ҚҰРБАН АЙТ 2023: АЛМАТЫДА БРИФИНГ ӨТТІ
Бүгін Алматы өкілдігі Өңірлік Коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, биылғы Құрбан айт жоспарымен бөлісті.
Брифингке Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, спикерлер Бостандық ауданы «Бәйкен» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев, Орталық мешіттің наиб имамы Руслан Қайыргелді қатысты.
Төлеби Дәділұлы алматылықтарға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне орай Мекке қаласынан жолдаған ыстық сәлемін жеткізді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан айт күндері 28-29-30 маусым күндеріне тура келетінін айтқан болатын. Бүгінгі брифингте бас имам Төлеби Дәділұлы Алматы қаласы бойынша 28-маусым күні 54 мешітте таңғы сағат 6:00-да айт намазы оқылатынын айтты. Құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы 14 орын бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ онлайн түрде тапсырыс берушілер үшін «qurban2023.kz» сайты қайта іске қосылғанын жеткізді. Құрбандық етін алуға өтініштер осы «qurban2023.kz» сайты арқылы қабылданады.
Сондай-ақ бас имам Құрбан айт мерекесіне орай мешіттерде өткізілетін іс-шаралар бағдарламасымен таныстырды. Қала мешіттерінде айттық көңіл күй сыйлау мақсатында киіз үйлер тігіліп, айттық дастархан мен дәм ұсынылады. Мешіттерде балаларға айттық тәттілер таратылып, түрлі ұлттық ойындардан спартакиадалар ұйымдастырылады.
Брифинг соңында қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы БАҚ өкілдерінің Құрбан айтқа қатысты сұрақтарына жауап беріп, қала тұрғындарын құрбандық шалынатын орындардағы тазалыққа аса мән беруге шақырды. Спикер «Бәйкен» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев құрбандық малы қалай шалынатыны және еті кімдерге таратылатын айтып, «Алла Тағала баршамызға құрбан айт мерекесін көтеріңкі көңіл күймен, ізгі амалдарды жасаумен, айналамызды қуантумен өткізуді нәсіп етсін», - деп түйіндеді..
Сонымен қатар наиб имам Руслан Қайыргелді орыс тілді газет тілшілерінің Құрбан айттың ерекшелігі, шарттары сынды сұрақтарына тұщымды жауап берді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі