БИОТОКПЕН ЕМДЕУ ҮКІМІ
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Биоток – тірі жасушаларда болатын биоэлектрлік белсенділік, яғни тірі жасуша жарғақшасында пайда болатын электрлік зарядтар мен токтар.
Биотокпен емдеу – бұл емдеуші адамның қолымен басқа адамның денесіне энергия жіберу арқылы денсаулығына әсер ететін тәсіл[1].
Биотокпен емдеуге байланысты ғалымдардың арасында екі түрлі көзқарас бар:
- Биоток арқылы емдеуге тыйым салынады[2]. Бұл Уаһбәту әз-Зухәйли, Нәдир әс-Сәнуси сынды ғалымдардың көзқарасы. Өйткені биотокпен емдеуде Исламның сеніміне қайшы келетін нәрселер бар. Тіпті мұндай емдеуде Аллаға серік қосуға апаратын сөздер мен әрекеттер болмаса да, оның шариғатқа сай болуы үшін діни дәлелге немесе нақты ғылыми негізге сүйенуі қажет. Ал биотокпен емдеу тәсілі шариғат бекіткен ем түріне жатпайды әрі ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.
Емдеудің бұл тәсілінде алдамшылық, кісі ақысын жеу қамтылған. Оған қоса жынның көмегіне немесе сиқырға сүйеніп жүзеге асырылуы да мүмкін. Сондықтан биотокпен емдеуге шариғат тұрғысынан рұқсат етілмейді деген[3].
- Биотокпен емдеуге рұқсат етіледі. Кейбір ғалымдар бұл әдісті «руқияға» (дем салуға) салыстырып әрі «әрбір нәрсенің негізі рұқсат» деген қағидаға сүйеніп, биотокпен емдеуге рұқсат етеді. Алайда рұқсат болуы үшін келесі шарттар сақталуы тиіс:
- Емдеу барысында Аллаға серік қосуға апаратын ешқандай сөздер мен әрекеттер болмауы;
- Сиқыр, бал ашу, жын-шайтанның көмегіне жүгінбеуі;
- Науқасқа нақты зиян келтірмеуі;
- Ем ақысы әділ әрі шектен тыс болмауы; Яғни адамдардың мұқтаждығын пайдаланып бағаны өсірмеуі тиіс[4].
- Шариғаттың толықтай басқа да талаптары сақталуы тиіс.
Шешім:
- Биотокпен емдеу барысында Аллаға серік қосу, жын-шайтанмен байланыс құру, сиқыр, алдау немесе алаяқтық сынды тыйым салынған істер орын алса, ол – харам.
- Биотокпен емдеу тәсілінде сенімге қайшы, діни тұрғыдан тыйым салынған нәрселер болмаса да, мұсылман адам ғылыми тұрғыдан дәлелденген және шариғатта рұқсат етілген медициналық ем түріне жүгінгені дұрыс.
[1] Мәис Юсуф Әбу Жуаид, Қаззафи Иззәт әл-Ғәнәим, «Хукму әт-тәдәуи би-иләжәти әт-тақати әл-хәяуияти: дирасатән фиқһиятән», Мәжәлләту әс-сират, 1-саны, 2023 ж. 556 б.
[2] Хулуд әс-Сәлим, «Мәжмуғу әл-фәтәуә әш-шәрғия фи хукми әл-бәрмәжәти әл-луғауияти әл-асабияти уә тәтбиқату әт-тақати әл-кәуния», 42.
[3] Курди, «Әл-Мәзәһибу әл-фәлсәфияту әл-илхәдия әр-рухия уә тәтбиқатуһә әл-муғәсәра», 43-99. Хулуд әс-Сәлим, «Мәжмуғу әл-фәтәуә әш-шәрғия фи хукми әл-бәрмәжәти әл-луғауияти әл-асабияти уә тәтбиқату әт-тақати әл-кәуния», 15, 86.
[4] Мәис Юсуф Әбу Жуаид, Қаззафи Иззәт әл-Ғәнәим, «Хукму әт-тәдәуи би-иләжәти әт-тақати әл-хәяуияти: дирасатән фиқһиятән», Мәжәлләту әс-сират, 1-саны, 2023 ж. 571-572.