Қара сөз қара өлеңге айналғанда... #31
ОТЫЗ БІРІНШІ СӨЗ
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.
Абай Құнанбайұлы.
ОТЫЗ БІРІНШІ ӨЛЕҢ
Көнеден жеткен сөз ғой дерегі бар,
Жараса қажетіңе керегін ал.
Естіген нәрселерді ұмытпаудың,
Төрт түрлі ең негізгі себебі бар.
Ар менен адалдықты қайрау бөлек,
Серт пенен сенімнен де таймау керек.
Сәулесін ой, сананың берік қылып,
Әуелі көкіректі байлау керек.
Ұлықтап көрсететін ұлт таңбасын,
Рухы түпсананың бұлттанбасын.
Екінші – естігенде я көргенде,
Тұшынып, ынтаменен ұққан ләзім.
Ақиқат жоғалмайды кешіккенмен,
Көргенің артық болмақ есіткеннен.
Үшінші – сол нәрсені бірнеше уақыт
Қайталап ой, көңілге бекіткен жөн.
Жүректер зікірменен тынышталмақ,
Өсектің күнә көзі – сыбыс болмақ.
Төртінші – ой кеселі нәрселерден,
Бойыңды таза ұстаған дұрыс болмақ.
Уайымсыз салғырттық пен күлкішілдік,
Қайғыру, құмарлану бұл бір сұмдық.
Білгенге бұл төртеуі күллі ақыл мен
Ғылымды тоздыратын қу тіршілік!
Әлібек Шегебай.