САХАБАЛАР АРАСЫНДАҒЫ ӘЗІЛ
Имам Тахауи (р.а.) ақида еңбегінде: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабаларын жақсы көреміз. Ешбіріне сүйіспеншілігіміз шектен тыс емес. Оларды жек көретіндерді және олар жайлы жақсы айтпайтындарды біз де жек көреміз. Сахабалар жайлы тек жақсы сөз айтамыз. Оларды жақсы көру – дін, иман һәм ихсан. Ал, жек көру – күпірлік, екіжүзділік және шектен шығу» деп мұсылманның сахабаларға қатысты ұстанымын жазған.
Әрине, бұл ұстанымның негізі Құран мен хадисте жатыр. Ата-бабамыздың балаларына Әбу Бәкір Кердері, Ғұмар Қараш, Оспан, Әли, Мұртаза, Садуақас сынды есімдерді қоюы сахабаларға деген сүйіспеншіліктен болса керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ансар сахабалар жөнінде: «Тек мүмін ғана оларды жақсы көреді және тек екіжүзді адам ғана жек көреді. Оларды жақсы көргенді Алла жақсы көреді. Оларды жек көргенді Алла жек көреді[1]» деген.
Амрұлы Нұғайман ансарлық сахаба еді. Ардақты пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) Бадр және Ухудтан бастап барлық ғазауаттарға қатысқан батыл да батыр ер еді[2]. Сонымен қатар, өткір әзіл мен қалжыңға жақын кісі болатын. Мәдина шаһарына келсе жеміс-жидек сатып алып, онысын пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әкеліп: «Бұл сізге арнаған сыйлығым», – дейтін. Иесі ақшасын сұрап келсе, оны пайғамбарымызға ертіп апарып: «Мына кісіге жемістің ақшасын бере салыңыз», – дейді екен. «Бұл маған берген сыйлығың емес пе еді?» – десе: «Уаллаһи, қалтамда ақшам жоқ еді. Бірақ сіз жесе екен деп алғанмын», – деп зілсіз әзіл ететін. Әзілі өзіне жарасып тұратын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да күліп отырып, саудагерге ақшасын беріңдер дейтін.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір бәдәуи келеді. Түйесін аулаға шөктіріп, ішке кіріп кеткен. Нұғайманның сырын білетін біраз сахаба: «Мынаны сойсаң, ет жейтін едік», – дейді. Нұғайман да ләм-мим демей түйені бауыздайды да, өзі ортадан ғайып болады. Түйесінен айырылған бейшара: «Уа, Мұхаммед! Бауыздап кетті!» – деп байбалам салады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұны кім істеді?» – дегенде отырғандар: «Нұғайман», – десті бірауыздан.
Оны табыңдар деп адам жібереді. Сөйтсе, Зұбайырқызы Дабәғаның ауласына кіріп, терең қазылған жертөлеге жасырынып отыр екен. Пайғамбарымыз барып: «Бұлай етуіңе не итермеледі?» – деп жай сұрады. Үсті-басы шаң-шаң болып: «Уа, Алла елшісі! Сізге қайда тығылып отырғанымды нұсқағандар, маған бауызда деп қолқа салды», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның бет-жүзіндегі топырақты сүртіп отырып, күлкіге қарқ болады. Ал, түйенің иесіне құнын толық төлеп берген екен[3].
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей, Нұғайман сахабаның бұл қылығын басқа біреу істесе, жұрттың қабылдауы екіталай шығар. Ал оның әзілін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мақұлдайтындай еді. Өйткені, оның әзіл-қалжыңынан ешкім зардап көрмейтін.
Зардап көрмейді демейші, мынадай бір оқиға бар. Әбу Бәкір сауда-саттықпен Шам жеріне керуен бастап шығады. Нұғайман мен Сулайбит бин Хармала да бар еді. Екеуі де Бадр ғазауатына қатысқан сахаба. Сулайбит азық-түлікке жауапты. Қарны шұрқыраған Нұғайман талғажауға бірдеңе сұрап еді, Әбу Бәкір келмейінше болмайды деп тыйып тастады. Бұған ашуланған Нұғайман: «Сенің бір ашуыңа тимесем, қарап тұр», – дейді.
Жол үстінде бір ауылдан өтіп жатқанда Нұғайман сол жердің адамдарына: «Сататын құлым бар», – деп ұсыныс жасайды. Далада шаруаға жарайтын қызметші табу қиынның қиыны болғандықтан қуана келісіп кетті. Алыста тұрған Сулайбитті нұсқап: «Анау тұрған құлым. Бірақ, бір жайтты ескертейін. Тілі тым ұзын. Өзін құл емеспін, немере ағайынымын», – деп тұрып алады. Егер маған нанбасаңдар, келісімді осы жерден тоқтатайын. Құлымды маған қарсы айдап салмаңдар», – дейді төтесінен. «Ойбай, келістік. Сөзді көбейтпейік, сатып аламыз», – десті олар да.
Нұғайман он түйені алдына салып кете барды. «Құлдың» жаңа иелері келіп мән-жайды айтқанда төбесінен жай түскендей болған Сулайбит: «Мені мазақ етіп тұр, оның айтқанына сенбеңдер», – деп еді, олар ай-шайға қарамай: «Сенің сырыңды білеміз», – деп күшпен алып кетеді.
Шаруасын бітіріп оралған Әбу Бәкір болған оқиғаны естіп, ізін суытпай ауылға барып түйелерін қайтарып, Сулайбитті «құлдықтан» құтқарып алады. Керуен елге келгенде жұрт Нұғайманның «құл» сату оқиғасын естіп әбден күлді. Алла елшісі мен сахабалар бір жыл бойы айтып, күліп жүрді. Құл сату оқиғасы естеріне түссе күлкілерін тия алмай қалатын[4].
Міне, Нұғайман (р.а.) әзілі ерекше жан еді. Ауыр да қиын сәттерде жұртқа күлкі сыйлайтын жаны таза тұлға еді. Жалпы, Абдулла бин Омар (р.а.): «Мұхаммедтің сахабаларына тіл тигізбеңдер. Олардың бір сәттік табандылығы сендердің қырық жылдық құлшылықтарыңнан анағұрлым артық[5]», – деп сахабалардың әрекеттерін сынауға емес, үлгі етіп сабақ алу керектігін ескерткен екен.
Дереккөз: https://kazislam.kz/sahabalar-arasyndaghy-azil/
[1] Муслим
[2] Ибн Сағд
[3] Исаба, 5-том, Дар-фикр баспасы
[4] Ибн Сағд, Табақат. 3/494
[5] Ахмад