САЛТ-ДӘСТҮР - ӨМІР ҚАҒИДАСЫ
Ұлт болуымыздың өзі бір Алладан болғандықтан, оған жету жолы да ата–бабамыз ұстанған салт–дәстүрмен біте қайнасып кеткен таза исламда. Ал енді ұлттық салт–дәстүрлер туралы айтар болсақ, олар исламға дейінгі заманнан бастау алып, ислам арқылы шариғат пен сүннетке негізделіп күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз болып табылады.
Халқымыздың салт–дәстүрлерінің кез-келген түрінің түбінде исламның тамыры жатқанын байқаймыз. Дүниеге келген баланың құлағына азан шақырылып ат қойылғанынан бастап, дүниеден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесік пен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміздің исламнан нәр алғанын байқаймыз. Сондықтан да ислам мен дәстүріміздің арасындағы қарым–қатынас өте тығыз, айырып ажырату оңай емес.
Дәстүрдің бір сипаты – тұрақтылығында. Оны қаласа өзгертіп, қаламаса өшіріп тастайтын бір адамның меншігі емес. Дәстүрдің тағы бір артықшылығы - оның өміршеңдігінде, қанға сіңіп, күнделікті өмірге қалыптасқандығында. Егер әдет–ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған ислам діні тыйым салмайды. Дін мен дәстүрді біте қайнастыру үшін халықтың діни сауатын арттырып, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді әлі де күшейтуіміз қажет.
Орта ғасырларда күллі ислам дүниесінде қалыптасқан, қазақ халқы да шет қалмаған бір игі дәстүр бар. Қалам ұстаған кез келген сөз зергері әңгімесін Алла атымен бастап, тырнақалды туындысын дін исламның қағидаларын зерттеп-зерделеуге, талдап-түсіндіруге арнаған. Бұл білгенін білмегендермен бөлісу, өзгеге жеткізе отырып, өз білімін жетілдіру мақсаты еді. Қазақта Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы», Абайдың «Қарасөздері», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты», Мәшһүр Жүсіптің «Қара местегі» сияқты қазақ зиялыларының жиған-тергендері осы дәстүрдің заңды жалғасы іспетті.
Аталған ғұламаларымыз бізге өз мүмкіндігі шегінде өздері таныған шындықты жеткізуге тырысты. Өз білігін жинақтау, жетілдіру барысында ой бөлісті. Мүмкін олардың еңбектерінде де кемшіліктер бар болар. Бірақ түпкілікті ақиқатты тану ажалды пенденің бәріне бұйыра бермесі белгілі. Сондықтан ұлтымыздың маңдайына бұйырған ұлылардың ұстанымдарына құрметпен қарап, туындыларын талдап-таразылап, танып, пайдаланып қана қоймай, қажет кезінде сын көзбен қарап, жетілдіріп отыру да бәрімізге парыз. Ал Абай мен Шәкәрім пікірлерінің дінаралық түсіністікке қаншалықты негіз бола алатыны – дербес әңгіменің арқауы. Ойашар ретінде айтарымыз: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзді мәмілегер ұлттың құшағында өскен Абай ақын айтты. Сайын даланы санасына да, жүрегіне де сыйдырған ұлттың өкілі Шәкәрім: «О дүние, дүние! Шындыққа сонда кім ие?» – деп діндер мәселесіне әлемдік деңгейдегі биіктен көз салуға тырысты.
Ұлылардың болмысы ұлт болмысынан бөлек емес. Ұлт болмысы имани ұстанымдарсыз қалыптаспайды. Дін мен ұлттық мүддені аталарымыз ешқашан бөліп қарамаған. Енді ол ұстанымды бүгін бөлудің ешбір қажеттілігі де, негізі де жоқ. Естілердің сөзін ескеріп өскен, тағдыр табыстырған ұлттар мен ұлыстарды бауырына баса білген қазақ ұлты осы ұстанымда болуы қажет деп ойлаймын.
Бекет ата мешітінің бас имамы
Садиев Амантай