БАС ИМАМ КӨШЕ ТАЗАЛЫҚШЫЛАРЫН ҚҰРБАН АЙТПЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы Құрбан айт қарсаңында Медеу ауданы «Фатима» мешітінде қайырымдылық шарасына қатысты.
ҚМДБ Алматы өкілдігінің құрбан айт мерекесіне байланысты жұмыс жоспарына сәйкес «Фатима» мешітінде көше тазалықшыларына арнайы құрбан айт сыйы ретінде азық-түліктер салынған себет пен айттық тәттілерге толы қорап табысталды. Қайырымдылық шарасына қаланың бас имамы Төлеби қажы Оспан қатысып, ауданның тазалық жұмыстарына атсалысып жүрген еңбек адамдарын алдымен қасиетті құрьан айт мерекесімен құттықтап, қаланың көрікті де таза болуына зор үлесін қосып жүрген жандарға алғысын жеткізді. «Асыл дініміз «Тазалық - иманның жартысы» деп адамның өзі, ауласы, көше бойының тазалығына аса мән береді. Сол бейнеті ауыр тазалық жұмыстарына аянбай еңбек етіп жүрген сіздерге Алла разы болсын. Қоғам үшін жауапты еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Қасиетті құрбан айт мерекесі баршаңызға құтты болсын , - деп атап өтті бас имам. Еңбегі ел алдындағы шаруашылық адамдары бас имамға және дін қызметкерлеріне ризашылықтарын жеткізді.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі