ҚАЖЫЛЫҚ-2026: ӘУЕ ТАСЫМАЛЫ НАҚТЫЛАНДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылғы қажылық маусымында азаматтарымызды қажылық сапарына тасымалдау үшін әділ бәсекелестікке қол жеткізу мақсатында қазақстандық және шетелдік әуекомпаниялар арасында конкурс жариялаған болатын.
Конкурсқа қазақстандық «Air Astana» және «Scat», сондай-ақ саудиялық «Flyadeal» және «Flynas», түркиялық «Turkish Airlines», кувейттік «Jazeera», БАӘ «Air Arabia» әуе компаниялары тиісті құжаттарын өткізіп, қажыларды тасымалдау бағаларын ұсынды.
2026 жылға конкурстық негізде қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған 14 қазақстандық туроператор арасынан дауыс беру арқылы арнайы комиссия құрылды. Комиссия аталған әуе компания өкілдерімен баға мен сапаға байланысты тиісті келіссөздер жүргізді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы қажылық маусымында азаматтарымызды қажылық сапарына тасымалдау үшін төмендегі әуе компанияларын нақтылады.
Атап айтқанда, тікелей және тұрақты рейстер арқылы қажыларымызды қасиетті мекенге тасымалдау үшін қазақстандық «Air Astana» мен «Scat», саудиялық «Flyadeal» және кувейттік «Jazeera» әуе компанияларына таңдау жасалды.
Қажыларымыз Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан ұшаққа отырып, Жидда (Мекке маңындағы қала) және Медина қалаларына 12.05.2026 – 20.05.2026 ж. мерзімі аралығында жеткізіліп, 01-10.06.2026 ж. мерзімі аралығында елге қайтады деп жоспарлануда.