ПАЙҒАМБАРДЫҢ АУЫЗАШАР БАТАСЫ
Әбу Бәкір Кердері бабамыз:
«Пайдасын өзің көресің,
Ғибадат қылып Аллаға.
Бір жаныңды нұрласаң.
Жаныңа ғазап хақ болар
Ораза, намаз, зекет, хаж
Атқарып уақыт тұрмасаң», - деп жырлағандай ораза асыл дініміздің бес тірегінің бірі. Ғұлама бабамыз:
«Дұрыс намаз, ораза,
Малғұнның тәніне,
Шанышарлық найзасы», - деп бес уақыт намаз һәм рамазан оразасы сүннетке сай атқарылған жағдайда нәпсі мен шайтанға зор соққы болатынын жырлауда.
«Қорқақ емей немене қашқан кісі,
Батыр емей немене шанышқан кісі.
Мың жылқы біткен баймен бірдей қисап,
Оразасын үйінен ашқан кісі!», - демекші, екі дүние сұлтаны ауызашар дастарқанында қандай бата бергенін білесіз бе? Мұндай бақыт кімге бұйырған еді?
Мәдина қаласында байырғы екі үлкен ағайынды Аус және Хазраж рулары өмір сүрді. Сағд бин Мұғаз (р.а.) әуелгісінің төресі болатын. Саңлақ сахаба Сағд (р.а.) ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне ауызашарға шақырған екен. Бұл оқиғаны Зұбайырұлы Абдулла (р.а.) әңгімелеп былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мұғазұлы Сағд шаңырағына ауызашарға барды. Дастарқан басында: «Шаңырағыңнан ораза тұтқандар ауыз ашсын, дастарқаныңнан игі-жақсылар дәм татсын, періштелер отбасыңа дұға-тілек етсін», - деп бата берді». Бұл хадис Ибн Мажа жинағында келтіріледі.
Кімде-кім ораза ұстағанға ауыз аштырса дәл сондай сауап иеленеді. Алайда, ораза тұтушының мұнан сауабы еш кемімейді деген риуаятты білеміз. Он екі айдың сұлтаны рамазанда мұсылмандық парызы ораза тұтқан жанға дастарқан жайып, дәм беру сауабы мол игі іс. Ал енді, шақырылған қонақ пайғамбар болса, оның жөні тіптен бөлек. Атам қазақ: «Оразалымен оттас бол, имандымен жолдас бол», - дегеніндей, мұндай бақыт сахаба Сағд бин Мұғазға бұйырған еді. Ол Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауызашар беріп, әрі батасын алған. Әз-Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғалары мен баталары сөздің маржаны һәм мағынасы терең, қысқа да нұсқа болатын. Аус руының төресінің шаңырағында үй иелеріне үш тілек айтты.
Түйіндей айтсақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оразасына қанық Омарұлы Абдулла (р.а.) шама-шарқынша ауызашар беруді жанындай жақсы көретін. Ол рамазанда кешкі асын кедей-кепшікпен бөліседі екен. Ал, Әбу Ханифаның ұстазы Хаммад (р.а.) рамазанның әр кешінде бес жүз кісіге арнап дастарқан жайған деседі.