КӨКТЕ ПАРЫЗ БОЛҒАН ҚҰЛШЫЛЫҚ
Аса қамқор ерекше мейірімді Алла Тағаланың бастаймын. Алла Тағалаға мадақ, мақтаулар болсын. Адамзат баласына Алланың хақ жолын көрсеткен сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын.
Әлемдердің Раббысы болған Алла Тағала адамзат баласын осы өмірге сынақтан өткізу үшін жаратты. Себебі қасиетте Құранның Зарият сүресінің 56-аятында:
وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنْسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ
«Мен жындармен адамзатты тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» деген. Демек сынақтан өтуде адамзаттың ең негізгі миссиясы Жаратқан Раббымызды танып, Оған құлшылық ету және Оған серік қоспау.
Олай айтуға себеп: Адам атадан бастап, бүкіл өткен пайғамбарлар және соңғы пайғамбар Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін барлығы өз қауымдарына "бір Аллаға сиыныңдар, Оған серік қоспаңдар" деп, Хақ жолына шақырып өткен.
Жалпы құлшылықтың түрлері бар. Денемен жасалатын құлшылық ол намаз және мал-дүниемен жасалатын құлшылық. Белгілі бір нисап мөлшеріне мал-дүниесі жеткен адам соның зекетін лайықты адамдарға беру. Егер шамасы келсе қажылық құлшылығын жасау. Және денсаулыққа байланысты жасалатын құлшылық ол рамазан айында ораза тұту. Денсаулығың жарамаса фидия садақасын бер дейді. Ал осы аталғандардың ішінде намаз мал-дүниеге немесе денсаулыққа байланысты емес. Себебі "намазды тұрып оқи алмасаң отырып оқы оғанда шамаң келмесе жамбастап оқы, оған шамаң келмесе ишарамен оқы. Су таппасаң таяммуммен оқы" деп намазды қаза етпеу үшін сондай жеңілдіктер берілген. Бірақ намазды қаза етуге рұқсат жоқ. Демек осы жағдайларды ескере келе намаз өте маңызды құлшылық екенін білеміз. Қиямет күні неге зекет бермедің? десе, мал-дүнием белгілі нысап мөлшеріне жетпеді, неге қажылық жасамадың? десе, жағдайым келмеді, неге ораза тұтпадың? десе, денсаулығым жарамады деп айтсақ болады екен, егер шын мәнінде осы жағдайлар болып тұрса. Ал неге намаз оқымадың? дегенде, жоғарыда аталған сылтаулар намазға жүрмейді. Намазға әсіресе ерлер үшін жеңілдік немесе үзір жоқ.
Намаздың парыз болу уақыты ол Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түн исра және миғраж кеші. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әл-Харам мешітінен Ақса мешітіне түнгі сапар жасаған және жеті қат көкке көтерілген кеш. Себебі, қасиетті Құранда Исра сүресінің 1-аятында:
سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آَيَاتِنَا إِنَّه هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ
«Ғажайыптарымыздың кейбіреулерін көрсету үшін құлымыз (Мұхаммедті) Әл-Харам мешітінен (Меккеден) айналасына біздің шапағатымыз жауған әл-Ақса мешітіне бір-ақ түнде алып барған Алла кемшілік атаулыдан пәк (аса үстем тұр). Ақиқатын білер болсаңдар, Ол-Естуші әрі Көруші».(1)
Бұл оқиға Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мадина қаласына көшуден он сегіз ай бұрын болған.
Осы миғраж кезінде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш сый берілді.
1. Бес уақыт намаз парыз етілді.
2. Бақара сүресінің соңғы екі аяты (Әманар расул) уахи етілді.
3. Үмбетінен Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай үлкен күнә жасамағандар үшін кешірім жасалды.
Анас (р.а) риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исра кешінде елу уақыт намаз парыз етілді. Сосын қысқартылып, бес уақытқа түсті. Содан кейін, «Ей Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлбетте менің хұзырымда уәде өзгермейді. Әлбетте осы бес уақыт намазда елу уақыт намаздың (сауабы) бар» , деп мархамат етілді.(2)
Бес уақыт намазды шынайы ықыласымен оқыған адамға сол елу уақыт намаздың сауабы беріледі.
Намаздың тағы бір ерекшелігі уахилардың барлығы Жебірейіл (а.с) періште арқылы Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берілген болса, намаз тікелей Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жебірейіл (а.с) қатысуынсыз өзіне уахи етілген ұлық ғибадат.
Демек намаз ғибадаты миғражда парыз етілді осылай болу себепті ұлықта-маңызды ғибадат екенін білдіреді. Сондықтан намаз, момынның рухани миғражы болып есептеледі. Себебі, адам намаз оқығанда бір рахаттанып, көкке көтерілгендей болып, әрі жеңілдеген күй кешеді. Намаз - ұлық құлшылық. Күнделікті күйбең тіршілік адам баласының басын сан-саққа жүгіртеді. Ал, нәпсінің қалауы мен жалған дүние алдаған сәтте пендені көкке көтеретін оның намазы. Намаз-мұсылманның миғражы. Бес уақыт намаздың жеті қат аспанда парыз болуының сыры да осында жатыр. Алла Тағала Қасиетті Құранның Анкабут сүресінің 45-аятында:
اتْلُ مَا أُوحِيَ إِلَيْكَ مِنَ الْكِتَابِ وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ
«(Уа Мұхаммед) өзіңе уахи етілген (Құран) кітабындағы (аяттарды) оқып,халқыңа жеткіз және (беріле ұйып) намазыңды оқығын. Ақиқатын айтсақ намаз адамзат баласын жиіркенішті қылықтардан және арсыздықтан тыйып (тәрбиелейді). Әрине, Алланы осылай жиі-жиі еске алып тұру, бәріненде абзалырақ. Сендердің жасап жатқан барлық іс-әрекеттеріңді Алла біліп тұрады» делінген. (3)
Ал ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Қалай ойлайсындар, егер де сендердің біреулеріңнің есіктеріңнің алдында өзен ағып жатса әрі ол оған күн сайын бес уақыт жуынатын болса, оның бойында кір қала ма?», - деп сұрайды. Сахабалар: «Жоқ, оның ешбір кірі қалмайды»,- деп жауап береді. Сонда ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намаз да тура сол секілді. Адамның істеген қателіктерін жуып-шаяды», - дейді. Әрі қияметте ең алғаш сұралатын амалдардың бірі - ол намаз екен. Намаз арқылы мұсылманның жүрегі тіріледі. Намаз пенденің Раббысымен тікелей байланысы боп есептеледі.
Мәселен: Ибраһим (а.с) пайғамбар: رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلَاةِ وَمِنْ ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ
«Жаратқтан ием! Мені және менің ұрпақтарымның біраз бөлігін намазды толық орындайтындардан еткейсің! О, Раббымыз, менің тілегімді қабыл ете гөр!» (4) деп дұға жасаған. Осы аятты қарасаңыз, намаз құлшылығы Ибраһим пайғамбарды да (а.с.) бей-жай қалдырған жоқ. Әрі өзі намазын оқып соны ұрпақтары үшін де уайымдап өткен. Сөзімізді түйіндей келе көкте парыз болған құлшылық ол - намаз екен. Намазға немқұрайлы қарауға болмайды. Жаратқан Раббымыз өз дінінде қадамымызды мықты етіп, намазды кемеліне жеткізіп оқуды нәсіп етсін.
Бақытжан Смайлов
"Қарағайлы" мешітінің бас имамы
1-Исра сүресі 1-аят.
2-Шайх Мухаммад Содиқ Мухаммад Юсуф. Кифоя 1 намаз кітабы бабы 190-бет.
3- Анкабут сүресі 45-аят.
4- Ибраһим сүресі 40-аят.