САХАБАЛАРДЫҢ ҚҰРАНҒА МАХАББАТЫ
Адамзатты бір тамшы сумен жаратып оған жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, адал мен арамды, сауап пен күнәні, шындық пен жалғанды баяндаған ешбір күмәні жоқ Құран Кәрімді берген Алла Тағалаға мадақ болсын. Осы ешбір күмәні жоқ кітапты егжей-тегжейлі үйреткен Мұхаммед Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).
Алла Тағаланың адамзатқа түсірген иләһи парақшаларының, кітаптарының соңғысы және қияметке дейін ешбір бұрмалаусыз жалғасатыны қолымыздағы - Құран Кәрім. Құран - Алла Тағаланың сөйлеу қабілетіне ие екендігін білдіретін (мутакаллим) сипатымен Пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммедке (оған Алланың саауаты мен сәлемі болсын) уахи арқылы түсірген иләһи кітабы. Құранның елуден астам атауы бар. Олардың ішіндегі ең танымалдары мыналар: Кітап, Құран, Кәләмуллаһ, Фурқан, Нұр, Зікір, Тәнзил, Уаһи, Һуда. Құран Алла тарапынан Жәбрейіл арқылы хазіреті Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсірілген, мұсхафтарда жазылған, тәуатир жолымен жеткен оқылуы да ғибадат. Фатиха сүресімен басталып, Нас сүресімен аяқталатын, оның ұқсасын ешкім де жасай алмайтын араб тіліндегі сөз.
Милади 610 жылдың Рамазан айында түсіріле бастаған Құран, жиырма үш жылдың ішінде тамамдалды. Сол уақыттан бері миллиардтаған адамның жүрегіне жайғасып, әлемдегі ең көп оқылатын кітапқа айналып келеді. Құран Кәрімді оқу, түсіну және соған сай өмірімізді өрнектеу, әсіресе осындай жақсы істің сауабы еселенетін қасиетті рамазан айында оқу орасан зор құлшылық. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін алған сахабалар Құранға деген махаббаттары ерекше болатын. Бірде түннің бір уақытында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі намаз оқымақ болып тұрады. Бұл уақытта ол мешітке жанаса орналасқан Айша анамыздың (р.а.) үйінде еді. Кенет ол Құран оқыған бір дауысты естиді. Ол дауыс сондай таза, жұмсақ, бейне бір Жәбірейіл Құранды жеткізген сәттегі дауысындай жағымды естілді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Айша, бұл Аббад ибн Бишрдың дауысы ма?", - деп сұрайды. "Иә, Алланың Елшісі", - деп жауап қатты Айша анамыз. "Я, Раббым, оның күнәларын кеше гөр", - деп үлкен махаббатпен дұға етті. Осы уақиғадағы сахаба секілді барлық сахабалар Құранды оқуға, түсінуге әсіресе оған амал етуге асығатын. Сондай сахабалардың кейбіріне тоқталып өтсек.
Әбу Муса әл-Әшғаридің әдемі дауысымен Құранды ерекше мақаммен оқитын. Ол Құран оқығанда адамдар жадыланғандай елтіп оқитын. Екі жаһан сардары ол жайлы: "Оған Дәуіттің мәзәмирінің бірі берілгендей", - деп дауысының кереметтігін мақтаған. Түнде мешітте намаз оқығанда мүміндердің аналары (Пайғамбарымыздың әйелдері) оның Құран оқығанын ұйып тыңдайтын. Хазреті Омар оған жолыққанда: "Уа Әбу Муса! Раббымызды біздің есімізге түсірші", - дейтін.
Абдулла ибн Масғуд жайлы Әли (р.а.): "Құранды әуеніне салып, мақамдап оқитын. Харамды – харам, адалды – адал деп білетін". Фақиһ әрі үлкен хадис ғалымы болды. Хазірет Абдуллаһ қайтыс болар кезде төсек тартып жатып қалды. Халифа Осман оның көңілін сұрап, қандай шағымының бар екенін білгісі келгенде ибн Мәсуд: "Бір ғана шағымым бар, ол күнәларым", – дейді. Хазірет Осман: "Не қалайсың?", – деп сұрағанда, көкейінде көптен күткен үмітін айтып: "Алланың рақымын", – деген еді. Хазірет Осман: "Жылдар бойы алмай тартынған мемлекет тағайындаған айлығыңның берілуін әмір етейін бе?", – дегенде, ибн Мәсуд: "Бұдан кейін оның еш пайдасы бола қоймас", – дейді. Осман: "Артыңдағы балаларыңа қалар". "Балаларым кедей болып қалады деп қорқамысың? Мен оларға әр түні “Уақиға” сүресін оқыңдар деймін. Өйткені Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Кімде кім әр күні жатарда “Уақиға” сүресін оқитын болса, дүниеде таршылық көрмейді” дегенін естіген едім", – деп жауап берген еді.
Үбәй ибн Кағб – қасиетті Құран Кәрімнің көркем оқылуы жолында көп қызмет атқарған әрі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскен уахилерді хатқа түсіріп отырған (уахи катибі) шамшырақ сахабалардың бірі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол жайлы: “Құранды ең жақсы оқитын кісі деген. Сондықтан да Үбәй ибн Кағб “Құран оқитындардың мырзасы” және “ансарлардың мырзасы” деген лақаппен де кең танылды. Хазірет Үбәй ибн Кағб Құран Кәрімді сегіз түнде хатым етіп бітіретін. Пайғамбарымыздың тұсында Құранды бастан-аяқ жатқа білген саусақпен санарлық сахабалар санатынан-ды. Бір ретінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Үбәй ибн Кағбті шақырып: "Алла саған Құран оқуымды («Бәййнә» сүресін) әмір етті", – дегенде, Үбәй ибн Кағб сенерін де, сенбесінде білмей: "Алла менің атымды атады ма?", – деп таңырқай сауал тастайды. "Иә, сенің атыңды толық атады". Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аузынан кез-келген адамға айтыла бермейтін қуанышты хабарды естігенде көзінен ыстық жас парлап: "Уа, РасулАлла! Олай болса оқыңыз", – деді. Міне, Алланың арнайы атын атаған ең бақытты жандардың бірі осы Үбәй ибн Кағб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәңгілік әлемге көшкеннен кейін хазірет Үбәй өмірін Құран үйретуге арнайды. Ол шәкірттеріне Құранды әдемі оқуды, аяттардың мағыналарына терең бойлауды үйретті. Хазірет Әбу Бәкір, Омар және хас сахабалардың көпшілігі одан Құран үйренді.
Муаз ибн Жәбәлдің басты ерекшеліктерінің бірі – Құранды жатқа біліп, тамаша әуезбен оқуында еді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Құранды мына төртеуінен: Абдуллаһ ибн Мәсғұт, Үбәй ибн Кағб, Муаз ибн Жәбәл және Әбу Һузәйфәдан үйреніңдер”, - деп бұл ерекшелігін атап кеткен. Ол Пайғамбарымыздың дәуірінде Құран Кәрімнің жинастырылуына көп еңбек сіңірді.
Әділетті төрт Халифаның бірі Осман ибн Аффанның (р.а.) да ең сүйікті амалы Құран оқу еді. Әрдайым Құранға жақын болуға тырысатын. Әдептілік, ар-ұят және жақсылықтың үлгісі, үшінші халифа шейіт болмастан бір күн бұрын түсінде Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкір мен Омарды көрді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: “Біз ораза ұстадық, сені де ауыз ашарға күтеміз”, – деді. Оянғаннан кейін Осман (р.а.) сол түні ораза ұстауға ниет етті. Қуанышы қойнына сыймады. Өйткені, Аллаға және Пайғамбарға қауышудың мезгілі жеткен еді. Күн жұма. Құран оқи бастады. Бүлікшілердің бірнешеуі тап осы сәтте ішке кіріп, хазірет Османды шейіт қылды. Османның қаны оқып отырған Құранға тамды. Осылайша Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келешекке байланысты айтқан бір мұғжизасының құпиясы ашылды. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Османның (р.а.) нақақ қаны төгіліп жазықсыз өлтірілетіндігін күні бұрын айтқан еді. Қорыта айтқанда бүкіл сахабалар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Сендердің ең жақсыларың - Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің", - деген хадисіне сөзімен де ісімен де амал еткен жандар еді. Алла Тағала сізбен бізді де Құранға ынтық құлдарының қатарынан еткей!
Дабылов Қайрат Базарбайұлы
Жетісу аудандық Әл-Мәдина мешітінің ұстазы