АЛМАТЫДА «ҚАЖЫЛЫҚ - 2026» ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Алматы Орталық мешітінде қаланың бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы ҚМДБ-ға қарасты «Таууаф травел» компаниясымен бірге қажылық парызын өтеуге ниеттенген жамағатқа дайындық семинарын өткізді.
Шаһардың бас имамы Төлеби Оспан өткізген жиында «Қажының рухани келбеті» тұғырнамалық құжатын таныстырды. Бес парыздың бірі қажылық құлшылығына ниет еткен отандастарымызды қоғамда көркем мінезімен, өнегелі істерімен үлгі көрсетуге және қажы деген құрметке лайықты болуға шақырды. Сонымен қатар қажыларға арналған «Qajy Guide» мобильді қосымшасының жұмысын таныстырды. Бұл сервистік жүйе қажыларға сапар барысында ақпараттық және техникалық көмек көрсетуді жеңілдететінін жеткізді.
Семинар барысында «Таууаф травел» компаниясының директоры Бектемір Қуандықұлы қасиетті мекендегі құлшылықтарды қателеспей жасау үшін дайындық семинарының маңыздылығын атап өтті. Қажылықтың шарттары мен ережелеріне тоқталды. Тауап қалай жасалатынын, Сафа мен Маруа арасында қалай жүру керектігін, ихрамға кірген соң не нәрсеге мұқият болу қажеттігін айтты. Қасиетті сапарға қатысты жан-жақты мәліметтер көрсетіліп, қажылыққа ниетті жамағат тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді. Қасиетті мекендегі қажылық парыздары мен сүннеттеріне қатысты кеңінен түсіндірілді.
Асыл дініміз исламдағы бес парыздың бірі - қажылық маусымында отандастарымыздың ұлы сапарға аттанар алдындағы дайындығы қаладағы өзге де мешіттерде, атап айтсақ «Бәйкен», «Әл-Мадина», «Нұр-Мүбарак» мешіттерінде де пысықталды. Сонымен қатар тұрғындардың қажылық визасыз, яғни заңсыз жолмен құжат рәсімдеп, қажылық сапарын ұйымдастыратын туристік фирмаларға алданып қалмаулары ескертілді.
Естеріңізге салсақ исламның бес парызының бірі қажылық сапары биыл 15 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі


























