ЖАСТАРҒА НАСИХАТ (АҚЫТ ҚАЖЫ ҮЛІМЖІҰЛЫ)
АҚЫТ ҚАЖЫ ҮЛІМЖІҰЛЫ
Марқұм әкеміз Бұқайұлы Көкенай күнделік жазып жүретін еді. Күнделігінде жазып алғандарын жақын туыстар арасындағы жиындарда және отбасындағы шағын дастархан басында айтып отыратын. Біздің үлкен атамыз болып келеді, деп Ақыт қажы Үлімжіұлының жыр-шумақтарын, өлең-жырларын, шығармаларын өзінің күнделігіне жазған естеліктерінен жанына жиналған жандарға қоңыр дауысымен өлеңдетіп оқып беретін. Соның бірі әкеміздің күнделігінен Ақыт қажының «ЖАСТАРҒА НАСИХАТ» шығармасы.
Жастарға насихат (Бұқай ұлы Көкенайдың күнделігінен)
Мына сөзім жастарға, Құлшылық қыл Аллаға,
Жалғыз қадам бассаң да. Өмірді ұзақ ойлама!
Иең жатса мал ұрлап,Қатын көрсең бас салма!
Тозақ деген жақын тұр, Харамдығы асқанға.
Тозақта Заққұм у су бар, Арақ дәмін татқанға.
Пара-пар күнә жаралар, Бекер босқа мақтанба!
Жақсылықтан жасқанба, Жамандықты бас салма!
Ойың ауса жаманға. Жүрегің кетер қызынып,
Жүрегің кетсе қызығып, Иманың кетер үзіліп.
Ақылың болса ер жігіт, Өзіңді мақтап асырма!
Ұялып өлме ер жігіт, Өсек сөзді тасыма!
Жігерің болса ер жігіт, Жігіңді бөліп ашылма!
Қатын менен бала деп, Алды артынан шашылма!
Жаным-жаным десе де, Залымның жаны ашырма.
Ықыластымен достасып, Оған ақыл қосыңыз.
Жалғанда жаман қорлық қой, Жаманға басты қоспасын!
Онандағы ес ойла, Алтайдың аю шошқасын.
Ақылдан ада жазғандар, Жолынан иман азғандар,
Өзі түсерін не білсін, Біреуге ор қазғандар.
Жолдас болсаң бұзықпен, Арам кәсіп еткізер.
Жаман жолмен жүргізіп, Өзіңді ақымақ еткізер.
Мансапты болсаң бұлданба, Аз күн билік құрғанға.
Құдай өзі жәрдемші, Түзу билік құрғанға.
Жақынға тартып билікті, Сауап жолынан құр қалма!
Бай болсаңыз жігіттер, Қайырымды бер қолыңнан!
Жомарт болсаң жасыңнан, Қозғалмас дәулет басыңнан.
Қызмет қылсаң байларға, Кәсіп қылсаң арланба.
Жей қоям деп жоқтықта, Ұрлық істеп қарманба!
Мағрипаттан құр қалма! Алладан басқа жақын жоқ.
Пайғамбар салған сүннеттен, Имансыз, білімсіз бос қалма!
Құр кеудемен іс қылсаң, Шариғат түгел заң бар ма?
Кім бар дейсің жігіттер. Сұм дүниені тауысқан.
Серт байласқан сұм дүние, Ақыры бір күн қалмас па!?
Құлы болсаң Алланың, Үмбет болсаң Расулға.
Шариғатпен арбаспа! Ең жаманы мал кетер.
Жалған үшін жандаспа! Куәлік алған бір жан жоқ,
Ақыретке бармасқа.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген кезеңдегі қазақ сөз өнерінің тумысы дара, сөзі сара, ойы дана Ақыт қажы 1868 жылы қазіргі Қытай халық Республикасына қарасты Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Қайырты ауылында дүниеге келген.
Ақыттың шыққан тегі Абақ Керей елінің Он екі руының ішіндегі Молқы руы. Әкесі Үлімжі, анасы Жібек малшы ауылдың адамдары болған. Әке-шешесі Ақыттың болашағынан үлкен үміт күтіп, оны діни оқуға береді. Жеті жасқа келгенде өзінің немере ағасы Садық Жебенұлынан Құран оқуды үйренеді. Онан соң сол кездегі ауылдың молдасы Ғұсманнан Құранның қирағатын үйреніп, түркі тіліндегі діни кітаптарды оқуға бет бұрады. Ер жете бастаған шағында сол кездегі Молқы руының үкірдайы Жуанған ауылына келген, Бұхара медресесінде мүдәрріс болған Махбубулла атты молдадан сабақ алып, алдыңғы алған білімін тереңдете бастайды. Жуанған ауылынан алпысқа жуық бала қадимше оқиды. Ақыт осы балалардың қатарында оқуға кіріп, олардың ішінен оқуға ынталы әрі зеректігімен айрықша көзге түседі. Ақыт, араб, парсы, түркі тілдерін үйренумен бірге, Ислам дінінің қайнар көзі болып табылатын фиқһ ғылымын игеріп шығады. Ақыттың Керей ишаны Мұхаммет Мүміннің сопылық тариқатына кіріп, оған «қол беріп» тариқат жолында белгілі дәрежеге жетеді. «Керейдің пірі» аталып кеткен Мұхаммед-Мүмин Ешен хазіреттен сопылық жолы білімін тереңдете түседі. Шариғат пен тариқат білімін қатар игерген Ақыт қажы өз ауылында медресе-мектеп ашады. Ақыт Үлімжіұлы өлеңдер жазып, халық арасында айтысқа қатысып жүреді. Ақыттың ақындық жолға түсіп, ержете бастаған шағында Алтай мен Қобда беттегі ел арасында пошта қызметіне жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік туады. Бұл қызмет оған екі өңірдегі елдің жағдайын бірдей біліп, тұрмыс тіршіліктерін жіті білуге ықпалын жасайды. Пошта қызметі арқылы Қазанда шығатын әдеби туындыларды алдырып оқуға қол жеткізеді.
Қазан қаласынан басылып шыққан Фирдоуси, Низами, Қожа Хафиз, Сағди, Науаи, Сопы Аллаяр, Қожа Ахмет Яссауи және Сүлеймен Бақырғанилардың өлеңдерін оқып, жыр жазуға машықтанады. Сол кезде, Ресейге қарасты қалалардан шығатын, «Мұхаммедия», «Қисасул-Әнбия» сияқты кітаптар болған екен. Бұл кітаптардың мазмұны пайғамбарлар қиссасы, Пайғамбарымыздың өмір-баяны, соңынан ерген әділ халифалар, саңылақ сахабалар және өнегелі өмірімен Ислам тарихында аттары қалған тұлғаларды қамтитын-ды. Жасынан діни дастандарды оқып, зейінге тоқып жаттап өскен Ақыт, бала кезінен-ақ өлеңге құмартып, өз өлеңдерін жазуға бет бұрды. Ақыт, өзінің тұңғыш дастаны «Жиһаншаны» 1891 жылы 22 жасында жазып бітіріп, Қазан баспасына ұсынады. Кітап 1897 жылы жарық көріп, алғаш басылып шыққан қазақ кітаптарының біріне айналады. Оның шығармалары «А. Алтайский» деген бүркеншік атпен «Айқап» журналына да жарияланып тұрған. Осылайша таныла түскен Ақытты Қобда беттегі Ботағара, Шұбарайғыр руларының Бардам, Оразбек, Лайық қатарлы ел ағалары балаларын оқыту үшін қолқалап, осы жаққа көшіп келуін өтінеді. Міне, осылайша Ақыттың шығармашыл тұлға ретіндегі өсу, өрлеу жылдары Қобда бетке көшіп келген кезеңнен бастау алады.
Ақыт Үлімжіұлы Қобда бетте, қазіргі Дэлуін өлкесі аумағында бала оқыта жүріп шығармашылықпен шұғылданады. Осы кезеңде жазған туындылары 1908 жылы Қазан қаласында «Ахуал хикмет» деген атпен жарық көреді. Ақыт ақынның атақ-даңқы Қобда бетке түгел мәлім болады. Қобда бойын мекендеген Бардам, Лайық, Оразбек бастаған бір топ ауқаттылар Мекке-Мединеге қажылық сапарға шықпақ болады. Ақыт аталған қажыларды екі күншілік шекараға, Ойғыр басына дейін шығарып салуға барады. Осы кезде қажылар Ақытқа тағы да қолқа салады: «Сен араб тілін білесің. Қажылық жолда бұл бізге үлкен көмек болатыны анық. Жолға кететін шығыныңды біз көтереміз. Бізбен бірге қажылық сапарға шығуыңды өтінеміз», дейді. Кәрі әкесі Үлімжімен, отбасымен қоштаспағанын айтып біраз тартынғанымен, сапарға шыққан қажылардың көңілін қимай, келісім береді. Осы сапардың нәтижесі – жолсапарнама сипатындағы «Қажыбаян» дастаны. Мұнда ауылынан аттанғаннан бастап, қазіргі Қазақстан, Ресей, Украина, Түркия, Сирия, Мысыр, Сауд Арабиясы қатарлы елдер туралы, әр жерде көрген хикметтер мен қиындықтар жайында өлең тілімен баяндайды. Ақыттың бұдан кейінгі ғұмырында оның есіміне осылайша «қажы» анықтауышы жазылатын болды. Қажылық сапардан келген соң, Ақытты ел-жұрт діни мәселелерді шешетін қазы етіп сайлайды. Осыған дейін ұстаздық қызметпен шұғылданған Ақыт Қобданың Ақбалшық деген жерінде, Алтайдың Шәкүрті деген жерінде
мешіт-медреселер салғызған. Діни рәсімдерді атқара жүріп Ақыт қажы Үлімжіұлы көптеген назым өлеңдер жазады.
Елі мен жұрттың құрметіне бөленіп, қошаметіне ие болған ғұлама ақын, ағартушы, дін ғұламасы, ұлағатты ұстаз Ақыт Үлімжіұлы 1939-жылы желтоқсанның 24-күні коммунисттік репрессияның құрбаны болып ұсталды. Тиран-диктатор Сталинмен ымырасқан Шыңсысай үкіметі жіберген Керім және Лю Шанжың қатарлы ішкі істер жендеттері жағынан қолға түседі. Арада 13 күн өткенде қайта келген қызыл белсенділер Ақыт қажының барлық қолжазбасын, кітаптарын екі түйе, бір атқа артып, тартып алып кетеді. Осылайша түрменің түбінде жан төзгісіз қинаумен өлген Ақыт ақынның сүйегін 1943-жылы қайтарып береді. Туған елі ақынын арулап Шәкүртідегі өзінің мешіті бар қыстауына жерлейді. Өнегелі өмірінде артына өшпес із, құнды еңбектер қалдырған ұлы ойшылдың соңында көптеген еңбектері қалды. Өлеңдерінің түгелге жуығын туған елі ауызша жаттап, бүгінгі күнге жеткізілді. Коммунистік қатаң режим жылдары Ақыт қажы туралы Қытайда да, Қазақстанда да сөз айтуға тыйым салынған еді. Алайда, Алланың тылсым қалауымен Моңғол елінде Ақыт қажының біршама толық жинағы жетпісінші жылдары Баян-Өлгейде бірнеше кітап болып жарыққа шықты. Ақыт қажының ел ауызындағы жырларының жиналуына сол елден шыққан филология ғылымының докторы марқұм Қалиасқарұлы Қабидаш ерен еңбек етті. Бұлғын сұмындық ақын Кәкей Жаңжұңұлның да игі ықпалы көп болды. Ал, сол кітапқа енген қажының өлеңдері Қобда бетінің бүкіл парасаты адамдарының есінде сақталғандықтан бәрінің де үлесі бар десек әділдік болады. Әсіресе, ең көп жырын жатқа айтқан қажының туған жиені Бұлғындық ақсақал марқұм Мұзбайды ерекше атау жөн.
Ақыт Үлімжіұлының баспа беттерінен жарық көрген еңбектер санының қанша екендігі белгісіз. Деректерге негізделгенде нақты баспадан шыққан еңбектер саны 9.
- Жиһаншаһ (дастан), 1897 жылы, Қазан баспасы;
- Қисса-и Жиһаншаһ Тамузшаһ оғлы (дастан). 1901 жылы Қазан баспасы;
- Қисса-и Сәйпілмүлік (дастан). 1895, 1909, 1914. Қазан баспасы;
- Қисса-и Ғабдімәлік (дастан), 1902, 1904, 1909
- Тәржімә-и Ақыт уәләд 1897 жылы, Қазан университті баспасы
- Ахуал-и қиямет (нәсихаттық толғау)
- Қисса-и Манақыб нуран ғазизан . Қазан университеті баспасы
- Әбият ғақдия (Ғибырат жыр), 1909 жылы
- Керей ишаны - Мұхаммед мүмін,
Ақыт Үлімжіұлы өз еңбектерінде мазмұнын былай түйіндейді:
«Қазақтың би-сұлтандары, төрелері, молдалары ең алдымен адал-әділ, иманды, ар-ұятты білетін, білімді, өнерлі, адал еңбекті кәсіп еткен, жан дүниесі таза болумен бірге, жан-жақты жаңа білімді үйренген болуы керек дей келе, би-сұлтандарға, кәрілерге, жастарға, кедейлерге, байларға, ерлерге, әйелдерге қоғамның әр сатысындағы адамдарға бөлек-бөлек шығармалар арнап, арнайы ақыл-кеңес береді».
Ақыт қажы өлең, жыр-дастандарында иманы жоқ, білім алмай, өнер үйренбей, дүниеқоныздыққа салынған адамдар мен ел қамын ойламайтын, дінін күтпейтін, халықтың қамын емес, құлқын қамын ойлайтын би-төрелерді, ет пен шәйын ойлаған шала молдаларды сынға алып, адамнын теріс қылығын мінеп, жай қарапайым адамдардың алуан түрлі мінез-құлқын, мінін айтып, түзелуге, адамшылыққа келуге үгіттейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Үлімжіұлы Ақыт. Шығармаларының толық жинағы: Екі томдық. -Кония-2011. Т. 1.-652 бет.
Үлімжіұлы Ақыт. Шығармаларының толық жинағы: Екі томдық. -Кония-2011. Т. 2.-594 бет.
Хабаршы. Философия сериясы. Мəдениеттану сериясы. Саясаттану сериясы. №4 (62). 2017
https://adebiportal.kz/kz/news/view/asylbek-baitanuly-aqyt-ulimziuly-kitabi-aqyn__21756
https://qalamger.kz/author/%D0%B0%D2%9B%D1%8B%D0%BD/%D0%B0%D2%9B%D1%8B%D1%82-%D2%AF%D0%BB%D1%96%D0%BC%D0%B6%D1%96%D2%B1%D0%BB%D1%8B/3566
Алматы қаласы
«Байкен» мешітінің
Наиб имамы Саясат Көкенай