«АДАЛ АС - БЕРЕКЕ БАСТАУЫ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ
ҚМДБ бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Адал ас – береке бастауы» атты семинар ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында ҚМДБ «Халал даму» бөлімінің Алматы қаласы бойынша өкілі Өміржан Терлікбаев Нұр-Мүбарак мешітінің жамағатымен кездесіп, халал өнімдер саласына қатысты бірқатар маңызды ақпараттармен бөлісті. Кездесу барысында ҚМДБ-ның халал сертификат куәлігінің ерекшелігі мен маңыздылығы түсіндіріліп, кейбір кәсіпкерлер тарапынан сертификат белгілерін заңсыз пайдалану жағдайлары кездесетіні айтылды. Сондай-ақ жамағатқа өнімнің шынайы халал немесе халал еместігін тексерудің жолдары көрсетіліп, ол үшін «Халал даму» ұйымының ресми сайты мен арнайы ақпараттық платформаларын пайдалану қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, «Халал даму» ұйымының негізгі қызмет бағыттары, халал сертификаттау үдерісі, кәсіпорындарды тексеру тәртібі және халал стандарттарының талаптары жайында кеңінен ақпарат берілді. Семинар барысында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, халал өнімдерді тұтынуда мұқият болудың маңыздылығы атап өтілді. Тағылымды кездесу жамағаттың халал саласына қатысты танымын арттырып, адал тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған пайдалы басқосу болды.





