Рәтбек қажы НЫСАНБАЙҰЛЫ: ОРТА АЗИЯДАН БӨЛІНІП, ДІН ДЕРБЕСТІГІН АЛДЫҚ
– Құрметті, хазірет! Өзіңіздің бас болуыңызбен құрылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! Сұхбатымызды қазіргі Діни басқарманың бастауында тұрған Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жайлы баяндаудан бастасақ. Бұл басқарма Екінші дүниежүзілік соғыстың күйіп тұрған кезінде құрылғанын білеміз. Демек бір мақсаты болғаны ғой.
– Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қарақалпақстан қатарлы алты республика қарады. Осы алты республиканың діни орталығы Ташкентте болды. Әуелде Кеңестер одағы құрылған кезде тұтас мешіт, шіркеулерді жауып тастаған болатын. Алайда 1943 жылы соғыстың күйіп тұрған уағында өзбектен шыққан дін білгірі Эшон Бабахан Сталинмен кездеседі. Бұл кезде Сталинградтың өзі немістің қолына өте бастаған болатын. Сталин Эшон Бабаханнан «Осы соғыста кім жеңеді?» деп сұрайды. Ол «Совет одағы жеңіп шығады!» деп жауап беріпті. Оған шүбәланған Сталин: «Біз қалай жеңеміз? Ленинградты Гитлер басып алды, Сталинград та қолдан кетті» депті. Сонда Бабахан: «Қай ел жетім-жесірін қорғаса, аузын асқа, иінін киімге жарытса, ғаріп-қасірді қолдаса, сол ел жеңіске жетеді» деп жауап беріпті. Бұл сөз Сталинге қатты ұнайды да «Не тілегің бар?» деп сұрапты. Сонда Эшон Бабахан келген бұйымтайын бірден алға тартып, Орта Азия діни басқармасын ашу қажеттілігін айтыпты. Содан соң Эшон Бабаханды Калинин өз кабинетіне шақырып, Орта Азия діни басқармасын ашуға рұқсат берілгенін айтыпты. Осылайша 1943 жылы Сталиннің қол қоюымен Орта Азия және Қазақстан діни басқармасы (САДУМ) ашылды. Эшон Бабахан оларға дұға жасап, еліне қайтады. Көп кешікпей немістер қирай жеңіліп, шегіне бастайды. Бұл бір ұрымтал, орайлы кез болды.
– Алайда өзіңіз айтып отырған алты мемлекеттің діни мәселесі Ташкент арқылы шешілетін, солай емес пе?
– Аталған алты мемлекет дін жағынан Ташкентке бағынды. Ол кезде Қазақстанның саясаты Мәскеуге, діні Ташкентке байланып тұрды. Саясатта оң қолды Кремль шегелеп, дінде сол қолды САДУМ шегелеп, айқышқа керілгендей күй кешіп, аяқ-қолы тырп ете алмай, қазақтың басы ғана бұлғаңдап тұрған шақ еді. Сондықтан Араб елінде оқып жүрген кезімде Діни басқарманы бөліп алуды ойластыра бастадым. 80-жылдары Арабиядан оқуымды бітіріп келген соң, Зияудинхан Бабаханның (Эшон Бабаханның ұлы, екінші мүфти) орнына бір жарым ай Ташкентте атқарушы мүфти болдым. Сол кезде мені болашақ дін басына даярлап жатқан кезі еді. КСРО-ның Діни істер жөніндегі кеңесінің басшысы Юрий Христораднов мені Мәскеуге екі рет шақырды. Зияудин Бабаханның қартайып, көзі көруден қалғанын айтып, орнына мені мүфти қылып тағайындайтынын айтты. Зияудиннің өзі де: «Орныма екі адам лайық: бірі – Қазақстанның қазиі Рәтбек Нысанбаев, екіншісі балам Шамсиддин Бабахан» депті. Алайда мен бас тарттым. Менің келіспегеніме байланысты Ташкенттегі құрылтайды маған басқартты да, Шамсиддин Бабаханды мүфтилікке сайладық. Құрылтай біткен соң, Зияудин Бабаханов үйіне қонаққа шақырып, баласы Шамшиддин екеумізді қатар отырғызып, оған: «Сен – креслоның иесісің, Рәтбек – діннің иесі. Рәтбектен айырылып қалма. Онсыз сені өзбектер бір күн де тұрғызбайды. Рәтбекпен жақсы тіл табыссаң, қазақтар сені қорғайды» деп ашық айтты.
– Не үшін үлкен қызметтен бас тарттыңыз?
– Себебі, САДУМ-ға барсам, өз қолымды өзім кесе алмай, отырып қалар едім. Ал менің негізгі ойым САДУМ-нан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын бөліп әкету болатын. Ташкентте қалсам, ол ойым орындалмай қалатын еді. Сондықтан Ташкенттегі мүфтиліктен бас тартып, Қазақстан мүфтиятын құрудың жолдарын қарастырдым. 1989 жылы Колбинге хабарластық. Мәскеу және Алматымен толық келісіп алдым да 1990 жылдың 12 қаңтарында, жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құрдық. Осы діни басқарманы қалай құрғанымды бірінші Алла біледі, екінші Кремль біледі, үшінші мен білемін. Бұл Құдайдың қиюластырып бізге нәсіп еткен нығметі болатын. Кремль біледі дейтінім, Мәскеуден Христораднов бұйрық бергізіп Ташкенттен іргемізді бөліп берді. Осылайша мемлекетімізден бұрын дініміз тәуелсіздік алған болатын.
– Жарты ғасыр жасаған Орта Азия діни басқармасы тұсында Қазақстанға қазилық жасаған төрт тұлға болды. Оның соңғысы өзіңіз. Өзіңізден бұрынғы қазилер туралы не айтасыз?
– 1943 жылы мүфтилік ашылғанда Ташкентке Қазақстан делегациясын өскемендік Әбдіғаппар Шамсутдинов деген діни білімі бар татар кісі бастап барды. Сол кездегі жағдайға байланысты құрылтайда Қазақстанның қазилығына Әбдіғаппар ақсақал тағайындалды. Екінші қазиымыз – Сәдуақас Ғылмани. Қазіргі Ақмола облысының адамы болатын. Үшінші қази – Омбыдан шыққан Жақия Бейсембайұлы деген қазақ. Ол менен он жас үлкен еді. Бірақ Бұқарада менен кейін оқыды. Мен Бұқарадағы оқуымды бітіре сала Ливияға кеттім. Ал Жақия Бейсембайұлы Қазақстанға келіп, біртіндеп қазилыққа дейін көтерілді. Мен Ливиядан 1975 жылы келдім. Мәскеудегі дін саласының жауаптысы Владимир Курадиев маған: «Рәтбек Нысанбаев, сен Совет одағы бойынша 70 миллион мұсылманның ішінде бірінші болып діни жоғары білім алып келген адамсың. Білімің жоғары, бірақ тәжірибең аз. Сол себепті Қазақстанның қазиының жауапты хатшысы міндетін атқарасың» деді. Сөйтіп үш жылдан астам уақыт жауапты хатшы қызметін атқардым.
– Қазилыққа қай кезде жоғарыладыңыз?
– 1979 жылдың күзінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинеге Хижрат еткеніне 1400 жыл толуына бір жыл қалғанда Тәжікстанда халықаралық конференция өтті. Бүкіл дүниежүзінен және Орта Азиядан мұсылман ғалымдары, дін адамдары жиналды. Сол конференция кезінде маған Кремльден бастап бас мүфтиге дейін алты адам қол қойып, Жақия Бейсембаев орнынан түсіп, мені Қазақстанның қазиі деп жариялады. Сөйтіп олар маған конференцияда таза араб тілінде баяндама жасайсың деп тапсырма берді. Конференцияда төрт баяндамашының үшіншісі болып мінбеге көтерілдім. Менің аты-жөнім аталып, жұрттың алдына шығып сөз бастағаным сол еді, арт жақта отырған бір арап, «Ратбек, Ратбек!.. Адда Хайт, Адда хайт!.. Сені русьтар өлтіріп тастады деп естіп едік, тірі екенсің ғой!» деп айғайлап жіберді. Сөйтсе ол Ливияда оқып жүргенде деканым болған кісі екен. Зал таңғалды, орыстардың үні шықпай қалды.
– Биыл өзіңіз жоғарыда атап өткен Сәдуақас Ғылманидың туғанына 130 жыл толады екен. Сәдуақас қажымен байланысыңыз қандай еді?
– Ол кісіні өте жақсы білемін. Бұқарадағы медреседе оқып жүріп, жазда каникулға келгенімде, мені үйіне шақырды. Бір ай үйіне жатқызып, қонақ қылды. Қазиымыз Сәдуақас қажының маған қатты ықыласы ауды. Бұқарада оқып жатқанымды жоғары бағалады. Зияудин Бабаханның ылғи мені мақтап жүретінін біледі, одан бөлек менің нағыз қазақ екенімді біліп, Қазақстанның дініне керек екенімді сезді. Адамгершілігі мол, инабатты, иманды, тақуа жан еді. Шамасы жеткенше әділ басқарды, дінге қызмет етті.
Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда Сәдуақас Ғылмани оның жаназа намазын оқуға бармады. Себебі Әуезовке коммунист деп қараған секілді. Осы мәселені айтқанда мен ол кісіге: «Сіз дұрыс істемедіңіз, Мұхтар Әуезов коммунист болған жоқ. Ол діншіл әулеттен шыққан. Ол «Абай жолын» жазу арқылы қазақты, Абайды және өзін әлемге танытқан кісі. Романда ислам дінін, қажылықты, имандылықты ебін тауып насихаттаған сұңғыла жазушы. Сондықтан оның жаназасын сіздің оқығаныңыз дұрыс болар еді» дедім. Жалпы Садуақас Ғылмани дінге, елге адал қызмет еткен адам. Оның 130 жылдығын қалай атап өтсек те құрметке лайық.
– Қайтадан бастапқы әңгімені жалғасақ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын Өзбекстаннан бөлу үшін қазақстандық делегация Мәскеуге барғанда ішінде сіз болмадыңыз, неге?
– Мухаммад-Хусайн қажы Алсабековты делегация бастығы етіп, Мәскеуге алты кісі жібердім. Делегация құрамында шешен, түрік, күрд, балқар және екі қазақ болды. Екі қазақтың бірі – Қытайдан келген, Шелекте тұратын кісі, екіншісі Сарыағашта тұратын орысша-немісшеге жетік боксшы жігіт болатын. Оның міндеті аудармашы және қорғаушы болатын. Мен Кремльмен алдын ала сөйлесіп, бәрін реттеп қойғанмын. Олардың міндеті бүкіл мекемеге кіріп қол қойдырып, мөрін бастырып ала келу болды. Олар сол міндетті ойдағыдай атқарып келді. Христораднов қолдарына мөр басылған бұйрықты ұстатып қайтарды. Мен барғам жоқ, барсам былайғы жұрт Нысанбаев өзі үшін жүр дейтін еді. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары үшін сондай әдіс-амал қолдандым.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлек шығуының басты себебі не болды?
– Оны да айтайын. Сол кезде Қазақстанға өзіне тән мүфтият керек болып тұрған еді. Бірінші себебі – кез-келген мәселе үшін Ташкентке шаба беретінбіз. Екіншіден, күллі қаржы-қаражат Ташкентке құйылатын. Үшіншіден, біз қалам-қағазға дейін сол жақтан алатынбыз. Нақтырақ айтқанда, оларға кіріптар едік. Төртіншіден, бізде қази деген атағы ғана болғаны болмаса, бәрін Ташкент шешетін. Бесіншіден, олардан шыққан пәтуа, белгілемелер біздің қазаққа сай келмейтін. Сөйтіп біз өзбектеніп бара жатыр едік. Алтыншыдан, Бұқарадағы медресеге Қазақстаннан қазақтар өте аз қабылданды. Қабылданған күнде де Қазақстандағы өзбек және өзге ұлттарға басымдық беріліп, қазақ шетқақпай көрді. Бұл жағдай діни адамдардың тапшылығын туындатып, кадр жетіспеуіне әкеліп соқтырды. Жетіншіден, қажылыққа бөлінген квота Өзбекстаннан аспайтын. Төрт-бес жыл бойы біздің елден қажыға мұсылмандар бара алмай қалды. Міне, осындай себептерден біз Орта Азиядан бөлініп, дін дербестігін алдық.
Осы күні Қазақстаннан әр аймағынан 300-ден аса дін адамдары мен жауаптылар жиналды. Бастапқыда олар семинар-сессияға жиналған болатын. Жұмысымызды бітірген соң, ақсақалдар мен беделді кісілерге «Біз күнде бұлай жинала алмаймыз. Осы жолы құрылтай ашып, кезектегі маңызды діни мәселелерді шешіп алайық» дегіздік. Оларды алдын ала даярлап, жиналысты шұғыл түрде құрылтайға өзгертіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құру мәселесін көтердік. Жиналысқа прокуратура, сот, қауіпсіздік мекемесінен адамдар қатысқан болатын. Түпкі мақсатымызды бастап кеп жібердік. Бас-аяғы бір жарым сағаттың ішінде құрылтай қаулы қабылдап, шешім шығарып, бәрі түгел мені Бас мүфти сайлады. Бұл жағдайды Қазақстан коммунистік партиясының басшылығы түсінбей қалды.
– Сол 1990 жылдан бастап 2000 жылға дейін Діни басқарманың Бас мүфтиі болдыңыз. «Осы істі бітіріп үлгермедім» дейтіндей әттегенайыңыз бар ма?
– 5 жыл Қазақстанның қазиы, 10 жыл бас мүфтиі болып дін саласына 25 жыл басшылық етіппін. Мен қази болып келгенде Қазақстанда 25 қана мешіт бар еді. Қостанай, Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Өскемен, Талдықорған секілді алты облыста мешіт мүлдем жоқ еді. Аталған 25 мешіттің екеуінде ғана қазақ имам болды. Түркістандағы мешіттің имамы 90 жастағы қария, Арыстағы имам 80-ге келіп қалған ақсақал болатын. Өзге имамдар басқа ұлт өкілдерінен еді. Не тіл білмейді, не қазақтың әдет-ғұрпын түсінбейді. Дін әбден тұралап қалған кез болатын. Мешіттердің де мешіт деген аты ғана болмаса, мешітке лайық шарт-жағдайы жоқ еді. Мен Қазақстанның қазиятына осындай тоқырау кезінде келдім. Қолдан келгенше осы жағдайларды өзгерттік, түзеттік. Орындай алмай қалған бір ғана әттегенайым бар. Біз қазіргі Нұр-Мүбарак университетін өте үлкен мақсатпен құрған болатынбыз. Оны үлкейту, көркейту, дамыту мәселесін де ойластырғамын. Сол жоспарым орта жолда тоқтап қалды. Оның не екенін әзір айтпаймын.
– Жоғарыда Бұқарадағы «Мир Араб» медресесін бітіргеніңізді айттыңыз. Қазіргі Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин, Өзбекстан мүфтиі Усман Алимов, Әзірбайжан мүфтиі Аллахшукюр Пашазаде, тіпті кезінде Шешенстан президенті болған Ахмат Қадыров та осы медресенің түлегі екен. Соған қарағанда бұл оқу орнының беделі мықты болған секілді ғой.
– Дұрыс айтасыз, атақты «Мир Араб» медресесін осыдан алты ғасыр бұрын Йемен патшасының баласы салдырған. Совет одағы кезіндегі жалғыз медресе осы болды. 70 миллион мұсылманның қарап отырғаны осы оқу орны еді. Оқу мерзімі – 9 жыл. Мен бұл медресеге 1958 жылы түсіп 1964 жылы бітірдім. Үздік оқығандығым үшін алты жылда бітіріп шықтым. Оған себеп мүфти Зияудин Бабахан мен Сражжидин Зияудинов болды. Осы екі азамат мені үнемі қолдап отырды. Осылайша мен толық курсты 6 жылда алып шықтым. Сонымен қатар Бұқара пединститутының тарих факультетін қатар бітірдім.
– Медресені бітірген соң, Ливияға кеттіңіз. Ол жақта қандай оқу оқыдыңыз?
– Ливия университетіне 1969 жылы түсіп, 1978 жылы үздік дәрежеде бітірдім. Ислам мемлекеттеріндегі оқуды 18 жыл бойы оқыса да толымдылыққа жете алмайтындар болады. Ал мықты оқығандарға жол ашық. Оқу өте қатал, барлық пәнді жазбаша алады. Аты-жөніңді өшіріп, нөмірлеп қояды да содан соң жауабыңды тексереді. Біз Ливия университетінің Шариғат және халықаралық заң факултетіне 136 бала түстік. Араб-ағылшын тілдерінде дәріс оқыдық. Бұл университетте оқитындардың 98 проценті – арабтар. Өкінішке қарай, 136 баланың тең жартысы оқуын жалғастыра алмады. Нуржи Ильмас деген жігіт екеуміз университетті бакалавр-доктор дәрежесімен үздік бітірдік. Қысқасы бір қазақ, бір қара нәсілді екеуміз күллі арабтың ішінде жоғары нәтижеге жеттік. Усуль-фиқхтан сабақ беретін ұстазымыз Египет пен Судан королы Фарух патшаның кеңесшісі болған Аббас Хумейда деген кісі еді. Сол кісі маған «93» балл қойды. Ол үздік дегенді білдіреді. Осы кезде шатақ шықты, арабтар үстімнен арыз беріп: «Арабтар тапсыра алмай жатқанда, қайдағы бір русь қалайша 93 балл алады. Ол ұстазды паралап қойды, қайта емтихан алыңдар!» депті. Сөйтіп ұстазымды араластырмай ректор, декан, тағы екі профессор бар, барлығы төрт адам қайта емтихан алды. Олар қойған төрт сұраққа тоқтамай жауап бергеннен соң, тағы екі сұрақ қойды. Оған да жақсы жауап бердім. Комиссия тыңдап болған соң: «Аббас Хумейда сізге қиянат жасапты, нәтижеңіз 100 балл» деп, толық бағасын беріп, маған алғыс айтты. Міне, осылайша докторлық атақты бірден алып, Совет одағындағы тұңғыш мұсылман ғалымы болып елге оралдым. Ол Сарбона университетінің деңгейі болып саналатын. Жеті тілде бірдей сөйлейтін ислам ғалымы ретінде қазақтың атын шығарып қайттым.
– Ал қазір ше? Қазір ғылыммен шұғылданасыз ба? Бәлкім жаңа кітап жазған боларсыз?
– Мен жас кезімнен ғылым қуып өстім, әлі де ғылыммен шұғылданып келемін. Ел зат тасып жүргенде мен шетелден кітап таситынмын. Сол оқу мен ізденудің арқасында 20-дан астам кітап жаздым. Құран Кәрімді 1991 жылы бірінші болып арабша түпнұсқасынан қазақ тіліне аударып 200 мың данамен шығардым. Биыл екі кітабым қайта басылайын деп жатыр. Үш кітаптан тұратын «Пайғамбарлар тарихы» қосылып, бір том болып 300 мың данамен шыққалы тұр. «Тарих. Таным. Өнеге» деген кітабым үшінші рет басылып жатыр. «Пайғамбарлар тарихы» кітабымды медреселерде, жоғары оқу орындарында оқулық ретінде жоспарға кіргізіп, бекітсе, ешбір ұтылмас еді.
– Сұхбат басында айтқандай, биыл өзіңіз құрған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығы. Отыз жыл бұрынғыға көз салсаңыз, есіңізге не түседі?
– Есімде қалған оқиғалар көп. Ішінара айтар болсам, Совет одағының кезінде 25 мешітке тағы 68 мешіт қосып, елдегі мешіт санын 93-ке өсірдім. Сол 68 мешіт үшін Мәскеуде үш мекемеге кіріп, үш күн жауап бергемін.
Одан бөлек Араб елдері Алматы қаласы мен Алматы облысына оннан астам, Шымкент қаласы мен қазіргі Түркістан облысына да оннан астам мешіт салып берді. Түркия елі Талғар, Белбұлақ, Байсерке қатарлы үш ауылға мешіт тұрғызып берді. Жалпы 30-ға жуық мешіт Алла разылығы үшін Қазақстанның жамағатына тапсырылды. Менің туған жерім Келеске Кувейттің Дін министрлігі мешіт салып берді.
80-нен астам мемлекетке ресми шақырумен бардым. Шетелде өткен конференциялар, арнайы кездесулерде лекция оқыдым. 30-дан астам мемлекеттің патшасы арнайы қабылдады. Олардың қатарында Пәкістан президенттері Мұхаммед Аюб Хан, Фарух Легари, Палестина көшбасшысы Ясир Арафат, Египет президенті Хосни Мүбарак, Индонезия президенті Мухаммед Сухарто, Ливия президенті Муаммар Каддафи (бұл кісімен Ливия университетінде бірге оқығанмын), Түркия президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирелмен сұхбаттас болдым. 1990 жылы Хосни Мүбарак Египеттің ең жоғарғы наградасын табыс етті. АҚШ-тың Вашингтон, Нью-Йорк, өзге де штаттарда лекция оқыдым. Азия мен Еуропаның көптеген елінде арнайы шақырумен қызмет сапарында болдым.
– Ендігі арман-мұратыңыз қандай?
– Қазір қарапайым ғана имаммын, қолымда билік күші жоқ. Арман-мұратым үлкен болғанымен іске асырудың мүмкіндігі шектеулі. Істеген еңбегімді тізіп айта берсем, мақтан болады. Бәрін қазақстандықтар көріп отыр. Дін саласындағы имамдар мен дін қайраткерлері біліп отыр. Бүгінгі билік, Діни басқарма 30 жылдық қарсаңында не марапат, не дәреже бергісі келеді, өзі білер. Өміріме өкінішім жоқ, аяғымның жеткен жеріне дейін дінге қызмет еттім. Әсіресе Имам Ағзам Әбу Ханифа жолына табанды және адал болдым.
Сұхбаттасқан Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
«Мұнара» газеті, №1, 2020 жыл