ӘЙЕЛДЕРДІҢ БОЯНУЫНА БОЛА МА?
Әйелдерге, қыздарға шариғат шеңберінен шықпай сәнденуіне, боянуына рұқсат етіледі[1]. Алла Құранда былай дейді:
قُلْ مَنْ حَرَّمَ زِينَةَ اللَّهِ الَّتِي أَخْرَجَ لِعِبَادِهِ وَالطَّيِّبَاتِ مِنَ الرِّزْقِ
«(Уа, Пайғамбар!) «Алланың құлдарына шығарған әшекейлері мен ризықтардың жақсыларын харам етіп жүрген кім?» деп айт»[2]. Бұл аят кез келген әшекейдің негізі мубах (рҰқсат) екендігіне дәлел[3].
Жәбирден жеткен хадисте: «Али Йеменнен Алла Елшісінің түйесін алып келгенде, Фатиманың ихрамнан шығып, боялған киім кигенін және көзіне сүрме жаққанын көреді»[4], – делінген.
Сондықтан әйелдерге сүрмеге рұқсат етілгендей, макияж т.б. бояғыш заттармен боянуларына болады. Алайда төмендегі шарттардың табылуы тиіс:
- Күйеуінің және махрамдарының[5] алдында боянуы; Бұлардан басқа бөгде адамдардың алдында жұқартып немесе қалыңдатып болса да боянуға болмайды.
- Зиян болмауы;
- Ері қайтыс болған әйел идда мерзімін күтіп отырмаған болуы; Себебі әйелге идда мерзімінде сүрме жағуға, боянуға, иіс су себінуге болмайды[6].
- Әдептілік шеңберінен шықпауы әрі қалыптасқан әдеп-ғұрыпқа қайшы келмеуі;
- Ысырапқа жол бермеуі;
- Бояғыш заттардың құрамында нәжіс, харам, су өткізбейтін нәрселер болмауы тиіс. Өйткені ғұламалар дәретте жуылуы тиіс болған ағзаларға және ғұсылда бүкіл денеге су жеткізу керектігіне бірауыздан келіскен[7].
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] Кәмәл ибн Һумәм, «Фәтху әл-қадир», 2/347. Әз-Зәйлағи, «Тәбиину әл-хәқайық», 1/331. Әл-Хаттаб, «Мәуәһибу әл-жәлили», 4/230. Әш-Шибини, «Муғни әл-мухтаж», 3/400. Әл-Буһути, «Шәрху мунтәһә әл-ирадат», 2/114. Самия Һаяша, «Нәуәзилу зинату әл-марәти фи әл-фиқһи әл-исләмия», 26.
[2] Ағраф» сүресі, 32-аят.
[3] Әл-Қасими, «Мәхәсину әт-тәуил», 5/46.
[4] Муслим, №1218.
[5] Махрам – әйелдің күйеуі және ешқашан үйленуге болмайтын еркек туысқандары. Олар: әкесі, атасы, ұлдары, туған аға-інілері, олардың ұлдары, әпке-сіңілілерінің ұлдары, әкесінің туған аға-інілері, туған нағашы аға-інілері, күйеуінің әкесі (қайын атасы), атасы, күйеуінің басқа әйелдерінен туған ұлдары, сүт анасының күйеуі, ұлдары. Сондай-ақ сүт анасының әкесі, күйеуі, аға-інілері, ұлдары және одан емген басқа еркектің ұлдары. Себебі шариғатта бір анадан емген екі адамның ұл-қыздарына да бір-біріне үйленуге болмайды.
[6] «Фәтху әл-қадир», 4/340. «Әл-инәя», 4/336.
[7] «Әл-маусуғату әл-муйассарату фи фиқһи әл-қадая әл-муғасара», 58.