БАУЫРЫҢА ӨКПЕЛЕМЕ
Әбу Аюб (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Мұсылманға діндес бауырына ренжіп, өкпелеп үш күннен артық ара-қатынасты үзуіне рұқсат жоқ. Ол екеуі кездесіп қалғанда (ренішін кешіре алмай) бір-бірінен жанарын тайдырады. Сол екеуінің ең жақсысы бірінші болып аман-саулық сұрасып сәлем бергені[1]», - делінген.
Демек, бұл хадисте мұсылман өміріндегі маңызды бір жағдайға қатысты нұсқаулық бар. Атап айтқанда, ренжісіп қалған екі адамның қарым-қатынас қандай болуы керектігі жөнінде. Мұсылман бауырына үш күннен артық өкпелеуі жөн емес. Назар аударатын жайт, лезде татуласу міндеттеліп тұрған жоқ. Міне, хадисте адамның табиғаты және болмысы ескерілуде. Адам темірден жаратылмаған. Ренжу, өкпелеу қала берсе ашулану адамның табиғаты. Қала берсе, ренжу немесе ашулану сияқты адами мінездерін жағымсыз деп қарастыруға келмейді. Өйткені, керекті жерінде, қажетті болғанда мұндай мінез көрсету заңдылық. Мәселен, ар-намыс және діни құндылықтарға қатысты айтылған теріс сөз немесе көрсетілген әрекетті үнсіз қабылдау дұрыс емес. Мұндайда ренжу қала берсе ашулану да керек.
Демек, хадисте өкпе-наз иман және ислам құндылықтарынан тыс, жеке тұлғасына қатысты күнделікті қарым-қатынас мәселесі екені айқындалып тұр. Үш күн бұл ең соңғы шегі. Сонымен қатар, хадистегі тағы бір маңызды жайтты айта кету керек. Екі адамның қайсыбірі өкпелеуге себеп болса, сол кешірім сұрауы керек деп тұрған жоқ. Бірінші болып амандық сұрағаны, сәлем бергені екеуінің жақсысы деумен ғажайып түрде бауырмашылдыққа үндеуде.
Ал енді, хадис ғалымдары қарым-қатынаста адами және имани құндылықтарға немқұрайлы қарайтын адамдармен үш күннен артық араласпауға рұқсат екенін айтады. Өйткені, олармен араласпау адами құндылықты аяқ асты етуге әлдеқайда дұрыс болмақ. Күнәні ашық жасайтын, өзінің жаман ісінен ешбір арланбайтын адамдармен қарым-қатынасты үзу дұрыс. Мәселен, арақ ішетін, құмар ойнайтын және арсыз сөздер айтатын адаммен дастарқандас болу немесе араласу мұсылманның өзі қастерлеген имани өмір салтын қадірлемеу болып табылады.
Ал енді, күнделікті күйбең тіршіліктегі реніш пен өкпені мұсылман кешіре білуі керек. Өйткені, хадисте «Пенделердің амалдары әр дүйсенбі және бейсенбі Алла құзырына көрсетіледі. Аллаға серік қоспаған әрбір мұсылманның (кіші және кісі ақысы болмаған) күнәсін Алла кешіреді. Тек бауырымен арасында реніші болған адам татуласпайынша күнәсі кешірілмейді[2]», - делінген.
Ербол Мәмбетов
"Төле би" мешітінің наиб имамы