Құран жайлы 40 хадис: 9-ХАДИС
Тоғызыншы хадис
عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللهُ تَعَالَى عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : "الْقُرْآنُ شَافِعٌ مُشَفَّعٌ، وَمَاحِلٌ مُّصَدَّقٌ، مَنْ جَعَلَهُ أَمَامَهُ قَادَهُ إِلَى الْجَنَّةِ ، وَمَنْ جَعَلَهُ خَلْفَ ظَهْرِهِ سَاقَهُ إِلَى النَّارِ" (رواه ابن حبان والبيهقي).
Жәбир ибн Абдулладан (р.а.): «Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Құран – шапағаты қабыл алынатын шапағатшы. Куәлігі теріске шығарылмайтын жақтасушы. Кім Құранды басшылыққа алса, ол оны жаннатқа жетелейді. Кім Құранды артқа тастаса, тозаққа айдалады», – деген. (Ибн Хиббан, әл-Байһақи)[1].
[1] «Сахих Ибн Хиббан», «Білім» бөлімі, «Құранды басшылыққа алған адамды Құран жаннатқа жетелейді» тарауы, (124). Әл-Байһақи, «Шуғаб әл-иман», «Құранды қастерлеу», «Сүрелер мен аяттардың артықшылықтары» тарауы, (2257). Әт-Табарани, «Әл-Муғжам әл-кабир», «Айн» бөлімі, (8655), (10450). «Мусаннаф Абдур-Раззақ», «Құранның артықшылықтары» бөлімі, «Құранды үйрету және оның артықшылығы» тарауы, (6010), (6011). «Мусаннаф Ибн Әбу Шәйбә», «Құранның артықшылықтары», «Құран Қиямет күні өзін оқыған адамға шапағатшы болатындығы» туралы тарау, (30052), (30054).
Хадистің мағынасы: «Кім Құранды басшылыққа алып, онда айтылған нұсқауларға еріп, онда айтылған бұйрықтарға амал етсе, Құран оның жаннатқа алып баратын жол көрсетушісі болады. Ал енді кім Құранды артқа тастап, оны оқымай, ондағы бұйрықтарға амал етпесе, тозаққа айдалады.
Кітаптың авторы: Ғұлама Мулла Али ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари (1014 һ.ж.)
Хадистерді талдап, түсініктеме берген: Махмуд Шакур ибн Махмуд әл-Хажи Әмрир әл-Маядини
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов