ҚМДБ «TAWAF TRAVEL» КОМПАНИЯСЫ 5 АДАМҒА ҮЛКЕН ҚАЖЫЛЫҚҚА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАДЫ
Бүгін Алматы Орталық мешітінде ҚМДБ «Tawaf travel» компаниясы арқылы бес үлкен қажылық сапарына жолдама табысталды.
ҚМДБ Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының еңбек өтілі жоғары дін қызметкерлері мен шаруашылық қызметкерлеріне қолдау көрсету тапсырамасына орай Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы жұма намазынан кейін мешітте ұзақ жылдар бойында еңбек етіп жүрген дін қызметкерлері мен шаруашылық қызметкерлеріне үлкен қажылыққа жолдама сыйлады. Игі шараға ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев және ҚМДБ «Tawaf travel» компаниясының директоры Бектемір Ысқақов та қатысты. Бүгінде көп жылдан бері Алла үйінде адал қызмет етіп келе жатқан мешіт қызметкерлеріне мұсылманның парызы болған қажылық сапарына жолдама табыстау үлкен қуанышты үрдіске айналуда. Осындай игі бастамаға қолдау көрсетіп, қасиетті айда үлкен қажылыққа жолдама табысталуы мешіт ұжымы мен жамағат үшін үлкен қуаныш болды. Қажылық жолдамаға ие болғандар: Қалқаман-2 мешітінің наиб имамы Бейсенбаев Хайролла, Түркістан облысы, Абай ауданы, Абай ауылының имамы Садықов Айдарбек, Алматы Орталық мешітінің шаруашылық қызметкері Мұқамбеков Жөкеш, БҚО Казталов аудандық мешітінің имамы Жандосбек Құсайынов және Наурызбай ауданы «Қарағайлы» мешітінің наиб имамы Қалыбай Мәлік.
Өз кезегінде мешіт қызметкерлері қолдау көрсеткен ұйымдастырушыларға жүрекжарды лебізін білдірді. Алдағы уақытта да дініміздің асыл құндылықтарын насихаттау бағытында өнімді еңбек ете беруге сенім білдірді.
Айта кетейік, қажылық сапар ҚМДБ «Tawaf travel» компаниясы арқылы ұйымдастырылады.









