АҚСАЙ МЕШІТІНЕ 30 ЖЫЛ: МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ
Әуезов ауданы Ақсай мешітінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Сонымен қатар, бұл игі шара мешіттің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, ерекше мазмұнда ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шараға Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы арнайы қатысып, ҚМДБ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің ыстық сәлемін жеткізді. Өз сөзінде көрші ақысының маңыздылығы мен Тәңір хаққысы жайында тағылымды насихат айтып, жамағатты мерекемен құттықтады.
Іс-шара Құран оқумен басталып, ақсақалдар батасын берді. Қазақтың ұлттық дәстүрлері дәріптеліп, әжелер жүн түтіп, ұршық иірді. Сондай-ақ тұсаукесер рәсімі өткізіліп, баланың тұсауын бас имам кесіп, ақ батасын берді.
Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылды: кір тасын көтеру, ләңгі тебу, қой көтеру, қол күрес секілді сайыстар өтті. Сонымен қатар жыр-термелер айтылып, ән шырқалып, домбырамен күй орындалды. Эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қайырымдылық шарасы да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, 100 отбасыға «Тайқазан» қайырымдылық жобасы аясында азық-түлік себеттері таратылды. Сонымен бірге, шаһардың бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы өзі қатысып, мұқтаж 3 отбасыға 100 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетті.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі


























