КӨЗ ТИЮДІҢ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?
Шариғатымызда көз тиюдің бар екені – ақиқат. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, көз тию болып, тағдырды озып та кетер еді (тағдырды өзгертер еді)», – деген (Мүслим, Ибн Мажә).
Айша (Алла оған разы болсын) анамыздың айтуынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз тиюге қарсы дұғалар оқуға бұйырған. (Бұхари, Мүслим риуаяты).
Көз тию тек адамға ғана емес, жануарға, егінге, т.б. жанды-жансыз заттарға да әсер етеді. Тіпті кейде адамның көзі өзіне де тиюі мүмкін. Көз тию көбіне адамның бір нәрсеге қатты таңдануы, ұнатуы немесе қызғанышпен қарауы себепті болады. Сондықтан көз тию міндетті түрде біреудің әдейі жамандық ойлауынан ғана болады деуге болмайды. Адам бір нәрсеге таңданып қарап, жаман ниеті болмаса да, көз тиюі мүмкін.
Сол себепті адам өзіне, баласына немесе дүние-мүлкіне ұнайтын бір нәрсені көргенде, оған береке тілеуі керек. Мысалы, біреудің баласына сүйсініп қарағанда оған береке тілеу – жақсы әдет.
Жалпы Құранда және сахих хадистерде «мына белгі байқалса, адамға міндетті түрде көз тиген» деген нақты белгілер тізімі жоқ. Дегенмен кейбір ғалымдардың түсіндірулерінде көз тиюге байланысты болуы мүмкін жағдайлар ретінде мынадай белгілер аталады: бұрын болмаған әлсіздік пен делсалдық; көңіл-күйдің күрт өзгеруі; себепсіз мазасыздық немесе жабырқаулық; бас ауруы; тәбеттің төмендеуі; ұйқының бұзылуы; дененің ауырлап, әлсіз сезілуі; бұрын жақсы көрген нәрселеріне қызығушылығының төмендеуі; себепсіз жылау немесе ашуланшақтық; аяқ-қолдың салқындауы; иықтың ауырлауы; жиі күрсіну; ұмытшақтық; кеуденің қысылуы; кей жағдайда жүрек айну сияқты жайсыздықтар.
Алайда бұл белгілердің ешқайсысын көз тиюдің нақты дәлелі деп қабылдауға болмайды. Себебі мұндай жағдайлар күйзеліс, ұйқының жеткіліксіздігі, жұқпалы аурулар, қан қысымының өзгеруі, дәрумен тапшылығы және басқа да медициналық немесе психологиялық себептерден туындауы мүмкін.
Сондықтан адамның денсаулығында өзгеріс бай- қалса, оны бірден көз тиюге жорымай, қажет болған жағдайда дәрігерге қаралғаны дұрыс. Мұсылман адам өзін де, өзгелерді де көз тиюден сақтануға тырысуы керек. Оның негізгі жолы – Аллаға сыйыну, дұға жасау және Оған тәуекел ету. Сондай-ақ «Ықылас», «Фалақ» және «Нас» сүрелерін оқып, Алладан қорғау тілеп, өзіне дем салу.
Ал біреудің бойынан, баласынан, үйінен немесе дүние-мүлкінен өзіне ұнайтын нәрсені көргенде, оған қызғанышпен қарамай, береке тілеу керек.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №11, 2026 жыл