«ЖЫЛДЫ ҚАЛАЙ ЖОСПАРЛАЙМЫЗ?» АТТЫ РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Нұр-Мүбарак оқу-әдістемелік мешітінде шәкірттерге арналған «Жылды қалай жоспарлаймыз?» атты рухани кездесу өтті. Кездесудің негізгі мақсаты — мұсылман адам үшін өз-өзіне есеп беру, өткенге тәубе жасап, алдағы уақытқа нақты мақсат қоя білу мәдениетін қалыптастыру.
Осы мазмұнды әрі әсерлі жиында ұстаз Әбілқайыр Мәдиұлы арнайы қонақ болып, жастарға өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, пайдалы ақыл-кеңестерімен бөлісті. Ұстаз алдағы уақытта білім алуды жүйелеу, кітаптарды тиімді әрі нәтижелі оқып бітіру үшін дұрыс жоспар құрудың маңыздылығына тоқталып, уақытты қадірлеу, ниетті түзету және жоспарды иманмен ұштастыру жайында терең насихат айтты.
Кездесу жастардың ой-санасын сергітіп, білімге деген жауапкершілігін арттырып, өз өміріне саналы түрде жоспар құрып, мақсатты әрі мәнді өмір сүруге шабыт берген тағылымды жиынға айналды.





