Исламдағы сопылық
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ..
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Тасаууф немесе сопылық термині тілдік тұрғыдан бірнеше мағынаны білдіреді[1]. Мысалы, солардың кейбіріне тоқталар болсақ:
1) «الصُوف» «ас-суф» – «жүн» дегенді білдіреді. Яғни исламның алғашқы кезеңінде кейбір тақуа мұсылмандар Алланың мейіріміне бөлену үшін дүниеден алшақтап, үстеріне жүннен тоқылған киім киген.
2) «الصُفّة» «ас-суффа» – «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіндегі кедей мұсылмандардың тұратын орны» дегенді білдіреді, яғни, сопылық жолды ұстанушы «суффа» иелері және оларға ілесушілер.
3) «الصفاء» «ас-софа» – «таза» дегенді білдіреді. Яғни күнә жасаудан бойын аулақ ұстап, рухани тазалыққа дағдыландырады.
4) «الصف» «ас-саф» – «сапталу» дегенді білдіреді. Яғни олар ынта-ықыласымен әрі құлшылықтарымен өзгелерге қарағанда алғашқы саптан табылатын еді.
«Әр-Рисаләту әл-Қушайрия» атты еңбекте жоғарыдағы анықтамаларға жеке-жеке тоқталып: «Бұл атауға араб тілі тұрғысынан да, салыстырмалы (қияс) жағынан да, сөздің шығу тегі жағынан да ешқандай негіздеме жоқ. Дұрысы суфи деген сөз. Ол оған берілген лақап аты»[2]дейді.
Ал терминдік мағынасы жайында Ахмад әл-Жәрири (304һ немесе 311һ): «Тасаууф – (пенденің) ахуалын бақылау және әдептілікті ұстану»[3] десе, Әбу Бәкір әш-Шублә (334һ): «Тасаууф – сезім-мүшелеріңді тізгіндеу және нәпсіңді қадағалау» деген[4].
Аталған бұл анықтаманың барлығы адам баласына өзін қадағалауды аңғартады. Осы арқылы пенде құлшылығын толық күйде орындайды. Ал өзін қадағалауды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ихсан деп түсіндірген. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай құлшылық етуің, сен оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр (яғни, Алла мені көріп тұр деген дәрежеде құлшылық етуің)»[5].
Кархи (қ.б. 200 һ.): «Тасаууф – ол ақиқатты ұстану, жаратылыстың қолынан үмітін үзу»[6] – дейді. Берілген анықтама бойынша сопылықтың негізгі болмысын аңғартуда. Ол әрбір нәрсенің сыртқы бейнесін ғана білумен шектелмей, ақиқаты мен мәнін ұғыну. Екіншіден, зуһдтың дәрежесін баяндаған. Ол адамдардың қолындағы нәрседен күдерін үзіп, тек Аллаға тәуекел ету.
Әбу Бәкір әл-Кәттани тасаууфтың анықтамасын: «Тазалық және куәлік ету», – деп тұжырымдаған. Тазалық дегені нәпсімен күресуді білдіреді. Ал куәлік ету деп ақиқатты, негізгі мақсатты меңзеп тұр. Сопылық жолында жүргендердің пайымдауынша ақиқат дегеніміз – Алла Тағаланың өзі, періштелер және ілім иелері «Алладан басқа тәңір жоқ» деп куәлік еткендей куәлік ету. Ол жөнінде Алла Тағала Құранда:
شَهِدَ ٱللَّهُ أَنَّهُۥ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ وَٱلۡمَلَٰٓئِكَةُ وَأُوْلُواْ ٱلۡعِلۡمِ قَآئِمَۢا بِٱلۡقِسۡطِۚ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ ٱلۡعَزِيزُ ٱلۡحَكِيمُ
«Алла Тағала, періштелер және әділет үстінде тұрушы ғылым иелері, расында тым үстем, хикмет иесі Алладан басқа ешбір тәңір жоқтығына куәлік берді»[7].
Сопылық Құранға, сүннетке және сахабалардың өмір жолына негізделеді. Ол ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали секілді мәзһаб емес, мұсылманды ихсан дәрежесіне жеткізетін рухани, тәрбиелік жол.
Сопылық исламның негізгі үш тіректерінің бірі. «Жәбірейіл хадисі» деген атпен белгілі мәшһүр хадисте діннің үш негізі анық айтылған. Әзіреті Омар (Алла оған разы болсын) былай деді: «Бір күні Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында отырғанымызда киімі аппақ, шашы қап-қара бойында жолаушының белгісі жоқ бір бөтен кісі кіріп келді. Ол Алла Елшісінің жанына отыра кетті де, тізесін тізесіне тақады және екі алақанын санының үстіне қойды. Сөйтті де: «Уа, Мұхаммед! Маған ислам жайлы айтшы», - деді. Алла Елшісі: «Ислам бұл Алладан басқа тәңірдің жоқ екеніне және Мұхаммед оның Елшісі екеніне куәлік келтіруің, намазды толық оқып, зекет беруің, рамазан оразасын тұтып, шамаң жетсе қажылыққа баруың», - деп жауап берді. Сонда әлгі кісі: «дұрыс айтасың» деді. Біз әрі сұрап, әрі растап отырғанына таң қалыстық. «Маған иман туралы айтшы»,- деді. Алла Елшісі: «Аллаға, оның періштелеріне, түсірген кітаптарына, жіберген пайғамбарларына, ақырет күніне және тағдырдың жақсысы мен жаманына иман келтіруің», - деп жауап берді. Әлгі кісі тағы да: «Дұрыс айтасың», - деді де: «Маған ихсан туралы айтшы», - деп сұрады. Алла елшісі: «Ихсан бұл - Алланы көріп тұрғандай құлшылық етуің, сен оны көрмесең де, Ол сені көреді», - деп жауап қайырды.
Жоғарыдағы хадистен байқағанымыздай Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жебірейіл періштемен болған сұхбатта дініміздің үш негізгі тірегін көрсеткен:
Ислам. Мұсылманның кәлима шәһәдат айтуы, намаз, ораза, қажылық, сауда-саттық т.б. тәрізді сыртқы бейнені реттейтін құлшылықтарды меңзеп тұр. Бұған ғұламалар «шариғат» деп атау берген. Бұл салада ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабтары негізге алынады. Ал біздің өңірімізде әрі орта Азияда ханафи мәзһабын ұстанады.
Иман. Алланың барлығы мен бірлігі, кітаптарға, пайғамбарларына, періштелеріне, жақсылық пен жамандыққа, қайта тірілуге, тағдырға, жәннат-тозақ секілді сенімге тікелей қатысты барлық мәселелерді қамтиды. Сенімге қатысты тақырыптарды зерттейтін ғылымды «ақида» дейді.
Ихсан. «Аллаға оны көріп тұрғандай құлшылық етуің, сен оны көрмесең де, Оның сені көріп тұрғанын сезінуің» дегендей тікелей ішкі жан дүниені, жүрек дерттерін емдейтін мәселелерді қамтиды.
Бұл саланы арнайы жол ретінде жүйелеген – Жунайд әл-Бағдади мен Баязид Бистами.
Ихсан дәрежесіне жету үшін міндетті түрде тәрбиелік жол қажет. Ол нәпсімен күресу, төменгі дәрежеден кемел сипатқа жету. Бұл жол шариғаттан ақиқатқа жеткізетін көпір іспетті.
Нәпсіні тәрбиелеу мына үш кезеңнен тұрады:
«التخلي»: Бүкіл жаман істерден, әдеттерден арылу.
«التحلي»: Жақсы қасиет, әдеттермен безену.
«التجلي»: Кемелдікке жету.
Дегенмен, шариғатты (ақида, фиқһ) білу ең басты талап етілген нәрсе, ал рухани жолды ұстану кемелдікке жетелейді.
Әзірет Сұлтан шариғатсыз тариқаттың болмайтындығын, тариқаттың бар мәселесі шариғатсыз шешілмейтіндігі туралы мына өлең шумағында көрсетеді:
Шариғатсыз шешім болмас Тариқатта,
Тариқатсыз шешілмейді Хақиқат та.
Үшбу жолдар айқындалар шариғатта,
Барлығын да шариғаттан білмек керек.
Шейх Ахмад Заруқ:
«Сопылық тек фиқһпен болу керек. Өйткені сыртқы (дене-мүшелермен орындалатын) Алланың үкімдерін фиқһпен ғана білесіз. Фиқһ та тек тасаууфпен болуы тиіс. Себебі құлшылық ықылассыз, Алланың разылығынсыз дұрыс болмайды. Бұл екеуі (фиқһ пен сопылық) тек дұрыс сеніммен жүзеге асады. Өйткені сенімі хақ болмаса ол екеуі де (фиқһ пен сопылығы) дұрыс болмайды. Сондықтан бұлардың барлығын кез келген үкімде тең ұстау қажет. Бұл адамның тәні мен рухы тәрізді. Себебі рухсыз тәнде тіршілік болмағанындай, екеуінің бірінсіз екіншісі жүзеге аспайды»[8] деген.
Имам Мәлик ибн Әнәс:
«Кімде-кім тасаууфты ұстанып, фиқһты (яғни ақида мен фиқһ) білмесе, онда дінсіз болғаны. Фиқһты біліп, тасаууфты ұстанбаса, онда пасық болғаны. Ал осы екеуін бірге ұстанса, онда шыңға шыққаны»[9] дейді.
Имам Шафиғи:
«Сопылармен сұхбаттасып: «Уақыт қылыш тәрізді, сен оны кеспесең, ол сені кеседі», «Нәпсіңді тура жолға бағыттамасаң, онда ол сені бекершілікпен шұғылдандырады», сондай-ақ «ешкім қателіктен ада емес» деген сөздерді үйрендім», – дейді[10].
Имам әз-Заһаби:
«Егер ғалым сопылықтан, құдайшылықтан жұрдай болса, онда ол – бекершілік. Ал сопылық жолын ұстанған адам сүннет ілімінен жұрдай болса, онда ол тура жолдан адасыпты»[11] дейді.
Әл-Мусиби былай дейді:
«Біз имам Мәликпен және оның достарының жанында отырған едік, кенеттен насыбилықтардың (Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанұясын дәріптейтін) бірі: «Уа, Абдулланың әкесі! Біздің арамызда сопылық атауымен аталған бір топ бар. Олар тағамды көп жейді, өлең шумақтарын айтып, сосын тұрып билейді» – деп айтады. Имам Мәлик:
– Олар балалар ма?
– Жоқ.
– Жындылар ма?
– Жоқ, олар қария кісілер. Онда ислам ғұламаларының мұндай іс-әрекетті істегенін мен көрмеппін - дейді»[12].
Сондай-ақ, Әбу Бәкір Кердерінің:
Сопылық жолы ауыр жол,
Ұстансаң оны тәуір жол.
Сопылықты ұстансаң,
Оқыған көп ғалым бол», -
деуі де бекер емес.
Қорытынды
Сопылық – Алланың рақымына жақындауды үйрететін, адамның ішкі жан-дүниесін күнәһарлықтан тазартып, барлық артықшылықтарды бойға сіңіруді үйрететін рухани ілім. Сопылық жол – пенденің Аллаға жету жолындағы бағытын немесе жүйесін үйретеді. Аллаға жету – Оны тану, Оған деген шынайы махаббат. Бұл дегеніміз құлшылықта ықыласты болу, тыйым салынған нәрселерден аулақ болу, нәпсіні, жүректі жаман мінездер мен әдеттерден арылтып, көркем мінезбен кемелдендіру. Сол үшін сопылық – жүректі күнәдан, нәпсіқұмарлықтан тазалап, көркем мінезді қалыптастыру ілімі деп аталады.
Қазіргі таңда көптеген адамдардың сопылық жолды ұстанып, үлкен қателіктерге жол беріп жатқаны ақида және фиқһ ілімін үйренбегендіктен туындап отыр. Сопылық деген атау кейіннен шыққанымен, шариғат дереккөздерінде әу бастан бар. Ақиданы, шариғатты білмей тұрып сопылықты ұстану бұрмалаушылыққа әкеліп соқтырады.
[1] Абдулқадир Иса, «Хақайқу ан әт-Тасаууфи», 25.
[2] «әр-Рисаләту әл-Қушайрия», 279.
[3] «әр-Рисаләту әл-Қушайрия», 282.
[4] «Табақату әс-суфия», 340.
[5] Бұхари, 1/27.
[6] Әбу Абдурахман әс-Сәләми, Табақату әс-суфия, 19. Каир, мәктабәту әл-Хонжи. 1987ж.
[7] Әли-Имран сүресі, 18-аят.
[8] Ахмад Заруқ, Қауағиду әт-тасаууф, 3.
[9] Муллә Али әл-Қари, Шарху айни әл-илми уа зайни әл-хулми, 1/33.
[10] Ибн Қаюм, «әл-Мәдәриж», 3/129.
[11] Сияру ағләму ән-нубәләә, 15/410.
[12] Тәртибу әл-мәдәрик, 2/53.
Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі