Ынсапты радикализм
Қазіргі кезде бұл оқиғаға қатысты сан түрлі нұсқалар мен тұжырымдар жасалуда. Бұл кінәні басқаларға тағып, лаңкестік әрекеттің жауапкершілігін басқаларға аудара салу үшін кейбір сәләфиттердің де тарапынан қолдау тауып жатыр. Алайда, біз әр түрлі болжамдарды баяндап сөзді көбейтпейміз, тек ресми түрде айтылған пікірге ғана тоқталамыз.
Мысалы, мәселе «Таблиғқа» (оның өкілдері өздерінің көптігіне және діни идеяларға деген адалдығына қарамастан, тіпті олар ресми түрде экстремистік деп танылғаннан кейін де шегінер жерлері қалмағандығына қарамастан, Қазақстанда бірде-бір лаңкестік әрекет жасаған жоқ) кеп тірелгенде, соларға қатысты кез келген жағымсыз жайтта аталмыш қозғалыстың атауы ешқандай қиындықсыз, мәймөңкелеместен, нақты аталып жүрді. Тіпті олар бүкіл дүниежүзінде осы күнге дейін бірде-бір лаңкестік жасамағандарына қарамастан. Олар жиһанкездер ретінде ғана белгілі: кейде дегеніне көндірмейінше ығырыңды шығаратын, кейде надан. Бірақ, олар лаңкестер емес, уағызшылар.
Дей тұрғанмен, факт бойынша, олар экстремист деп танылды және оларға Қазақстанда тыйым салынды, біз бұған қарсы шығып, терістейін деген ойымыз жоқ. Бізді таң қалдыратыны мынау: неліктен бірде-бір лаңкестік әрекет жасамаған қозғалыс экстремистік болып танылады да, Қазақстанда осымен бір емес, бінеше лаңкестік жасаған шынымен де оқшауланған қозғалыс рұқсат етілген болып қала беруде және өзінің сенімдерін елімізде емін-еркін насихаттауда?
Бұл сұрақ таблиғты рұқсат етсін деген мақсатпен қойылып отырған жоқ, таблиғ – үндеудің көптеген түрлерінің бірі ғана, онсыз дін жойылып кетпейді. Бұл жамағат жүз жылға да жетпейтін уақыт бұрын құрылған. Ал, Исламның пайда болғанына мың жарым жыл болып қалды және ол осы бейресми ұйым дүниеге келмей тұрып-ақ бүкіл әлемге тарап үлгерді.
Бұл сұрақтың қойылып отырған себебі, «жат идеологияларға» осындай сақтықпен қарап отырған ахуалда неліктен бізге әлдеқайда жат ағымға елімізде әлі күнге дейін рұқсат етіліп отыр, оның үстіне, сол ағымның ханафи мәзһабына, жалпы мәзһабқа еруге қарсы шығып, онымен қоймай, лаңкестік әрекеттерге баратындарын ескерер болсақ?
Бұл сұраққа, ең болмаса, жарым-жартылай жауап беру үшін көптеген қазақстандықтар біле бермейтін ақпаратты баяндай кету керек. Халықтың көпшілігі аса діндар болмағандықтан, бұл оларға қызық емес. Олар тек лаңкестік орын алған жағдайда ғана бұл мәселеге көңіл бөліп, зерттей бастайды.
Сол бейресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда сәләфиттік ағым өкілдерінің қазақстандық қоғамның барлық салаларында дерлік айтарлықтай ықпалды қамқоршылары бар екен. Олар саяси билік өкілдерінің арасында да бар деуден аулақпыз, өйткені, елімізде олай болуын елестетудің өзі қиын шығар, сірә. Булгаков кейіпкерінің сөзімен айтар болсақ: «Шынымен де Мәскеуде алаяқтар бар ма?» дегеннің кері.
Бірақ, олардың қамқоршылары кәсіпкерлердің, айтыскер ақындардың, шоу-бизнес өкілдерінің, әр түрлі қоғам қайраткерлерінің, тілшілердің, сарапшылардың, саясаттанушылардың және тағы да басқалардың арасында бар екендігі анық. Олар өздерін елдің алдында ашықтан-ашық сәләфит деп атамаса да, олардың сәләфит екендері шындық.
Бәлкім, Ақтөбедегі соңғы лаңкестік әрекеттерді кім жасағанын ұзақ уақыт бойы нақтылап айтпай, бұлыңғыр қалдыруға сол салалардағы қамқоршылардың септігі тиген шығар. Бірақ, кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев лаңкестерді сәләфиттер деп атап, бұл дауға нүкте қойды.
Бұл сәләфиттердің бет-бейнесіне айтарлықтай ауыр соққы болды. Мадхалиттер мен суруриттер секілді сәләфиттер де, сарапшылардың, саясаткерлердің және тілшілердің тобы да сәләфиттердің бет-бейнесін сүттен ақ, судан таза қып сақтағылары келіп еді. Олар «сәләфиттердің барлығы экстремист емес, олардың бірқалыптылары және тәкфирит-хауаридж (яғни, қандай да бір адам немесе адамдар тобы жайлы тәкфір шығарушылар – оларды кәпір деп жариялаушылар) деген атпен белгілі бірқалыпты еместері де бар, лаңкестік әрекеттерді жасаушылар – солар. Ал, бірқалыпты сәләфиттер лаңкестік әрекеттерге қарсы және мемлекеттік билікті, әсіресе, Елбасыны мұсылмандардың әміршісі (әмирул-муминин) ретінде белсенді түрде қолдайды» деп айтумен болды.
Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, лаңкестік әрекет жасайтындар – «дұрыс емес аралар» және олар «дұрыс емес бал» жасайды. Оларды сәләфит деп те атауға болмайды. Ал, дұрыс сәләфиттер ондай емес. Нағыз сәләфиттер – солар, олар тек ізгі ата-бабаларымыздың жолына ерушілер.
Олар үшін тағы бір қиындық тудырғаны, лаңкестердің сәләфиттік ағымға жататындарын Елбасының өзі жария етті. Ал, олар оған жағыну үшін барын салып бағып еді және оған бағынатындарын мәлімдеп келіп еді. Айтпақшы, осы жағдай олардың өздері осы күнге дейін айтып келгендей, Елбасымызға қаншалықты адал екендігін тексеруге септігін тигізбек.
Олар үшін осындай күрделі жағдайда олардың сәләфизмге мемлекеттік деңгейде тыйым салынуына жол бермес үшін өз медие-тұлғалары арқылы түрлі қулықтарға барып жатқанын көріп отырмыз. Жасырын бопсаның бір түрі мынадай: олар сәләфиттерге тыйым салу олардың радикалдануына, соның нәтижесінде, қоғамымыздың одан әрі тұрақсыздануына алып келеді деп, жұртшылықты және мемлекеттік органдарды қорқытуға тырысуда.
Ашығын айтайық, біз «жоқ, олай болмайды» деп айта алмаймыз. Мәселе сәләфиттерге кеп тірелгенде, бәрі мүмкін: олардың ары қарай радикалданып кетуі де, еліміздегі ахуалды тұрақсыздандыруы да. Әсіресе, экономикалық дағдарыс пен біздің басымызға түскен әлеуметтік мәселелерді ескерер болсақ.
Алайда, мынадай орынды сұрақ туындайды: қалайша Елбасымызға және ҚР заңдарына сондай адал бірқалыпты сәләфиттер кенеттен бірқалыпты болудан қалып, Қазақстанда қанды қырғын ұйымдастырады? Олардың идеологиясына тыйым салынғаны үшін бе? Онда таблиғтар неге олай істемеді? Оларды экстремист деп тануды көптеген сәләфиттер қолдап еді ғой.
Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырайық. Әлгі таблиғтарға тыйым салынғаннан кейін елімізде олар ұйымдастырған бірде-бір лаңкестік әрекет орын алған жоқ. Олардың ешқайсысы радикалданған жоқ және мемлекеттік органдарды, сауда орталықтарын, әскери бөлімдер мен мазарларды күйреткен жоқ. Демек, бұл әдістің іске асқаны. Онда неліктен экстремист таблиғтарға қатысты іске асқан әдіс экстремист емес сәләфиттерге қатысты іске аспасын? Экстремист емес адамдарға қарағанда, экстремистердің экстремизмге бейім тұратыны айдан анық емес пе?
Біз бәрін дұрыс жасаған болсақ, аталмыш әдіс нәтиже берген болса (ал, бұл оның тиімділігін көрсетеді), демек, бұл әдісті ары қарай да қолдана беруге болады және қолдану керек. Егер сол әдіс экстремистерді сабасына түсірген болса, экстремис еместер ол әдіске бола радикалданбауы тиіс. Алайда, барлығы дәл солай болады деп дабыл қағуда.
Осы тағы бір сәләфиттік қарама-қайшылық бізді екі логикалық тұжырымға алып келеді: не бұл әдіс тиімді емес және шындығында экстремист емес топтармен ғана нәтиже береді, ал, шынымен де экстремизге бейім топтармен ол нәтиже бермейді. Бірақ, онда нағыз экстремистер таблиғ емес, сәләфиттер болып шығады ғой. Өйткені, таблиғтар радикалданған жоқ, ал, сәләфиттер, кейбір сарапшылардың айтуы бойынша, міндетті түрде радикалданады екен. Бұлай талдаудың сәләфиттерге тиімсіз екені айтпаса да түсінікті.
Екінші тұжырым: бұл әдіс тиімді және оны қолдану қажет. Өйткені, таблиғтарға қолданғанда, ол өзінің тиімділігін көрсетті, сондықтан, Қазақстанда сәләфизмге тыйым салу да сондай нәтиже беруі тиіс. Алайда, сәләфиттерге бұл да тиімсіз. Олардың идеологиялық қарсыластары туралы сөз болғанда ғана бұл олар үшін тиімді болатын.
Енді олардың ұстанымының тұрақсыздығы мен қарама-қайшылығы белгілі болғаннан кейін бастапқы сұраққа қайтып оралайық: «бірқалыпты» сәләфиттер бар ма; бар болса, неліктен олар әп-сәтте «бірқалыпты» болмай шыға келуі мүмкін?
Біздің пікірімізше, ынсапты сәләфиттер шынымен де бар және олар расында да байсалды күйлерінен лезде тайқып шыға келуі мүмкін, сол себепті, олардың ынсаптылықтарынан келер пайда шамалы. Оларды, өздерімен келіспейтіндердің бәрін кәпір деп жариялайтындармен салыстырғанда ғана байсалды деп атауға болады. Екіншілерінен айырмашылығы, ынсапты сәләфиттер өздерімен келіспейтіндердің бәрін кәпір деп жарияламайды – кейбіреулерін олар жай ғана адасушы немесе бидғатшы деп жариялайды.
Бірқалыпты сәләфиттердің тағы бір артықшылығы, олар басшыға бағынуға шақырады. Бұл үндеу ресми түрде ғана жасалатын нәрсе, олар сол арқылы мемлекеттің және қоғамның алдында өздерін жақсы қып көрсеткісі келеді. Мұның бәрі ешқандай талғамсыз, ашықтан-ашық тұрпайы жасалады және мүлде шынайы көрінбейді. Әсіресе, мадхалиттер осындай әрекеттерімен жақсы танымал, сол үшін оларды «мадхализдер» деп атайды.
Шындығында, ешқандай бағыну жоқ. Елбасымыз еліміздегі Исламның бірден-бір мойындалған құрылымы ҚМДБ десе, бірқалыпты сәләфиттер «имамдар – адасушылар және оларға еруге болмайды» дейді. Елбасымыз қазақ халқының рухани өміріндегі ханафи мәзһабының рөлі мен орнын мемлекет мойындайтынын айтса, бірқалыпты сәләфиттер мәзһабқа еруді тыйым салынған жаңалық және мәзһабизм індеті деп атайды. Елбасымыз біздің халқымыздың рухани атасы шейх Қожа Ахмет Яссауи десе, бірқалыпты сәләфиттер «сопылар көпқұдайшылдар және олар мазарларға табынады» дейді. Тағы да баса айтамыз, осыны айтып жүргендер – бірқалыпты деп аталатын сәләфиттер.
Бәрінен де сәләфиттер дайындаған, қазір кеңінен тарап кеткен «Қазақстандықтарға жолдау» қызық. Онда «лаңкестерді сәләфиттерге жатқызғаны үшін қазақстандық сәләфиттер наразы» екендігі айтылады. Олардың айтуынша, нағыз сәләфиттер қашанда заңды Басшыға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бағынуға шақырып келді және оған тіпті сөзбен қарсы шықпайды.
Біздің бауырларымыз лаңкестерді сәләфиттердің қатарына сол Елбасының өзі жатқызғандығын түсінбей қалған тәрізді. Олар өзгелерді сол Елбасыға бағынуға үндейді де, өздері бағынғылары келмейді. Өздері таратып отырған сол наразалық жолдауы олардың Елбасына сөзбен қарсы шыққандарын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы барлық сәләфиттерді үш топқа бөлуге болады:
1. Тәкфириттер – өздерімен келіспейтін адамдарға тәкфір шығаратын ең радикалды топ. Олар өздерімен келіспейтін адамдарға тәкфір шығармағандарға да тәкфір шығарады. Өздерінің сенімдерінде адал, бірізді және өте радикалды. Басқа сәләфиттік топтарды, әсіресе, мадхалиттерді өз ағымының шынайы сенімдерінен тайды деп айыптайды.
2. Мадхалиттер – өздерін ғана сәләфит деп атауға бәрінен де бейім ең үлкен топ. Басшыға бағынуға ресми түрде шақырады және бірінші топты хауаридж деп атап, оларға белсенді түрде қарсы шығады. Сондай-ақ, олар үшінші топқа да, яғни, суруриттерге қарсы шығып, оларды «Ихвандарға» – исламдық саяси ұйымға жатқызады.
3. Суруриттер – ең жымысқы, ұстанымсыз топ, ол белгілі бір кезеңде өздері бұрын насихаттап келген сәләфиттік идеялардан бас тартып, өздерін ханафиттерміз деп жариялады. Негізінде, олар – қойдың терісін жамылған қасқырлар. Олар өздерінің арам, саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін сол кейіпті жамылып жүр. Тілшілердің, саясаттанушылар мен сарапшылардың арасында, шоу-бизнес саласында және басқа да жерлерде дәл осы топтың өкілдері бәрінен кең тараған. Себебі, олардың сенімдері өздерінің сенімдерін жасыруға мүмкіндік береді (бір сөз екі рет қайталанғаны үшін кешірім өтінем). Дәл сол себепті, олар, алғашқы екі топпен салыстырғанда, қазақстандық қоғамда экстремист және шектен шығушылар болып көрінбейді, сондықтан, осы тамаша мүмкіндікті пайдаланып, ҚМДБ-ға ғана емес, мадхалиттер мен тәкфириттерге қарсы істерін жүргізеді.
Алайда, араларындағы келіспеушіліктер мен текетіреске қарамастан, барлық сәләфиттік топтардың ортақ құндылықтары бар. Бұл олардың керек кезде ешқандай келіспей-ақ, біріге салуларына мүмкіндік береді. Үнемі бір-бірінің сыртынан ғайбат айтып жүріп, ал, күйеулеріне қарсы бас біріктіру қажеттігі туындағанда, оп-оңай біріге салатын әйелдер секілді.
- Сонымен, біріншіден, ол – ақида. Барлық сәләфиттік топтардың ақидасы бірдей. Ол қалған сүннит мұсылмандардың ақидасынан өзгеше. Олар Алланы мекенмен шектейді (Аспан, Аршы) және «Оның дене мүшелері (Қол, Көз, Аяқ) бар» дейді. Бұларды тек қана тура мағынасында түсінеді де, басқа ешқандай ауыспалы мағынаны және ауыспалы мағынасының болуы мүмкіндігін де қабыл алмайды. Олар бұл сөздерді тура мағынасында түсінбегендердің бәрін не адасушы, не кәпір деп жариялайды.
- Екіншіден, бұл – олардың ғұламалары мен кітаптары. Ибн Тәймия мен Мухаммад ибн Абдул-Уәһһәбты өздерінің беделді ғұламалары деп танымайтын бірде-бір сәләфиттік топ жоқ. Сол сияқты, Таухидті Мухаммад ибн Абдул-Уәһһәб жазған «Китаб әт-Таухид» немесе «Үш негіз» кітаптары бойынша үйренбейтін бірде-бір сәләфиттік топ жоқ. «Вахабиттер» деген атау да соның атынан шыққан.
Осылайша, үш топтың да ортақ беделді ғұламалары мен сенімдері бар. Олар соларға еру арқылы қалған мұсылмандардың бәрін «таза Исламнан» ауытқығандар деп жариялайды. Олардың арасындағы айырмашылық тек мынада: радикалды сәләфиттер әлгі «хақ Исламнан тайған» мұсылмандары кәпірлер деп санаса, бірқалыпты сәләфиттер оларды адасушылар деп біледі. Бұның барлығы үшінші біріктіруші фактор – жалпы сүннеттік Исламды құрайтын барлық мұсылмандарға деген, мейлің ол әшғарит болсын, матуридит не сопы болсын, өшпенділікті тудырады. Айта кету керек, бұл атаулар мұсылмандардың ара жігін ажыратпайды әрі бір топтың екінші топтан абзал екендігін көрсетпейді. Бір мұсылман сенімде матуридит, фиқһта ханафи, ал сопылықта нақшыбанди бола беруі мүмкін. Бұлардың барлығы ислами ғылымдағы әр түрлі мектепті ұстанғандарымен, Әһлі сүннет уәл жамағатың аясында бола береді.
Мәселен, көптеген сәләфиттік парақшаларда «Сәләфиттер – ізгі ата-бабаларымыздың, яғни, сәләфтардың ізбасарлары» деген сөз қайталана береді.
Сәләфтар – мұсылмандардың алғашқы үш буыны. Сол үш буын Исламдағы ең ізгі буындар болып саналады. Имамдардың барлығы, яғни, сүнниттік мәзһабтардың негізін қалаушылар сәләф болған. Сол себепті, төрт мәзһабтың қайсысы болса да, бірін ұстанатын адам сәләфтардың ізбасарлары болып табылады, олардың ешқайсысы бір-біріне адасушылар деп айып тақпайды.
Санасы бар және саралай алатын адамға «менен басқа айналамдағылардың бәрі дұрыс емес, адасушылар» деген ұстанымның өзінде радикализмнің өскіні жатқандай боп көрінбей ме? Сол өскін бір күні бүршік жарып, тамыр жайып, елімізде өзінің жемісін беруі мүмкін ғой. Айтары жоқ, біз оның жемісін жеп те үлгердік. Шындығында, радикалды сәләфиттер мен бірқалыпты сәләфиттердің арасындағы айырмашылық – жеккөру деңгейінде ғана. Махаббаттан жеккөрінішке бір қадам болса, адасушы деп айыптаудан кәпір деп айыптауға дейінгі қашықтық одан да қысқа.
Оған Дағыстаннан шыққан танымал сәләфит уағызшы Надир Әбу Халидті үлгі ретінде келтіруге болады. Ол байсалды болып саналды, оның уағыздары желіде, оның ішінде қазақстандық сәләфиттердің арасында да емін-еркін тарап жатты. Алайда, қажеттілік туындағанда, ол заттарын жинады да, шалғай Иракқа тайып тұрды, сөйтіп, ИЛИМ (ҚР-да тыйым салынған ұйым) басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге ант берді. Яғни, ол бірқалыпты сәләфиттер хауаридждер деп атайтын сәләфиттерге барып қосылды. Ол жердегілер оны құшақ жая қабыл алды.
Неге қабыл алды? Өйткені, олардың бәрінің негізі бір. Егер оларға ақидасы басқа мұсылман барса, олар оның басын шабар ма еді. Тек ақидасы басқа мұсылман өз елінде өте-өте нашар тұрса да, тәкфириттердің басшысына ант беруге бармайтыны көңілімізді тыныштандырады.
Бұл «сәләфтардың жолымен жүрміз» деп шын жүректен сенетін сәләфиттердің бәріне қатысты. Олар қазір қанша бірқалыпты болса да, кез келген сәтте ауысып шыға келуі ғажап емес. Кез келген дайындалған «қатарға тартушы» олардың Ибн Абдул Уәһһәбқа деген махаббаты мен шынайылығын пайдаланып, оларға бұрынғы сенімдерінің қауқарсыз екенін дәлелдейді. Өйткені, Ибн Абдул Уәһһәб «дұрыс емес» мұсылмандарға тәкфір шығарып, оларға қарсы джиһад жүргізді, кез келген басшыға бағынуға шақырған жоқ.
Енді соңғы және басты сұрақ қалады: сәләфизмге мемлекеттік деңгейде тыйым салу «бірқалыпты» сәләфиттердің радикалдануына алып келетін болса, оған тыйым салу қажет пе?
Біз айтып кеткеніміздей, бұл бірқалыптылық – шартты және салыстырмалы, тұрақсыз және ұзаққа бармайды, ал, радикализм сәләфизмнің негізінде бар. Олар радикализмнің бір түрінен екінші түріне еркіндікте жүріп-ақ өте алады. Оған қоса, тыйым салуға қарағанда, еркін сәләфиттік үндеу радикализмге ауысу үшін әлдеқайда қолайлы орта болып табылады.
Оның үстіне, тыйым салған жағдайда ешқандай жаппай радикализация болмайды деген ықтималдық сақталып қала береді, есесіне, сәләфизмге еркіндік берілген жағдайда сәләфиттердің қатары бірнеше есе артатыны анық. Сол себепті, тыйым салу арқылы басымызға бәле тудырып аламыз десек те, одан келетін зиян оған еркіндік бергенде көретін зияннан артық болмайды.
Тыйым салуға қарсы болып жатқандарға және бұл мәселені ағарту әдісі арқылы шеше алмай жатыр деп ҚМДБ-ны жазғырып жатқандарға айтарымыз, темекі шегу, алкоголь, некеден тыс жыныстық қатынас және тағы да басқа нәрселер денсаулыққа зиян, өмірге қауіпті және рухани тұрғыдан азғындауға әкелетіндігін айтып, еліміздің азаматтарының көзін ашып көріңіздер. Содан соң сендердің мұны түбірімен жоймақ түгілі, мұндай ағарту ісінде қандай жетістікке жететіндеріңді көреміз.
Әлбетте, ағарту әдісінің маңызы зор, бірақ, кешенді түрде әрекет ету керек. Бізде дін мен мешіт мемлекеттен бөлек деп үнемі айтып жатады, бірақ, соған қарамастан, сол дін мен мешіттің мемлекеттік мәселелерді шешкендерін қалайды. Бұл – баршамызға ортақ мәселе, сондықтан, оны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шешууіміз қажет.
Барлығын имамдардың мойнына артып қоюға болмайтындығы секілді, оларсыз да әрекет етуге болмайды. Мемлекеттік органдар ҚМДБ теологтарымен ақылдасуы тиіс. Әйтпесе, сәләфизмге тыйым салудың арты жалпы Исламға тыйым салуға және қудалауға ұласып кетуі әбден мүмкін. Керек десеңіз, қазір бар сәләфиттерге де айқын себепсіз тиісе бермеген жөн. Бәлкім, уақыт өте келе олар дінді дұрыс түсіне бастайтын шығар, ал, әзірге намаздарын қалай оқығылары келсе, оқи берсін және сенгісі келген нәрселерге сене берсін. Ең бастысы, бұл ары қарай тарап кетпесе болды.
Олардың кітаптарына, дискілеріне, сайттарына және кез келген насихат түріне тыйым салынуы қажет. «Сәләфиттер – ізгі ата-бабаларымыздың ақиқи ізбасарлары», ал, «мәзһабқа ерушілер – адасушылар» деп жаза алмайтын болулары, әлеуметтік желілерде көптеген сәләфиттік топтар құра алмайтындай болулары және т.б керек. Сәләфизмді/ваххабизмді насихаттаудың кез келген түріне мемлекеттік деңгейде тыйым салынуы тиіс. Бұл вирусқа қарсы сақтану дәрісін егіп қана қоймай, оған карантин қою қажет.
Сонымен қатар, тыйым салу радикалдануға әкеп соғады деген сылтаумен тыйым салуға қарсы шығып жатқан сарапшыларға да аса назар аудару керек. Осыдан бірнеше уақыт бұрын, олар сәләфиттермен барлық сәләфиттерді біріктіріп, оларды басқа мұсылмандардан ереке етіп тұратын ең басты мәселе – ақида (сенім-наным) мәселесінде діни диспуттар өткізуге қарсы шығып, дәл осындай айғақ келтірген еді. Яғни, олардың айтуынша, сәләфиттермен діни диспуттар өткізу олардың радикалдануларына себеп болады мыс. Бірақ діни теологиялық диспут дегеніміз сәләфиттерді ағарту жолдарының бірі емес пе? Оның үстіне, олармен өткізілген сол баяғы диспут (Ерсін Әміре мен Өктем Заурбековтің арасында – аудармашының ескертпесі) сәләфиттердің сенімдеріне жойқын соққы беріп, оларың пайымдауларының ауқатсыз екендігін және Исламның ең мықты деген ғалымдарының түсінігіндегі Құран мен Сүннетке қарама-қайшы екендігін көрсетіп, дәлелдеп берді.