ДЕСТРУКТИВТІ АҒЫМ ӨКІЛДЕРІНІҢ АЛҒАШҚЫ БЕЛГІЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДАН САҚ БОЛУ ЖОЛДАРЫ
Деструктивті діни ағымдар деп – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, негізсіз терістейтін, жоққа шығаратын, прозелетизмді насиқаттайтын, дін атына сай емес мұрат-мақсаттарда іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын деноминацияларды айтамыз.
Қазіргі таңда деструктивті діни ағымдардың таралуы дүниежүзінде ортақ өзекті мәселеге айналды. Әлем бойынша соңғы он жылдықта деструктивті діни ағымды ұстанушы адамдардың саны артуда. Ол тек діни – психологиялық мәселе емес, әлеуметтік және саяси мәселелерге айналғаны белгілі.
Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Деструктивті діни ағымдардың таралуы халықтың діни сауаттылығының төмендігі, қазақстандық азаматтардың шетелде бақылаусыз діни білім алуы сияқты факторлардың әсерінен кең етек жайып кетті. Соның арқасында халық арасында радикалды идеологияның енуіне қолайлы жағдай туғызған негізгі себептер болды.
Деструктивті ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, отбасылық құндылықтарға, адам денсаулығына қатер төндіреді.
Деструктивті ағым өкілдерінің белгілеріне келсек, кеше олардың сырт бейнесіне қарап ажырататын болса, бүгінде оларды тек киім кию үлгісіне қарап анықтау деген жоқ. Менің пайымдауымша, олардың бейнесі көпшіліктен оқшаулануы, имам немесе теологпен кездесу ұйымдастырылса өз ой-пікірін айтпай бүгіп қалуы, ұстанымдары көбінесе жаттанды сөздерге құрылған деп ажыратуға болады. Ал, шынайы асыл дін құндылығын жоғары қоятын азаматтар ұстаздан өзін мазалаған сауалдарын қойып, қызығушылық таныта бастайды. Оларда дінге деген ықылас пен ынта байқалып тұрады.
Жат ағымдар қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін жоққа шығарады.
Кез келген мемлекеттік мерекелерді атап өту, ұлыстың ұлы күнін тойлау, беташар, сәлем салу, сондай-ақ ата-баба әруақтарына құран бағыштау секілді салттарымызды мойындамайды.
Зайырлы мемлекетке және зайырлы өмір сүру салттарына барынша қарсылық танытады.
Мемлекеттік рәміздерді және түрлі мерекелерді құрметтемейді.
Қазақстандағы көпшілік ұстанатын Ханафи мәзһабын жоққа шығарады.
Орта Азияда және мұсылман әлемінің басқа аймақтарында орныққан діни мектептерді ешқашан құптамайды.
Дәстүрлі исламды ұстанған мұсылмандарды күпірлік жасайды деп айыптайды. Өзге де дәстүрлі діндердің өкілдері мен дін ұстанбайтын адамдарға түсіністікпен қарай алмайды.
Замануи мәдениет пен музыка, балет, бейнелеу секілді және басқа да өнер түрлеріне өшпенділік танытады.
Олар әскерде қызмет ету, орта білім алу секілді мемлекет бекіткен міндеттерден бас тартады.
Медициналық ем-шаралардың: қан құю, вакцинация, ағза мүшелерін трансплантациялау, т.б. түрлеріне түбегейлі қарсы шығады.
Білім мекемелерінде биология, дене шынықтыру, ән-күй, сурет салу сияқты пәндерге қатыспауға шақырады.
Деструктивті жат ағымдардың негізгі белгілері осылар. Біз осылай көрсеткенімізбен, олар өздерін біз сияқты бағаламайды. Керісінше, олар өз діндеріне, өз ілімдеріне сенімді және оны берік түрде насихаттайды.
Деструктивті діни ағымдар негізінен материалдық тұрғыда шегіне жеткен, бірақ рухани тұрғыдан әлсіреген қоғамынан шығуда. Олардың пайда болу шарттары да күрделі. Материалдық жағынан дамыған қоғамның әсіресе студент жастар, зиялы қауым өкілдері мен өнер жұлдыздары және қарапайым көпшілік арасында теріс діни ағымдардың жаппай таралуына және етек алуына қоғамдағы әлеуметтік психологиялық мәселелер де әсер етті. Күнделікті өмірлерінен мезі болған олар, бақытты материалдық құндылықтардан емес, керісінше рухани құндылықтардан іздейді.
Қазіргі таңда жастарды деструктивті діни ағымдардан сақтандыру басты міндет болып отыр. Осыған орай деструктивті діни ағымдардан сақтану мақсатында бірнеше жолдарын ұсынғанды жөн көрдім:
Біріншіден жастарымыз діни сауатын дұрыс бағытта арттырғаны жөн.
Екіншіден діни тұрғыдан қарым-қатынас жасаған адаммен ішкі дүниеңі назарға алып, бақылауды арттырып: «Не үшін маған оны айтып жатсыз?» «Сізге бұл не үшін керек»?-деген сұрақтармен нақтылаған дұрыс.
Үшіншіден Оның қойған сауалдары мен жіберген фото, бейне-аудио жазбаларына сыни көзбен қарап, сараптама жасап барып жауап беру.
Төртіншіден Сізге жанашырлық танытып, көмек қолын созуы да мүмкін. Бұл сізді құрыққа түсіруге жасалған алғашқы қадам екенін ұмытпау керек.
Бесіншіден бейтаныс адамдарға сырыңызды айтудан сақтану қажет.
Алтыншыдан өмірдегі мақсатыңызды тауып, оған жету жолын ойлан дұрыс. Сонда ғана ешбір ағым, әр түрлі ойлар сізді тура жолыңыздан тайдыра алмайды.
Қорытындылай келе, деструктивті діни ағымдардың алдын алу үшін жастарға ғасырлаған тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді әрбір шаңырақ отбасында насихаттауы қажет. Бойына рухани құндылықты сіңірген өскелең ұрпақ кез келген діни ағымның құрған тұзағына түспесі анық.
Әуезов аудандық
«Ақсай» мешітінің наиб имамы
Ермаханов Кенжебай