ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыға сапары барысында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде өткен «Ислам ғұламасы Қиуамуддин Әмір Кәтиб Әл-Фараби Әл-Итқани: Өмірі мен мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, арнайы баяндама жасады.
Бас мүфти өз сөзінде ислам өркениетінде айрықша орны бар Әл-Итқани мұрасын насихаттаудың маңызын атап өтіп, мұндай ғылыми жиындар рухани сабақтастықты нығайтып, төл діни мұраны терең тануға жол ашатынын жеткізді.
«Қиуамуддин Әмір Кәтиб әл-Итқани әл-Фараби – Ислам ғылымының түрлі саласында терең із қалдырған көрнекті ғалымдардың бірі. Оның есіміндегі «әл-Фараби» сөзі ғұламаның Отырар, яғни Фараб өңірінен шыққанын білдіреді. Бұл өңір – тарихта көптеген ұлы ойшылдарды дүниеге әкелген құтты мекен.
Тарихи деректерге жүгінсек Қиуамуддин әл-Итқани 1286 жылы шәууал айының 19-ы сенбі күні түнде Итқан кентінде дүниеге келген. Оның өз аты Лутфулла. Әкесінің есімі – Әмір Омар. Атасының есімі – Әмір Ғазы. Ал «Әмір Кәтиб» деген ат оған көркем жазуы үшін берілсе, Ханафи мәзһабының фиқһын терең меңгеріп, мәзһабты қызғыштай қорғап, нағыз насихатшысы болғаны үшін «Әбу Ханифа» деген лақап берілген. Бабамыз өз атымен емес Қиуамуддин деген лақап атпен танылды. Әрине шыққан жері Итқан болғандықтан соған телініп «Итқани» деп аталды»,- деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Аталған жиын ғалымның 740 жылдығына және оқу орнының 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Конференция барысында Нұр-Мүбарак университетінің ректоры Ахмед Хусейн Мұхаммед Ибраһим және отандық, шетелдік ғалымдар баяндама жасап, Әл-Итқани еңбектерінің ғылыми маңызына тоқталды.






















