ОТБАСЫ ЖӘНЕ ДІН
Отбасы – адамның қоғамдық өмірінің ең алғашқы нысандарының бірі. Отбасылық байланыстар қоғамның қалыптасуының ең бастапқы формасы болды. Осының негізінде отбасы мен дін бір-бірімен өте тығыз байланыста, отбасы діннің негізгі әлеуметтік тасымалдаушысы болып табылады. Қазіргі таңдағы отбасы ежелгі қоғамдағы отбасынан айтарлықтай ерекшеленеді. Қоғамның дамуы барысында дін мен отбасының қарым-қатынасы да өзгере түсті. Отбасы бұрынғы кездегі қоғамдық ұйымның ерекшеліктерін айтарлықтай жоғалтып, жеке өмірдің мәселесіне айналды.
ХХІ ғасырда қазіргі қоғамдағы діни нанымдар мен діни тәжірибе әрбір отбасының, әрбір адамның жеке мәселесіне айналып отыр. Яғни бір отбасының әрбір мүшелері бұрын рұқсат етілмейтін әртүрлі дінді ұстануы қазіргі кезде бәсеңдеп, түрлі дінді ұстана алатын жағдайға жетті. Бүгін де көпшілікті ең алдымен отбасылық өмірге байланысты діни рәсімдер (неке қию, балалардың діни тәрбиесі) қызықтыратын болды.
Жалпы алғанда дін мен отбасы бір-бірімен тығыз байланысқан екі институт. Қазақ қоғамында дін дәстүрдің жолымен, ең бірінші болып отбасында насихатталады, дәріптеледі. Дәстүрлі һәм дәстүрден тыс болған дін мен ағымдарды ұстанатын жастар әрбір отбасының мүшелері. Мектеп табалдырығында білімін алып, ЖОО-ға түскен жастар қоғамға етене араласа бастады.
Ата-ана қамқорлығында болған жас жеткіншек өз жанұясында тәрбиеленіп, туындаған сауалдарға көбінесе ата-ана мен аға-әпкелерінен жауап алатын. Осылайша оның көзқарасы мен дүниетанымы қалыптасып қоғамның бір мүшесі болады. Бабаларымыздың «Отанды сүю – отбасынан басталады» деп айтулары бекер емес. Ислам діні отбасы атты қасиетті мекенге әрдайым көңіл бөледі. Өйткені Ислам бойынша неке – екі адамның қадірлі де қасиетті одақ құруы, екеуара сенімнің бастау алуы. Отбасы атты қоғам бөлшегінде бір-біріне деген сенімділік пен сыйластық, түсіністік пен сүйіспеншілік болса, олардың өмірлері бақытты, ешбір қайғысыз, қуанышқа толы болмақ.
Алайда елімізде некенің бұзылуы белең алуда. Қазіргі таңда үйленіп үй болатын ер жігіттер көбіне әйел адамның сыртқы келбеті мен мал-мүлкіне қарап үйленетін болды. Бұл дүниелердің барлығы өткінші болғанын ұмытып қалатын секілді.
Алла Елшісінің хадистерінің бірінде әйелмен төрт ерекшелігі үшін некеленетінін айтады. Олардың арасында мал-мүлкі, тектілігі, сұлулығы мен діндарлығы бар. Осылардың ішінде соңғысына, яғни діндарлығына қарап үйленудің дұрыс болатындығын айтты. Өйткені діндар болғанымен шаңырақ көтеретін болса үйі берекетке толы болады екен. Отбасын құрған ер мен әйелдің бір-бірлерінің алдында өзіндік міндеттері бар. Бұл жауапкершіліктерді өмірлік тәжірибе де дін де иықтарына артқан. Құран Кәрімнің Ниса сүресінде бұл туралы: «Ерлер – әйелдердің билеушісі» делінген. Куә болып отырғанымыздай, Ислам дін де бабаларымыздың дәстүрі де жанұяның отағасын, басқарушы құқығын ер адамға беріп отыр. Ал әйел адамды болса ер азаматтың қолдаушысы, ақылшысы, сенімді сүйеушісі кейпінде әспеттеген.
Қоғамымыздағы әрбір отбасының қарым-қатынасы тұтастай еліміздің тұрақтылығына әсер ететін фактор ретінде қарастыруға болады. Егер отбасы тату-тәтті өмір сүретін болса ел де тыныш болады, ал жанұяда ұрыс-керіс пен түсініспеушілік пайда болса онда елдегі тыныштық бұзылып хаос орын алады. Отбасыдағы жастарға көңіл бөлінбейді. Ал бұл өз кезегінде тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін.
Қазіргі таңдағы отбасы институтында белең алып бара жатқан ең басты мәселе ата-ана мен балаларының арасында діни тақырыптар, салт-дәстүрлер, дәстүрлі ислам секілді ұғымдар тарқатылып айтылмайды. Оның салдары ретінде жастардың дәстүрлі емес діни бағытқа бет бұруларын, өз отанына деген қастандықты көздеген халифат мәселесін, бабалардың жеткізген дәстүріне қарсы шығып, отау ішінен отау тігу мәселесін айтуға болады. Мемлекет болып Сирияға кеткен жастарымызды елімізге қайтарумен жұмыс бітпейді. Елдің дәстүрінен ажыраған көптеген отбасылармен, олардың балаларымен оңалту жұмыстар жүргізілуде. Оңалу немесе радикалсыздану процесі 1-2 апталық жұмыс емес. Адамның толық оңалуына, дәстүрлі бағытқа қайта бет бұруына айлар, тіпті жылдар кетуі мүмкін. Өкінішке орай, діннің атын жамылып өз мақсат-мүдделерін жүзеге асырғысы келген лаңкестер көптеген отбасылардың тас-талқанын шығарып, тағдырларына балта шапты, болашағына деген үмітсіздікті ұялатты.
Еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қоғамның бөлшегі болған әрбір отбасында дәстүр, дін, ұлттық құндылық, сондай-ақ патриоттық сезім туралы сөз қозғау қажет. Бұл мақсатта отбасылық жарыстар мен тренингтер, отбасыны біріктіретін түрлі іс-шаралар көп ұйымдастырылу қажет. Сөз соңында отбасының ынтымағы болса ертеңгі күніміз бақыт-шаттыққа толы, ал ұрпағымыз тәрбиелі болады деген үміттеміз.
Төренов Нұрдәулет
"Әскер ата" мешітінің азаншысы