Құран жайлы 40 хадис: 5-ХАДИС
Бесінші хадис
عَنْ أَبِيْ مُوسَى الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "مَثَلُ الْمُؤْمِنِ الَّذِيْ يَقْرَأُ الْقُرْآن كَمَثَلِ الْأُتْرُجَّةِ رِيحُهَا طَيِّبٌ وَطَعْمُهَا طَيِّبٌ وَمَثَلُ الْمُؤْمِنِ الَّذِيْ لَا يَقْرَأُ الْقُرْآنَ كَمَثَلِ التَّمْرَةِ لَا رِيْحَ لَهَا وَطَعْمُهَا حُلْوٌ وَمَثَلُ الْمُنَافِقِ الَّذِيْ يَقْرَأُ الْقُرْآنَ مَثَلُ الرَّيْحَانَةِ رِيحُهَا طَيِّبٌ وَطَعْمُهَا مُرٌّ وَمَثَلُ الْمُنَافِقِ الَّذِيْ لَا يَقْرَأُ الْقُرْآنَ كَمَثَلِ الْحَنْظَلَةِ لَيْسَ لَهَا رِيْحٌ وَطَعْمُهَا مُرٌّ". وَ فِيْ رِوَايَةٍ :مَثَلُ الْفَاجِرِ" بَدَلَ: الْمُنَافِقِ (رواه أحمد و أصحاب الكتب الستة).
Әбу Муса әл-Ашғариден (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Құран оқитын мүміннің мысалы хош иісті, дәмі тәтті цитрус сияқты. Құран оқымайтын мүміннің мысалы дәмі тәтті, бірақ иісі жоқ құрма сияқты. Құран оқитын мұнафықтың мысалы хош иісті, дәмі ащы райхан тәрізді. Құран оқымайтын мұнафықтың мысалы дәмі ащы, иісі жоқ колоквинт тәрізді», – деген». Бір риуаятта «мұнафық» сөзінің орнына «пасық» деп айтылған (имам Ахмад, әл-Бұхари, Муслим, Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, ән-Насаи, Ибн Мәжаһ)[1].
[1] «Муснад имам Ахмад», «Куфалықтардың муснады», «Әбу Муса әл-Ашғаридің хадисі», (19664). «Сахих әл-Бұхари», «Тағам» бөлімі, «Тағам» тарауы, (5427). «Сахих Муслим», «Жолаушылардың намазы және намазды қысқартып оқу» бөлімі, «Құранды жатқа білген адамның артықшылығы» тарауы, (797). «Сунан Әбу Дәуд», «Әдеп» бөлімі, «Кіммен бірге отыру керектігі» туралы тарау, (4829). Ән-Насаи, «Әс-Сунан әл-кубра», «Құранның артықшылықтары», «Құран оқитын мүміннің мысалы» тарауы, (8028). «Сунан Ибн Мәжаһ», «Иман, сахабалардың артықшылығы, білім» бөлімі, «Құранды үйреніп және оны үйреткен адамның артықшылығы» тарауы, (214). «Сунан әд-Дарими», «Құранның артықшылықтары», «Құран оқыған мүміннің мысалы», (3406). «Сахих Ибн Хиббан», «Рақаиқ» бөлімі, «Құран оқу» тарауы, (771).
Хадистің мағынасы: Құранды үнемі оқып әрі Құранның үкімдеріне амал жасап, оны басқаларға үйретіп жүретін мұсылман тәтті цитрус сияқты. Ондай мүмінге қарап адамдардың көңілі көншіп, қуанады. Мұндай мүмін айналасына хош иіс жайған жеміс сияқты. Ол тек жақсы сөз сөйлейді. Осындай мүмінмен аралассаң, ол сенің ойлаған ойыңнан да жақсырақ болып шығады. Ал Құранды оқымайтын бірақ оның бұйрығына амал жасайтын мүмін – құрма сияқты. Одан бір хош иіс аңқып тұрмаса да, одан жағымды иіс сезбесең де, ондай мүмін Құранға амал еткені үшін дәмі тәтті құрмамен тең. Құран оқитын мұнафық адам – адамдарға хош иісімен жақсы көрінген дәмі ащы райханмен тең. Мұнафық адамдарға райхан сияқты көрініп, оларды алдайды. Мұнафықтың шынайы бейнесі мына аятта баяндалған: «Олардың ішінде бұл дүние тіршілігінде саған сөзі жағымды көрінетін әрі жүрегіндегі нәрсеге Алланы куәлікке келтіретіні бар. Ол қасарысып дауласқыш» (Бақара, 204-аят). Ал Құран оқымайтын мұнафық колоквинт өсімдігіне теңелген. Ол өсімдіктің жағымды иісі де, балғын да тәтті дәмі де жоқ. Алла Тағаладан есендік, саулық сұрап, кешірімін тілейміз. Бізді Құранның бұйрығына қарсы келуден, екіжүзділіктен, жаман мінез-құлықтан сақтасын.
Кітаптың авторы: Ғұлама Мулла Али ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари (1014 һ.ж.)
Хадистерді талдап, түсініктеме берген: Махмуд Шакур ибн Махмуд әл-Хажи Әмрир әл-Маядини
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов