Отбасы - өмір аясы
Отбасылық өмір адам баласының тығыз ара-қатынасының бір көрінісі. Тіпті, ең берік қарым-қатынас түрі десе де болады. Қарым-қатынастың бұл түрі белгілі тәртіп пен ережеге тәуелді. Асқан шеберлік, сүйіспеншілік және құрбандықты талап етеді. Шаңырақ астындағы талаптарға салғырттық таныту ерлі-зайыптардың арасы суып, үйленгенге дейінгі жылы үміт пен армандардың көзден бұл-бұл ұшуына әкеліп соғады.
Сондықтан, отбасылық өмір жайбарақат жағдайда адамның аяғына тұсаулаған құрсаудай қалыпқа енуінен ауыр нәрсе жоқ. Оның салдарынан ажырасу, немесе жұбайлардың қиянатымен аяқталады. Өкінішке орай, ажырасу көрсеткіші қоғамда өршіп тұр. Дегенмен, жұбайлық өмірде қатынасты сақтап, ұйыған отбасын ұстап тұру әбден мүмкін. Ол үшін төмендегі жайттарға мән беру қажет.
1. Өзін күйеуінен артық санайтын паң және өзін сүйетін әйелге үйленбеу. Мұндай неке ерлі-зайыптылардың өмірін бақытсыздыққа алып барады. Тығырыққа тірелген ер азамат жағдайға көндігіп, бас июге мәжбүр болуы ықтимал. Әйтпесе, әйелін жауапкершілікке шақыруы мүмкін. Алайда, әйелі жолдасын өзінен төмен деп білгендіктен бұл шешім жүзеге аспайды. Бұл мәселені шешпейді. Керісінше, өршіте түседі.
2. Жұмсақтық пен байқамағансу. Пайдасы мол аталмыш тәсіл ара-қатынасты күшейтпесе, әлсіретпейді. Адам баласының мінсізі жоқ. Ерлі-зайыптылар бір-бірінен асқан кемелдікті іздеуі дұрыс емес. Қала берсе, ондай адам табу мүмкін де емес. Сол себепті де, өмірлік жұбының ұнамды жағын ерекше бағалап, жақтырмайтын мінезі мен қылығына белгілі дәжереде көз жұма қарау қажет. Имам Ахмед: «Амандықтың оннан тоғызы байқамағансуда» - деп, жұбын құрметтеп әрі мағынасыз талас-тартыстан аулақ болу үшін біле тұра көз жұмып қарауды айтқан. Сонымен бірге, «Көп міншілдік, сүйіктілерді ажыратады» деген нақыл да бұл сөзді растай түседі.
3. Көбірек бірге уақыт өткізу. Ерлі-зайыптылардың дастарқан басынан бастап, бірге ойын-сауық және көңіл көтеру сияқты уақытты мейлінше бірге өткізудің пайдасы мол. Жұбайлық өмір арадағы сезімді жаңалауға және қуаттап тұруға мұқтаж. Аз уақытқа болса да алыстау, арадағы сезімге сызат түсіреді. Бұл жаман ойлардың отына тамызық. Ол үшін екеуі бір-бірінің жүрек түкпіріндегі ойын білуі, бір-бірінің көңіліндегі сезімге ортақ болуы қажет.
4. Жылы шырайлық. Жүздегі күлкі мен көтеріңкі көңілдің өмірлік жолдасқа сиқырлы әсері бар. Адамның ішкі пейілін аңғартатын күлімсіреудің ерлі-зайыптылардың күнделікті ауыртпалықтарын жеңілдетіп жіберетін қасиеті бар. Жылы шырай аспаннан жіберілген нығмет, ерлі-зайыптылық өмірдің бақыт кілті.
5. Екі жарты бір бүтін. Болмысы бөлек екі адам, екі түрлі ортадан шыққан жандар шаңырақ көтереді. Әйел - жолдасының қымбат деп санаған сезімін құрметтеуі тағы бар. Әйтпеген жағдайда отбасылық өмірдің берекеті жоғалады. Салдары - әрқайсысы өз қара басының бақытын ғана ойлай бастайды. Отбасылық өмірдің ауыртпалығын жолдасына салмақ етіп, ортақ мүдде үшін емес өзімшілдік мүддені ойлаумен болады. Әрине, мұндайда ерлі-зайыптылар арасында сүйіспеншілік те, құрмет те қалмайды.
6. Жауапкершілік. Ер кісінің әйеліне шектен тыс міндет арқалатуы үлгілі қарым-қатынасқа қайшы. Ер кісі орта жолды ұстанғаны жөн. Қала берсе, маңызды мұратқа қол жеткізу үшін кейбір өз құқығын кешіруі де қажет.
Құран Кәрімде: «...Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақылары бар. Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық...1»
Ибн Аббас (р.а.) «Аяттағы «Ерлердің дәрежесі» – оларды әйелдеріне қаражат беруде және жақсы мінезбен мәміле жасауға ынталандырады. Өйткені, ең абзал адам ғана негізгі жауапкершілікті өз иығына алады»,- дейді. Сол сияқты, әйел де көрші және ағайын әйелдерді салыстыратын шағымшыл емес, күйеуінің сүйспеншілігі мен сеніміне ие болуы қажет.
7. Әйел табиғатын түсіну. Ең үлкен қателердің бірі - ер кісі әйеліне өзі сияқты ер азаматтай мәміле жасауында. Әйел мәселеге ер кісі сияқты қарамайды. Ер кісі мәселенің негізгі тұсына мән берсе, әйел адам оған егжей-тегжей зер салады. Әрі ерекше мән береді. Сондықтан да, мәселені түйіндетпей екі жаққа да тиімді тұсын табу маңызды.
8. Әйел мен қисын. Әйел үнемі қисынмен әрекет етуді жөн деп білмейді. Көп жағдайда әйелдің сезімі ақылынан басым түсіп отырады. Әйел өзінің айтқан әр сөзіне жіті қарайды. Өзінің құбылмалы мінезіне күйеуінің көз жұмып қарағанын қалайды. Сонымен бірге, еркелігіне және күйеуінің түсінігі бойынша аса маңызды емес болған өтініштеріне қабақ шытқанын қаламайды.
9. Мінездің құбылуы. Ерлі-зайыптылардың арасы суып кетуіне әйел ғана себепкер емес. Әйелге мінез-құлқы мен көңіл-күйіне бала туу мен тәрбиесі, гармондардың артуы мен азаюы сияқты жайттар қатты әсер етеді. Мұндайды ер кісі жақсы білуі қажет. Еркектің де жұмыстағы қиыншылықтары отбасының жылуына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, ерлі-зайыптылар жұбының кейбір оқыс мінезіне түсіністікпен қарауы қажет.
10. Қызғаныш. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің ақыл шеңберіне сиятын қызғанышына түсіністікпен қала берсе құрметпен қарауы керек. Алайда, қызғаныш күдік, жұбын тізгіндеу және болмашы нәрсе үшін де есеп алу сияқты келеңсіздікке алып бармауы тиіс.
11. Ақылдасу мен кеңесуі. Ерлі-зайыптылар қажет болған жағдайда ақылдасуы керек. Бұл азаматтыққа сын, беделден айырылу деген сөз емес. Сіздің: «Маңызды бір шаруада сенің ойыңды білгім келіп еді»,-деген сөз жұбайыңыздың жанына ерекше әсер етеді. Оның сіз үшін маңызы зор екенін білу – әйелдің қалауы.
12. Ата-ана. Бір-бірінің әке-шешесі мен туған-туыстарына қатысты сезімдерін құрметтеу. Ата-ана жайлы жаман сөз айтпау. Әйтпесе, ерлі-зайыптылардың арасына жек көру сезімін ұялатады. Қаншама ер кісілер әйелінің көзінше әке-шешесі жайлы жөнсіз сөздер айтып жатады. Алайда, әркімге ата-анадан ардақты жан жоқ. Бұл сөздер жүректі жаралап, отбасылық өмірдің бақыт шырағын сөндіреді.
Ерлі-зайыптылар бір-біріне «Менің әке-шешемді жақсы көр» деп мәжбүрлей алмайды. Жүректегі сезім Жаратушының иелігінде. Алайда, ар-намысын құрметтеу, сыйлауға міндетті.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі
Жидебай Гүлзира