БАЛА АТА-АНАҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕЙДІ
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір бала (иман) болмысымен туады. Ал, ата-анасы баланы яхуди я болмаса христиан немесе отқа сиынушы етеді. Міне бұл, жануардан жануар туғаны сияқты. Төлдің құлағы кесілген күйде туғанын көрдіңдер ме?[1]», - деген. Хадисте баланың тұлғалық қалыптасуында әке-шешенің берер тәрбиесінің маңызын көрсетуде. Әке перзентінің бойынан бар жақсылықты көруді арман етеді. Сол мақсатта баланы жақсылыққа бейімдеуге тырысып бағады. Бірақ өзіміз түзу болмасақ, мұның қаншалықты тәрбиеге әсері болмақ? Құран Кәрімде: «...Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді...[2]», - деген нұсқаулық бар. Демек, бала тәрбиесі – әкенің өзі жақсылыққа бет бұруынан басталады. Өйткені, тәрбиеде әкенің тұлғалық бейнесі ерекше рөлге ие. Сонымен қатар, әр әкенің өзіндік тәрбие-тәсілі болады. Біз соның ең маңызды қырларына тоқтап өтейік:
Үлгі болу – тәрбиедегі ең маңызды тәсілдердің бірі. Жалпы баланың ересектер ішінен үлгі тұтатын тұлғасы – әкесі. Әдетте, шамамен екі жасынан бастап еліктеуді бастайды. Ал, бес-алты жасында еліктеу ең шыңына жетеді. Мұнан кейін жігіттік шағына дейін бірқалыпты сақталады. Баланың әкесіне еліктеуі, әкесіне деген сүйіспеншілігінің нышаны. Ешбір қорқудың немесе күштеудің салдары емес. Бұл бейкүнә баланың кіршіксіз көңілінен туған әкеге деген ыстық сезім. Фрейд: "Жас бала анасын әкесінен қызғанып, ішінде бір кек сақтайды" деген бір теріс ой айтқан. Бұл жансақ, қате түсінік.
Еліктеу әрі үлгі тұту арқылы бала біз ойлағаннан әлдеқайда көп дүниелерді үйренеді. Жүріс-тұрысымыз балаға зор әсер етеді. Мейлің, көрші-қолаңмен қарым-қатынасымыз болсын, мейлің жұмыстағы әріптестерімізбен сөйлесу әдісіміз болсын. Әдетте мұны байқай бермейміз. Біздің көңіл-күйіміз тұтастай баламыздың рухани бейнесіне айналады. Демек, бала бойынан көруді қалаған қасиет әуелі әкеден көрініс табуы қажет. Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?! Істемейтін істі айту – Алланың алдында ең жеккөрінішті іс[3]», - деген аят бізге ой салуы керек. Алты жасар бала әке-шешесі айтып жүрген ақыл-кеңестерін өздері қаншалықты орындайтындығын ажырата алады. Сондықтан, жалаң сөз бұдан кейін балаға тәрбие бола алмайды. Мұнан кейін, әкенің сөзі мен жүріс-тұрысы үйлесуі қажет. Бір арнадан шығуы керек. Біздің иманымыз, мінез-құлығымыз және құндылықтарымыз бір жақта, ал күнделікті жүріс тұрысымыз бір жақта бөлек боп үйреспей тұрса не болмақ?! Бала тәрбиешінің сөзін құлағымен естуін естиді. Алайда, көзімен көріп тұрғаны мүлдем басқа жағдай. Ендеше, мұндай қарама-қайшылық ортада жақсы ұрпақ өсіремін деу қиынның қиыны. Табиғин Амр бин Ұтба баласын мұғалімге тапсырып жатқанда: «Баламды тәрбиелеуде ең бірінші ісің - өзіңді түзету болсын. Себебі, оның екі көзі сенің жүріс-тұрысыңда. Бала санасына сенің істеген ісіңді «жақсы іс» деп түйеді. Ал сен істемеген істі «дұрыс емес іс» деп қабылдайды», - деп кеңес берген екен.
Мейірім мен махаббат. Бұл ұғымдар тәрбиенің іргетасы. Мейірім баланы құшақтау, бетінен сүю, жұмсақ мәміле жасаумен көрініс табады. Бала нәресте шағынан бастап мейірімнің не екенін ұғынады. «Баланы жастан» деген ұғымды қаталдық тәрбиенің негізі деп асыра сілтеп жіберетіндер бар. Мейірім көрмеген баладан ертең әкесі қалайша мейірім күтпек. Бала ертең басқалармен мейірімділікті бөлісе алатындай әкесінің мейіріміне тойып өсуі қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында Ақрағ бин Хабис отырған кезде, жүгіріп келген немересі Хасанның маңдайынан сүйеді. "Менің он балам бар. Олардың ешбірін сүйіп көрмеппін", - дейді Ақрағ. Бұған Пайғамбарымыз (оған Аланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мейірімділік етпесе, мейірімділік көрмейді[4]», - деген екен. Әнас бин Малик (р.а.): «Бала-шағасына пайғамбарымыздан мейірімді адамды көрмедім», - дейді. Жалпы, әкенің балаға деген мейірімі табиғатында бар қасиеті. Балаға мейірім көрсету әкеге ешбір қиындығы жоқ. Ал, енді әке жүрегінде мейірімі жоғалса, ең бақытсыз адам болғаны. Әкесінен қаталдық сезген бала, әкесіне қасақана осындай мәміле көрсетеді.
Әбу Ләйлә риуаяты: «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында едім. Тізесінде Хасан ба, Хусейн бе отырған. Отырған күйі бала кіші дәретін жіберді. Жолақ болып ағып жатқанын көрдім. Мен баланы (Хасанды) алмақ боп ұмтылдым. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Балама тиіспеңдер, дәретін бітірмейінше шошытпаңдар», - деді де артынан су құйып жіберді[5]», - дейді.
Әкелік әділдік. Балаларына тең қарап, олардың арасында әділ мәміле жасауы қажет. Барлық баласына тең қарау бауырлар арасында бір-бірін жеккөру және қызғаныш сезімінің алдын алады. Өйтпеген жағдайда, әкесіне де кектенуі ықтимал. Хадисте: «Ақиқатында, Алла Тағала өз араларыңда ынсапты болуларыңды талап еткендей балаларыңның арасында да әділ болуларыңды қалайды[6]», - деп айтылған. Баланың кектену және қызғануына әсер етуші фактор ретінде зерттеушілер бауырлардың бірін екіншісінен артық жақсы көру екенін бірауыздан айтқан. Сонымен бірге, балалардың көзінше немесе естіртіп бірін-бірімен салыстыру. Әке барлық баласына тең қарауы тиіс. Бұл дегеніңіз, тіл алғыш баласын бұзығынан артық жақсы көрмеу. Кенжесін үлкенінен артық еркелетпеу деген сияқты. Мұның барлығын бала сезеді, аңғарады. Әке осындай қателік жіберсе, дер кезінде жағдайды түзетуге тырысуы қажет. Әйтпесе, «жәбір» көрген баласы бауырларына деген ашу-ызамен өседі. Бала қажетінше ала алмаған мейірімнің есесін бауырларынан қайтару ойымен есейеді.
Баланы серік ету. Бала сегіз жасынан бастап әкесімен бірге отырып, әңгімеге араласуды қалайды. Әкесінің сөз саптауын, көптің ішінде өзін ұстау мәнерін көріп, үлгі еткісі келеді. Осы кезеңді әке дұрыс пайдалануы қажет. Баланы мүмкіндік туған жағдайда өзімен бірге алып жүру. Бұл бала үшін баға жетпес тәрбие көзі. Әкесінің жанында жүріп немесе үйге қонақтар келгенде дастарқан басында меймандарға қызмет ету арқылы көпті үйренеді. Әрине, үнемі баланы бірге ертіп жүру мүмкін емес. Десе де, жұмасына бір күн саябаққа немесе жиындарға жанына ерткені жөн. Сонымен бірге, кеші дастарқан басында бір мезгіл әңгіме-дүкен құру жақсы әсер етеді.
Даналықпен бағыт беру. Жеңілдету әрі оңайластыру шариғаттың ұстанымы. Балаға шаруа үйретуде таптырмас тәсіл. Хадисте: «Дұрыс бағытқа салыңдар, жақындата түсіңдер. Таңертең және кешке әрекет етіңдер және түннің бір уақытында (бас салып, өзін қинай бермей тіршілік пен құлшылыққа тиімді уақытта әрекет ету меңзелуде). Орташа әрекет етіп мақсатқа жетесіңдер[7]», - деген. Тағы бір хадисте: «Кінәмшілдер құрдымға кетті[8]», - деген. Бұл риуаяттағы "кінәмшіл" – сөзінде және ісінде шектен шығуды, тым назшыл, өте кірпияз адам. Ибн Ражаб Ханбали: "Алла Тағалаға ең ұнамды іс дұрыс бағыттағы, орта деңгейдегі, оңайластырылғаны және ешбір қиындату және ауырлату болмағаны», - дейді. Міне, бұл құлшылықпен қатар тіршілікте де қажетті талап. Тәрбиеде жұмсақтық пен оңайталу әдісін әлдеқайда көбірек қолданған жөн.
Әр нәрсенің мөлшерін білу маңызды. Тым шектен шығу зиян. Сол сияқты немқұрайлық та сол деңгейде зиян. Тәрбиеде әр нәрсенің орта тұсын таба білу керек. Әке насихаты жалықтырып жіберетіндей тым ұзақ болса, пайдасынан гөрі зияны көбірек болмақ. Сол сияқты баланы жазалаудың да орта нүктесін таба білу керек. Өйткені, жазаның мақсаты – баланы тәрбиелеу, қорқақ ету емес. Сондықтан, баланың кейбір бұзықтығын байқамағансу да дұрыс. Имам Ғазали (р.а.): «Баланы кез-келген нәрсе үшін жазғыра берме. Көп сөгіс еститін балаға әдепсіз іс түкке тұрғысыз болып қалады. Нәтижесінде балаға сөздің түк те әсері болмай қалады. Әке сөзінің салмағы сақталсын. Тек ара-кідік ескерту айтылсын»,-деген екен. Демек, баланың әрбір «тентектігіне» «қой» деп айта берудің пайдасы жоқ. Бұл әке сөзінің қадірін кетіреді. Баланы жөнге салам деген әке, жазғырудан аулақ болғаны жөн. Ескерту жасау әдептілік шеңберінен шықпауы керек. Бала әкенің мейірімін сезінсін. Әр кез еркелеп, қала берсе әзілдесіп ойнай алатынын біліп тұруы қажет. Сонымен бірге, әкесіне деген сый-құрметін де сезінсін. Демек, әке бойында – мейірім мен махаббат, айбын мен батылдық бір-бірін толықтырып тұруы керек.
Әке батасы. Перзенттің ізгі болуында әке батасының орны бөлек. Дұға – мұсылманның қаруы. Дұға – пенденің Раббысынан ең қажетті тілегін сұрауы. Хадисте: «Үш кісінің тілегі қабыл болады, онда ешбір шүбә жоқ. Жәбір көрген кісінің дұғасы. Жолаушының дұғасы. Әкенің баласына берген батасы[9]», - деген екен. Құран Кәрімде: «Кезінде Ибраһим: "Уа, Раббым! Мына елді (Меккені) бейбіт те қауіпсіз мекен еткейсің! Мені де, бала-шағамды да пұттарға табынудан аулақ қылғайсың!", - деп дұға етті[10]», - деген аят бар. Бұл Ибраһим пайғамбардың ұрпағына берген батасы. Закария пайғамбар (ғ.с.) ұрпақ тілеп: «Уа, Раббым! Маған Өз тарапыңнан пәк әрі қайырлы ұрпақ нәсіп ете гөр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың барлығын Естушісің[11]», - деп мінәжат еткен.
Табиғин Ибн Мубаракқа біреу баласын алып келіп: "Мынау тілімді алмайды. Айтқанымды істемейді", - дейді. Сонда ғұлама: "Балаға теріс бата берген (оңбаған, бәтуасыз, жарымағыр деген сияқты айтқан) кезің болды ма?", - деп сұрайды. Кісі: "иә, болды",-дейді. Сонда Ибн Мүбарак: "Баланы өзің бұзған екенсің", - деген екен. Міне, осы төрт тәсіл тәрбиеде сізге көмекші болсын. Айтпақшы, әкеге деп айтылған кеңестер аналарға да тиісті екенін ұмытпаңыз.