Құран жайлы 40 хадис: 4-ХАДИС
Төртінші хадис
عَنْ أَبِيْ سَعِيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:" يَقُولُ الرَّبُّ عَزَّ وَجَلَّ: مَنْ شَغَلَهُ الْقُرْآنُ عَنْ ذِكْرِي وَ مَسْأَلَتِي، أَعْطَيْتُهُ أَفْضَلَ مَا أُعْطِي السَّائِلِيْنَ وَفَضْلُ كُلَامِ اللهِ عَلَى سَائِرِ الْكَلَامِ كَفَضْلِ اللهِ عَلَى خَلْقِهِ" (رواه الترمذي).
Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Құдіреті күшті әрі Ұлы Алла : «Кім Менен дүниелік мұң-мұқтажын тіленбей, Құран оқумен айналысса, оған тіленген адамдарға берген нәрседен де абзалырақ нәрсе беремін», – деп айтады. Алла Тағаланың сөзінің басқа сөздерден артықшылығы Алла Тағаланың жаратылыстардан артықшылығы сияқты» (әт-Тирмизи)[1].
[1] «Сунан әт-Тирмизи», «Құранның артықшылықтары» бөлімі, «Жиырма бесінші» тарау, (2926). «Сунан әд-Дарими», «Құранның артықшылықтары» бөлімі, «Алла Тағаланың сөзі барлық сөзден артық екендігі» туралы тарау, (3399). Әл-Байһақи, «Шуғабул-иман», «Құранды қастерлеу» бөлімі, «Құранды көп оқу» тарауы, (1860); «Алла Тағаланы жақсы көру» бөлімі, «Алла Тағаланы көп дәріптеп еске алу» тарауы, (569).
Хадистің мағынасы: «Кім бірыңғай Құранмен айналысып, зікір айтуға, дұға тілеуге уақыт таппаса, Алла Тағала ондай адамның тілеуін беріп, мұратына жеткізеді. Алла Тағала Құран оқыған адамға қажеттіліктерін сұрап, тіленген адамдарға бергенінен де абзал нығмет береді. Өйткені Алла Тағаланың сөзі барлық сөзден үстем. Үнемі Құран оқумен айналысқан адамның сауабы барлық сауаптан артық тұрады. Имам әш-Шаукани «Тухфатуз-закирин» (325-326 б.) кітабында: «Бұл хадистің әлсіздігі болмағанда, зікір айту мен дұға тілеуге уақыт таппай, бірыңғай Құран оқу адамды өте үлкен сауапқа кенелтетіндігіне кесімді дәлел болар еді», – деген.
Кітаптың авторы: Ғұлама Мулла Али ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари (1014 һ.ж.)
Хадистерді талдап, түсініктеме берген: Махмуд Шакур ибн Махмуд әл-Хажи Әмрир әл-Маядини
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов