз құрыла салатын жеңіл жұмыс емес. Осы ретте әйгілі Қазыбек бидің мына бір сөзі хикмет пен даналыққа толы екендігі сөзсіз:
Туған балаң жақсы болса – Тән мен жанның шырағы емес пе?!
Мінген атың жақсы болса – Бұл дүниенің пырағы емес пе?!
Алған жарың жақсы болса – Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе?!
Үйленгеннен кейін ары қарай отбасын сақтау да үлкен бір өнер. Тәкаппарлық отбасын күйрететін нәрселердің бірі. Мейлі ол ер адамда болсын, мейлі әйел адамда. Отбасын күйретудің бірінші қадамы осы тәкаппарлықтан басталады. Күйеуінікі дұрыс деп әйел қоймаса, әйелімдікі жөн деп күйеу басылмаса, онда кикілжіңнің басы осындайдан туады деп анық айта аламыз. Тек менікі дұрыс деген түсініктен аулақ болу керек. Ал, егер солай кете беретін болса, мәселе ушығып, бір отбасы ойран болады.
Орынсыз қызғаныштың ажырасуға дейін апарып жатқаны байқалады. «Неге кеш келдің? Қайда болдың? Қайда барып келдің?» деген секілді орынсыз сұрақтар қойып, орынсыз қызғанатындар бар. Ер азамат өзінің әйелін қызғануы керек. Қызғанбаған еркекті хадисте айтылғандай дәйіс дейді. Дәйіс деп жұмақтың иісін де иіскемейтін адамды айтады. Бірақ, ол дегеніміз орынсыз төмпештей беру деген сөз емес. Оған дұрыс қарау керек.
Ерлі-зайыптылар үйленген күннен бастап ұрпақ қамына кіріседі. Сол күннен бастап әкенің беліндегі, ананың жатырындағы сәбидің тәрбиесі басталады. Сол кезден олар сөйлейтін, еститін сөзіне, ішіп-жейтін асына, аяғы басқан жерге, қолының ұстаған жеріне, жалпы әрбір іс-әрекетіне, мұқият мән бермесе болмайды. Себебі, ол кезең баланың алғашқы қалыптасу кезеңі болып табылады. Ертең ұрпағы ізгілерден болсын десе, еліне, жеріне пайдалы азамат болып өссін десе, өзіне өзі дұрыс қарау керек. Бұрынғы бойдақ кездегі жеңіл мінезді қою керек. Жауапкершілікті салмақты түрде сезіну қажет. Міне, сол кезде дұрыс отбасы қалыптасады.
Жаңа үйленген жас жұбайларға айтар кеңесіміз, адал некемен шаңырақ көтерген еркек пен әйел Алланың заңдарына бойұсынып, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салып кеткен сара жолмен жүретін болса, олардың мына дүниедегі жанұясы да бақытқа, берекеге, тыныштыққа, жылылыққа толып тұрады.
Мына дүниенің арғы жағында мәңгілік өмірде де осы бақыт ұясы жалғасатын болады. Сондықтан неке тек мына дүние үшін ғана емес, мәңгілікке бір-ақ қиылады. Ендеше, некеге жеңіл қарауға болмайды, құрметті бауырлар!
Руслан Елемесов
«Байкен» мешітінің наиб имамы