«50 КҮНДЕ – 50 ШӘКІРТ» МАРАПАТТАУ РӘСІМІ ӨТТІ
Нұр-Мүбарак оқу-әдістемелік мешітінде рухани маңызы зор үш іс-шара өтті.
Нұр-Мүбарак оқу-әдістемелік мешітінде білім мен тағылымға, Құранға деген сүйіспеншілік пен ізденіске негізделген үш бірдей маңызды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған шараларға арнайы қатысқан Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы шәкірттер мен ұстаздарға сертификаттар мен марапаттарды табыстады.
Алғашқы іс-шара мешіт жанынан ұйымдастырылған «50 күнде – 50 шәкірт» атты Құран үйрету жобасының қорытындысына арналды. Бұл жоба барысында мешіт жамағатынан көптеген ер азаматтар қасиетті Құранды оқып үйренсе, ерекше атап өтерлігі – ақ жаулықты әжелеріміздің де белсенді қатысуы болды. Олардың кейбірі Құран оқуды меңгеріп қана қоймай, қасиетті кітаптан бір параны жаттап шықты. Жобаға қатысқан барлық шәкірттерге арнайы сертификаттар табысталып, еңбектері еленді.
Екінші іс-шарада Құран жаттауда үлкен жетістікке қол жеткізген екі шәкіртке ижаза берілді. Олар: Нуритдин Рахимали Хожаниязұлы – Асым қырағатының Хафс риуаяты бойынша Құранды Тайба және Шатыбия жолдарымен толық тәмамдап, ижаза иегері атанды.
Жолдас Айдос Абайұлы – Асым қырағатының екі риуаяты, яғни Хафс және Шуғба риуаяттарын толық меңгеріп, ижаза алды. Құран жаттаудағы бұл айтулы жетістіктері үшін шәкірттер арнайы марапатталып, ижаза берілді. Сонымен қатар оларға Алматы қаласының Орталық мешіті тарапынан да арнайы сертификаттар табысталды.
Үшінші іс-шара мешітте екі ай бойы тұрақты түрде жүргізілген діни сауат ашу курсының қорытындысына арналды. Аталған курс барысында шәкірттер Тәпсір, ақида, исламдағы әдеп секілді діни білімнің маңызды бағыттары бойынша дәріс алды. Курсты сәтті аяқтаған шәкірттерге, сондай-ақ білім беріп, тәлім-тәрбие ісіне үлес қосқан ұстаздарға арнайы сертификаттар табысталды.
Бұл игі шаралар Құран мен діни білімге деген құрметтің артып келе жатқанын, сондай-ақ Нұр-Мүбарак оқу-әдістемелік мешітінің халыққа рухани тәрбие мен білім берудегі маңызды қызметін тағы бір мәрте айқындады. Алла Тағала білім жолында еңбек етіп жүрген барлық ұстаздар мен шәкірттердің еңбектерін қабыл етіп, ілімдерін берекелі етсін. Әумин.













