ИСЛАМ - БЕЙБІТШІЛІК ӘРІ АМАНДЫҚ
Ақиқатында, мұсылман үмметі бүкіл басқа үмметтерге, халықтарға, ұлт-ұлыстарға керемет үлгі. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Сендер адамдар үшін шығарылған үмметтің ең қайырлысы болдыңдар: ізгілікке бұйырып, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға сенесіңдер. Кітап иелері (сендер сияқты) иман келтірсе, өздері үшін, сөзсіз, қайырлы болар еді. Олардың арасында мүміндер де бар, алайда олардың көпшілігі – пасықтар»,-деп баяндалған. («Имран» сүресі, 110-аят).
Ислам – бейбітшілік пен амандықтың кепілі. Шариғат адамзаттың бүгіні және болашағыда алдынан шығатын барлық мәселелерді майдан қыл суырғандай шешіп береді. Дінімізде зорлық-зомбылық, өзгеге қиянат деген атымен жоқ. Әділеттілік пен теңдік Исламның негізгі қағидаты. Асыл дініміздің мәмілегершілік, жақсы мінез-құлық һәм өнегесі насихат арқылы тарады. Бұл тұрғыда әрбір мұсылман Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі-өнеге тұтады.
Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды биік көркем мінез-құлқымен баурауы арқылы иманға жетеледі. Үндеген жақсылығы ең алдымен өз бойынан көрініс тапқан Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бітіспес дұшпандарының өздері мойындаған еді. Олар Исламды мойындамаса да, Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айрықша мінезі алдында бас иетін. Меккелік мүшіріктердің өзі оны «аманатшыл да сенімді Мұхаммед» деп атайтын.
Исламда татулық пен ынтымақ тақуалықтың сыңары. Бұл қасиеттер бір-бірінен еш ажырамайды. Құран Кәрімде: «Алладан қорқыңдар әрі өз араларыңды дұрыстаңдар», - деп әмір етілген («Әнфал» сүресі, 1-аят).
Жұбайлар арасында да, жалпы адамдар арасында да сөз жарасымдылығы, бәтуалы байламға тоқтап, ымыраға келу әрдайым аса қайырлы амал. Жаратқан Ием: «Татулық – қайырлы», - деп айтқан («Ниса» сүресі, 128-аят). Мұсылман қауымының бір қасиеті ретінде: «Олардың (мүміндердің) істері өзара кеңесумен атқарылады», - деп көрсеткен («Шура» сүресі, 38-аят).
Ислам – бейбітшілік әрі амандық. Мұсылман сәлем бергенде адамға амандық пен бейбітшілік тілеп амандасады. Қарым-қатынаста адамды мұсылман және басқа деп бөліп жармайды. Алланың пендесі, адамның баласы деген қағиданы ұстанады. Ал, иманына келсек, әр пенде Жаратушысының алдында өзі жауапты. Әрине, бұл Исламның құндылығы ешкімге насихатталмайды деген сөз емес. Бірақ, адамға еркінен тыс мәжбүрлік пен зорлық арқылы үгіттелмейді. Сондықтан, әрбір дін өкілімен мәмілегершілік шеңберінде түсініседі. Әрбір адам сенімін қастерлеп, басқалардың да сеніміне сыйластық танытуы азаматтық борышы. Құран Кәрімде: «Алла сендердің өздеріңмен дін үшін соғыспаған əрі үйлеріңнен шығармағандарға жақсылық жасауларыңа жəне оларға турашыл болуларыңа тыйым салмайды. Асылында, Алла турашылдарды жақсы көреді», – деп («Мумтахина» сүресі, 8-аят) өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді, сондай-ақ мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген. Алла Тағала мұсылмандарға өздеріне қарсы соғыспаған басқа дін өкілдерімен тату болуға үндейді.
Тіпті, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам дініне және жеке тұлғасына дұшпандық пиғылын еш жасырмай ашық түрде қарсылық әрекеттерін жасаған жауымен де ортақ мәміле таба білген. Асқан адамгершілігіне куә болған жаулары да Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асқан парасатына бас иген. Бұған Мекке мүшіріктерімен жасаған Худайбия келісімі дәлел.
Пайғамбарымыз (оған Алланың алауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғанда ең алғашқы қолға алған ісі шаһардағы яһуди мен мұсылмандардың ара-қатынасына тәртіп орнату болды. Діні бөлек бірақ бір шаһардың тұрғындарын өзара тату өмір сүру заңын құжатпен бекітті. Сонымен бірге, мешіт тұрғызды. Меккелік мұһәжір сахабалар мен жергілікті ансар сахабаларды бір-біріне ағайын-туыс етті.
Құдіреті шексіз Жаратушы соңғы Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберген. Құранда бұл жайында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп ғана жібердік», – деп («Әнбия» сүресі, 107-аят), сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда.
Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлем» сөзі көптеген аятта айтылуда. Өйткені, Құран ынтымақ пен бейбітшілікті баса насихаттайды.
Ислам ешбір жанды дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап алаламайды. Адамға адами тұрғыдан баға беріледі. Адам адамнан тақуалық, діндарлық қасиетімен ғана жоғары бола алады. Құран Кәрімде: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі», – деп («Хужурат» сүресі, 13-аят) бұйырса, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың бір, арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ардақтыларың – тақуаларың», – деген (Бұхари жеткізген).
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп, сауап таппайды. Керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзгелерді діннен үркіту емес. Дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар, Исламда: «Дінде зорлық жоқ», – деп әмір етілген («Бақара» сүресі, 256-аят).
Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайылықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл туралы: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар», - деп («Әнкабут» сүресі, 46-аят) ескертілген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында ерекше сабырлы еді. Мұны әрбір қадамы мен әрекетінен байқауға болады. Қоғамдағы мәселені шиеленістірмей, ымырамен шеше білу ауадай қажет дүние. Мәдина халқы арасында іріткі салушы мұнафықтар мен олардың сыбайластары жайлы өте жақсы білетін. Бірақ, мұны көпшілікке паш етпеген. Жариялау былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын.
Кемедегінің жаны бір. Қоғамдағы барлық адамның татулығы, ауызбіршілігі – елдегі бірлік пен тұрақтылықтың басты кепілі. Қазірде еліміздегі ұлтаралық, конфессияаралық татулық, ауызбіршілік Ислам дінінің асыл мұраттарымен, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сәйкес келеді.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет», бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ. Ұлтаралық келісім мен берекеге бастар бірліктің арқасында тұрмысымыз да жақсара түсуде.
Дана халқымыздың «Еркіндік қайда болса, елдік сонда, бірлік қайда болса, ерлік сонда» деген аталы сөзі бар, тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса, еліміз тарих төрінен табылары сөзсіз.
Бүгінде біз – әлем мойындаған, әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі, мақтан тұтар мәдениеті, лайықты салт-дәстүрі бар елміз. Келісім жоқ жерде бірлік жоқ. Ал бірлік болмаса, тірлік те жоқ. Қазақстанда дінаралық, ұлтаралық келісім ең жақсы үлгіде жүргізілуде. Сондықтан әлем елдері мемлекетімізден үлгі алуда, біз бұған қуанамыз. Бейбіт қоғамды одан әрі дамыту жолында жұмыла жұмыс жасау әрбір қазақстандық үшін маңызды. Оны санамызға серік етіп, жүрегімізбен ұғынуымыз керек.
Тұрақтылық негізі – татулық. Ал татулық кез келген елді, халықты тек жақсылық пен ынтымаққа, келісімге жетелейді. Ал тұрақсыздық құрдымға апарады. Қазақ халқының бойына сіңген дарқандық, мейірімділік пен қонақжайлылықтың арқасында елімізде сан түрлі ұлыстар бір шаңырақтың астында тату-тәтті тіршілік етіп келеді. Халқымыздың бойындағы бұл асыл қасиеттер мұсылманшылықтың кәусар бұлағынан нәр алған ата-бабаларымыздан дарыған.
Мұнара газеті №3