ҚҰРБАН АЙТТА ҚАРИЯЛАРҒА АЙТТЫҚ ҮЛЕСТІРІЛДІ
Алматы имамдары мұсылмандар үшін ұлық мереке құрбан айт күндері қарттар үйіне барып, қарияларды мерекемен құттықтады.
Жылдағы дәстүр бойынша Әуезов ауданы «Ақсай» мешітінің бас имамы Бақтияр Қасымалиев пен Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Асан Тілеубердиев «Шаңырақ әлеуметтік қызмет орталығындағы» қарияларға жылы лебізді ақ тілектерін арнап, айтулы мерекемен құттықтап барды. «Құрбан айт - мейірім мерекесі деп таныған мұсылман жұрты үшін өзгені қуанту үлкен абыройлы іс. Сол себепті дін қызметкерлері әрдайым жақсылыққа жаршы болып, тек мерекеде ғана емес ұдайы қоғамның барлық деңгейлі жандарына қолқабыс жасауға жұмылады», - деп атап өтті имамдар. Мешіт тарапынан қарияларға Құрбан айттық сыйлықтар, азық-түліктер салынған қораптар мен құрбандық еттерінен де алып барды. Жабырқау көңіл қариялар мерекенің шуағын сезініп, дін қызметкерлеріне алғыстарын айтты.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі