БІЛІКТІ ИМАМ - ҚОҒАМ АЙНАСЫ
Осы дүниеде барлық адамдарды, ахыретте тек қана иман келтіргендерді мейіріміне бөлейтін Алланың атымен бастаймын. Ең көркем мақтаулар ешқандай серігі болмаған Алла Тағалаға тән. Адамзатқа Раббысының разылығына жетелейтін тура жолды көрсетіп кеткен Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптен-көп салауаттар мен сәлемдер болсын. Хақ діннің сақталуына және әлемге жайылуына өмірлерін және дүние мүліктерін сарып қылған сахабаларға Алла Тағала разы болсын. Бізге дініміздің дұрыс сенімін, шариғатын адал жеткізген ғұламаларды Алла Тағала рахметіне бөлесін.
Алла Тағала Өз мейірімділігімен біздің елімізге тәуелсіздікті берді. Түсіне білген адамға бұл Алла Тағаланың біздің елге берген ең үлкен нығметтерінің бірі болып табылады. Ежелден қазақ халқы ислам дінін ұстанып, көптеген ғұламалар мен елін жау қолына бермеген, туған отанына адал қаншама баһадүр батырларды және осындай батырларды дүниеге әкелген абыройлы, пәк аналарымызды тәрбиелеп шығарды. Құран мен сүннетте қош көрілген амалдарды дана ата-бабаларымыз елдің салт-дәстүріне айналдырды да, ал жек көрілген амалдардан елді тұтастай тыйды. Сөзге шешен билеріміз Құран мен сүннетке негізделе отырып, халыққа үгіт-насихатты көркем түрде мақал-мәтелдермен жеткізе отырып, рухы биік, санасы таза «Қазақ» деген ұлтты қалыптастырды. Бір дін, бір мазһабпен ата-бабаларымыз осындай кең байтақ жер мен бүкіл елдің тыныштығын сақтап, Алла Тағаланың берген аманаты ретінде келесі ұрпаққа тапсырып кетті. Қаншама ғасырлар бойы ұстанған ислам діні қазақ жерінде тамыры тереңге кеткен, бүкіл қазақ жерін өзінің көлеңкесіне алып, жемісін берген ағаш тәрізді берік болды. Еліміз тәуелсіздікке қайта қол жеткізген күннен бастап Ислам діні күннен-күнге қайта көгеріп, қазақ жерін көлеңкесіне алып, еліне жемісін беруде. Қазірге таңда еліміздегі бүкіл мешіттерімізге жамағат, әсіресе жастар қауымы ағыла келуде. Өйткені «қазақ» деген ұлт пен ислам діні бір-біріне сан ғасырлар бойы біте қайнасып, тұтастай бір ұғымға айналған. Сондықтан қазақ халқының қанына сіңіп, санасына орныққан Ислам дінінен басқа өзге дінді қазақ халқы керек тұтпайды, әрі өзге дінді қабылдамайды да. Сондықтан да кешегі өткен дінсіз Кеңес одағы дін ғалымдарын жойғанменен, қазақтың салт-дәстүрін жоя алмады. Осы салт-дәстүріміз бастан өткен сол ауыр кезеңде қазақ жерінде ислам дінін сақтап қалды. Осындай Құран мен сүннетті халықтың салт-дәстүріне енгізген дінді өте жақсы түсінген дана ата-бабаларымызды Алла Тағала рахметіне бөлесін! Қазақ халқы осы салт-дәстүріміз арқылы Ислам дінін сақтап қалды. Сондықтан да әрбір қазақ мұсылман болып табылады. Осы себепті қазіргі жастарымыздың жүрегіндегі сенімі оларды мешіттерімізге жетелеуде. Кешегі Кеңес одағының кезінде біраз діни білім тоқтап қалған болатын. Қазіргі таңда еліміз Аллаға шүкір, қазақ халқы ислам дініміздің әлемінде мойындалған, әйгілі тәбиғин, әрі мүждәһид ғұлама Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит әл-Куфи негізін салған, ханафи мазһабының салған жолын ұстанады.
Бүгінігі мақаламызда орын алайын деп отырған тақырыбыз елімізде айрықша ойып орын алатын діндарларымыз яғни, имамдарымыздың қадыр-қасиеттері мен құндылықтары және олардың қазіргі қоғамдағы атқараты рольдері жайында болмақ.
Әуелі діни білімнің қасиеттері жайында шариғатымызда не айтылады? Соған қысқаша тоқтала кетсек;
Қасиетті Құран Кәрімнің 670 жерінде ілім жайында баян етіледі. Діни білімді алу және басқаларға үйрету ең сауапты амалдардың бірі болып саналады. Ілімнің қасиеттері жайында, оны үйрену, оған амал ету, оны басқаларға насихаттау, үйрету жайында түрлі діни кітаптарда көптеп келтіріледі. Мысалы Құрандағы: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмар» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) деген аяттарды, сондай-ақ, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дәуіт), «Тал бесіктен көр бесікке дейін білім іздеңдер» (әл-Ажлуни), «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мажа. Мұқаддима 17), деген секілді хадистерде де әрбір мұсылманның ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысу керектігі жайында көрсетіледі.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білім алу жайында тек айтып қана қоймаған, ілім алуды сахабаларына өзі бастап үйреткен. Мысалы, Бәдір соғысында қолға түскен мүшріктерге бостандық алулары үшін әрбіріне он баладан сауат аштыруды талап еткені, және де суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмылдырғандығы да тарихымыздан белгілі. Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Дұрыс діни біліміміз болмаса, ғибадатымызға нұқсан болып, тіпті кейбір теріс пиғылды тұлғалардың пайдасы үшін саяси құрбандыққа айналып кетуіміз ғажап емес.
Адамға білім алу және оны басқаларға үйретудің қаншалықты сауап екендігін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисінен білуімізге болады: «Сенің себебіңмен Алла Тағала бір адамға һидаят берсе, сен үшін бұл дүние және дүниеде болған барлық нәрседен хайырлы». (Бухари, Жихад 102).
Бір күні Имам Әбу Ханифа (р.а) алдына Абдулла ибн Фаррух әл Қайрауаний ілім үйрену мақсатында келеді. Күндердің бір күні имам Ағзамның дәріс алатын жерінде отырған кезінде, кенеттен оның басына төбеден кірпіш түсіп кетеді. Нәтижесінде Абдулла ибн Фаррух әл Қайрауаний жеңіл жарақат алады. Шәкіртінің басындағы қанды көрген ұстаз:
-«Құн төлейін бе? әлде үш жүз хадис үйретейін бе? Ерік өзіңде таңда!» - дейді.
Сол кезде Абдулла ибн Фаррух әл Қайрауаний:
-«Хазірет! Үш жүзге жуық хадис айтсаңыз басым түзеліп, жазылып аспанға жетеді ғой!» - деген екен. Міне,ғибраты мол бұл әңгімеден түйгеніміз, дүние мен ақырет бақытының кілті – ілім екендігі баяндалуда. Ілім жолы – жәннат жолы. Ілім үйреніп, сол ілімімізден өзгеге пайдамызды тигізер болсақ және діннен хабарсыз көптеген адамдардың иманға келуіне себеп бола білсек, зор сауапқа кенелетініміз күмәнсіз.
Имамдық қызмет - Жаратушының пенделерге берген нығметтерінің бірі болып саналады. Имам адам өз айналасындағы халықты, жамағаттарды Алла Тағаланың асыл дініне шақыра отырып, ислами шариғат заңдары, соның ішінде сенім-наным (ақида), Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасынан, ислам тарихынан, Құран және хадис ілімдерімен қоса тәжуид, Исламдағы халал-харам туралы және сахабалардың ерекшеліктері т.б. сол сияқты көптеген тарауларлардан тұратын дін ілімдерін айшықтап түсіндіріп жеткізуді, білмегенге білгендерінен үйретіп, дұрыс жол көресетуді өз алдына мақсат еткен ізетті, ақ шапанды абзал жандардың бірі. Бұл игі жолдың алғашқы негізін салған адам - адамзаттың асылы болған асыл ұстазымыз Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еді.
Имамдардың діни білімінің сапасының жақсаруы, біліктігін шыңдау, педагогикалық біліктігін арттыру мақсатында ҚМДБ жанындағы республикалық имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру ислами институты өз жұмысын жасап жатқаны баршамызға мәлім. Негізгі мақсаты имамдардың діни білімдерін жетілдіру. Өйткені білім оқумен ғана шектелмейді. Оған арнайы уақыт сарып етіп, (жазу, қайталау, тәжірибе алу, ұстазбен жеке сұхбаттасу, сауал-жауап) күнделікті күйбең тірліктерден бірер уақыт өзін алшақтатып ерекше көңіл бөлумен толықтырылады. Міне, осы орайда аталмыш оқу орнының әрбір ізденген имамдарға тигізер пайдалары мол деп есептейміз. Сондықтан өз кезегінде әріптестерімізге айтарымыз, алтыннан да бағалы бос уақыттарымызды пайдаланып, діни білімдерімізді әрқашан шыңдап, кәмілдендіруге деген әрекеттер мен ізденістерде табандылық көрсету керек. Сол үшін де ҚМДБ Имамдар форумындағы қабылданған 4 құжаттың қай-қайсысын орындайтын болсақ та, әуелі білімділікті қажет ететіндігі сөзсіз. Дана халқымыз «Ақыл азбайды,білім тозбайды» дегендей, алған білімдеріміз екі өмірде де шырағымыз болып, өз пайдаларын берері хақ. Біздер Алланың алдында әр кез тек діни білімдерімізбен және жасаған амалдарымызбен, діннің қарыштап дамуына өз үлестерімізді қосқанда ғана зор ізет пен құрметтерге ие боламыз.
Қазіргі кездегі имамдарымыздың атқарып жатқан келелі істерін де барынша бағалай келе, сауапты амалдарын тілімізге тиек ете кетсек артық болмас ойлаймыз. Алуан түрлі адамдар, неше түрлі қисынсыз сұрақтар мен сан қилы шешімі табылмаған дау-дамайлардың да түйіндері имамадардың алдына келіп тіреліп жатады. Аллаға деген ғибадат, тірілерге деген ілтипат және өліге деген құрмет те әр бір діндарларымыздың жүрегінде орын алған. Халықтың ішінде үнемі олармен етене бірге болып, олардың қайғыларымен де қуаныштарымен де бөлісіп жатады. Бұлай болуы заңдылық. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр кез өз қауымымен бірге болып, олардың әрбіріне ерекше көңіл бөлуші еді. Сол үшін де имам халықтың, ал халық та имамның қадір-қасиетін әр кез біле, ескере жүргені абзал.
Сөз соңында өз әріптес имам-молдарымызды Жаратушымыз пайдалы білімнің кәусар бұлағымен сусындатсын демекпіз!
Ерен еңбектері мен ізгі амалдарын қоғамымызда барынша талаптанып, бар күш-жігерлері мен бағалы уақыттарын, ықыласпен ден қойып атқарып жүрген имамдарға Жаратушының нұры жаусын!
"Қайрат" мешітінің бас имамы
Мұсаев Данияр