САДАҚА БЕРУДІҢ СЫРЫ

Садақа – зекет беру һәм қайырымдылық жасау деген мағынаны білдіреді. Сондықтан зекет, садақа депте аталады. Парыз болған зекет пен нәпіл болған садақа Құран да және хадистерде «садақа» сөзімен аталуда.
Сауаптан басқа еш нәрсе күтпей, тек қана ізгі ниетпен жасалған қайырымдылық түрлеріне дінімізде «садақа» дейді. Жалпы садақа дегенде біздің ойымызға алдымен көшеде немесе базарда қайыр сұрап жүргендерге берген ұсақ-түйек тиындарымыз еске түседі. Бұл садақаның кең таралған ерекше бір түрі ғана. Негізінде Алла разылығы үшін жасалған әр жақсылық садақа болып табылады. Яғни күлімсіреу, жақсы сөз сөйлеу, жолда адамдарға кедергі келтіретін нәрселерді алып тастау, тіпті отбасының бақыты үшін дастарханнан әйеліне тамақ алып берудің өзі садақа болып саналады.
Садақа, садақа берген адамның иманына дәлел. Қайырымдылық жасау иманды жандардың көңілінен туындайтын жақсылық. Мейірімділік, көмек көрсету, қоғамға бей-жай қарамау, мұқтаж жандарға қол ұшын беру имандылықтан туындайды. Мейірімділік танытпау, әділетсіздік жасау, дөрекілік таныту, еш нәрсеге мән бермеу, қатыгездік, жауапкершіліксіздік, ақырет күнінде есеп беретіндігін білмеу сияқтылардың бәрі имансыздықтан ортаға шығады. Бұл жайында Құранда: «Дін күнін жоққа шығарғанды көрмейсің бе? Ол жетімді кеудесінен итереді. Пақыр-міскіннің қарнын тойдырмайды, өзгені де ол іске әсте құлшындырмайды» дейді (Мағун сүресі 1,2,3-аяттар).
Садақаның түрлері:
Садақа жайлы мәліметімізді 4 негізде қарастырсақ болады.
- Парыз болған садақа; бұған қысқаша зекет дейді.
- Пітір садақа; әр мұсылманның беруі қажет болған уәжіп садақа. Рамазан айының ішінде беріледі.
- Нәпіл садақа; Адам баласының Алла Тағаланың ризашылығына бөлену үшін берген садақасы және жасаған әр жақсылығы.
- Жария садақа; қайтыс болғаннан кейін, амал дәптеріне сауап жазылатын садақа. Мысалы: мешіт-медресе салу, жол салу, ағаш отырғызу, бұлақтың көзін ашу, ғылыми еңбектер қалдыру яғни адам баласына пайдасы тиетін нәрселер қалдыру.
Садақаның сауабы мол амал. Көбіміз садақа береміз. Бірақ оның адам баласына қандай пайдасы бар екенін біле бермейміз. Егер садақа беруші жасап жатқан амалын шынайы түрде жете түсінсе, беріп жатқан қайырымдылығы кедейдің қолына тимей жатып, Алланың құзырында қабыл болатындығын білсе, алушының рақатынан берушінің рақаты басым екенін ұғынып садақаның сыры мен хикметін түсінген болар еді. Егер адамның беретін садақасы заттай болса, онда оның сапасы да жақсы болуы керек: дәмі бұзылмаған, пайдалану мерзімі өтпеген, түсі айнымыған және т.б. сипаттары. Садақаны алған адам садақаға көңілі толып, оны жиіркенбей ұстайтындай таза болуы қажет.
Садақа берген уақытта ескерілетін келесі бір жайт, садақаны ықыласпен Алла үшін беру. Садақаны мұсылман адамның беруі міндетті деп жай бере салуға болмайды. Оны шын көңілден беріп, Алладан жарылқау мен мол сауап сұрау қажет.
Ең алдымен шын жүректен таза ниетпен, жанашырлықпен, туған-туысқандарға, жақындарымызға, көршілерімізге, әріптестерімізге, қоғамда жабырқау күй кешкен мұқтаж жандарға жауапкершілікпен, махаббатпен, еш мақтанышсыз, риясыз көңілмен көмек беру керек. Міне, бұл – нағыз ізгі амал. Жүрегі таза, қулық-сұмдығы жоқ пенделердің тірлігі.
Садақаға тек алушы ғана мұқтаж деп білсек, бұл біржақты түсінік болар еді. Садақа беруге оны беруші де мұқтаж, өйткені оған да Алланың разылығы керек, Алла алдындағы парызын, міндеттерін өтеу керек. Яғни біреуге зекет парыз болса, біреуге пітір беру уәжіп етілген. Сондықтан ол садақа арқылы бір мұқтаж жанды жарылқаудан да бұрын, ең алдымен, өзінің парызын өтейтінін ойлауы тиіс. Басқаша айтсақ, садақаның пайдасы екі жаққа да, алушыға да, берушіге де тиеді.
Садақаның бұл дүниеде және ақыретте көптеген пайдаларының бар екендігін ғалымдарымыз былайша баяндайды. Бұл дүниедегі пайдасына мыналар жатады: мал-дүниені тазартады, күнәларды өшіреді, ауру мен апаттан сақтайды, мұқтаж жанды қуантады, ризықты арттырып, табысты берекелі етеді. Ал ақыреттегі пайдасы: Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады, тозақтан құтқарады, таразыда сауабы басым болады, сырат көпірінен өтуі мен дүниесінің есебін беруді жеңілдетеді.
Зекеттен басқа кез келген садақаны мұсылманға да, мұсылман емес адамға да беруге болады. Тек аса мұқтаж адамға берген жөн. Осыған байланысты мынадай ғибратты хадис бар.
Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді: «Бәну Исраилден бір кісі мен садақа жасаймын деп нәзір етеді. Ол біреудің қолына садақа беріп кетеді. Ертеңгі күні жұрт ұрыға біреу садақа беріпті деп айта бастайды. Әлгі кісі «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – деді. Екінші күні тағы садақа жасауды нәзір етеді. Түнделетіп бір әйелдің қолына садақасын беріп кетеді. Жұрт бүгін түнде жезөкшеге садақа беріпті деп айта бастады. Әлгі кісі «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – дейді. Ол тағы да садақа беруді нәзір етеді. Түнде шығып біреудің қолына садақасын беріп кетеді. Жұрт таңертең бай адамға садақа беріліпті деп айта бастайды. Сонда: «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – дейді. Сонда садақа берушіге түсінде: «Ұрыға берген садақаң оны ұрлық жасаудан сақтайтын шығар, жезөкшеге берген садақаң оны ойнастықтан сақтайтын шығар, ал байға берген садақаң оны ғибраттандырып өзіне Алла берген байлықтан адамдарға да бере бастайтын шығар,-делінген екен (Имам Бұхари, зекет 14).
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Алла Тағалаға жасалатын құлшылықтың негізі – ықылас. Хадисте де айтылғандай шынайы ықыласпен берілген садақаның сыры мен хикметі, садақа бергеннің пиғылына қарай үлкен өзгеріс туындатып, садақа алушыны жамандықтардан тыйып, садақа берушіге мол сауап жазылып қауіп қатердің алдын алатындығы уәде етілген. Сондықтан, Алла үшін берген садақаның көлемі емес, шынайылығы маңыздырақ. Мұсылман адам сәті түсіп, орайы келген барлық уақытта қайырымдылық жасап қалуы тиіс. Ақыретте зәредей жақсылықтың да ауыр салмағы болады. Адамның жасаған зәредей амалы есепсіз қалмайды.
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің
наиб имамы Саясат Көкенай